ҚҰРАН ЖӘНЕ ХАДИСТЕ СҮННЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

Сүннет – Құран кәріммен бірге алғанда Исламның қос діңгегінің бірі. Сүннет пен хадис болмаса, Исламды түсіну мүмкін емес. Ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз сөздері мен іс-әрекеттерінен және басқалардың да жасаған істері мен сөздерін мақұл-дауынан құралған сүннет Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуірінің өзінде адамдардың жүрегі мен жадына өшпестей болып жатталған еді. Сахабалар сүннетке асқан жауапкершілікпен қарап, толықтай мойынсұнған. Сүннетті ұстанып, сүннетке сай өмір сүрген. Сүннетті көздің қарашығындай қорғап, дәл сол қалпында таби-ғиндарға аманаттаған. Табиғиндар да өз дәуірлерінде түрлі бүлік пен іріткіге куә болғанымен, Исламның қос тірегі Құран мен сүннет негізінде тақуа өмір сүрген. Осындай пәк ортада мыңдаған үлкен имам-ғұламалар жетіліп шықты. Табиғиндар да құдды Құран тәрізді сүннетті қызғыштай қорып, дәл өз қалпында кейінгі ұрпаққа мұртын бұзбаған қалпы жеткізген. Міне, осы үш ұрпақ, яғни, сахабалар, табиғиндар және тәбәи-табиғиндар Пайғамбарымыздың өз айтуы бойынша өзінен кейін келетін адамдардың ең қайырлылары болып табылады[1].

Жабир ибн Абдуллаһ мынадай хадис жеткізеді:

Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

فَإِنَّ خَيْرَ الْحَدِيثِ كِتَابُ اللّٰهِ وَخَيْرُ الْهَدْىِ هَدْىُ مُحَمَّدٍ، وَشَرُّ اْلأُمُورِ مُحْدَثَاتُهَا وَكُلُّ بِدْعَةٍ ضَلاَلَةٌ

«Сөздердің ең қайырлысы – Аллаһтың кітабы Құран кәрім. Ұстанатын жолдардың ең қайырлысы – Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолы мен сүннеті. Ең жаман іс – сүннетке қайшы келетін кейіннен шығарылғандар (бидғат). Әрбір бидғат – адасушылық», – деген.[2]

Осы тұрғыдан өмірлік ұстаным болатын бірқатар қағидаға тоқталайық.

Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

كُلُّ أُمَّتِي يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ إِلاَّ مَنْ أَبَى. قَالُوا يَا رَسُولَ اللّٰهِ وَمَنْ يَأْبَى؟ قَالَ: مَنْ أَطَاعَنِي دَخَلَ الْجَنَّةَ وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ أَبَى

«Үмбетімнің ішінде жаннатқа кірмеу үшін қасарысатындардан басқаның барлығы жаннатқа кіреді», – дейді. «Жаннатқа кірмеу үшін қасарысатындар кімдер, уа, Аллаһтың елшісі?» – деп сұрағанда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Маған (менің жолыма) бағынғандар жаннатқа кіреді. Маған қарсы шыққандар жаннатқа кірмеу үшін қасарысқандар болмақ», – деп жауап береді.[3]

Аллаһ елшісі тағы бірде:

إِنَّمَا مَثَلِي وَمَثَلُ أُمَّتِي كَمَثَلِ رَجُلٍ اِسْتَوْقَدً نَاراً فَجَعَلَتِ الدَّوَابُّ وَالْفَرَاشُ يَقَعْنَ فِيهَا، فَأَنَا آخِذٌ بِحُجَزِكمْ وَأَنْتُمْ تَقَحَّمُونَ فِيهَ

«Үмбетім мен менің жағдайым от жаққан адамға ұқсайды. Мәселен, жан-жануарлар мен көбелектер отқа түсе бастайды. Мен (отқа түспеулерің үшін) етектеріңе жабысып, жібер-мей әлекпін. Ал, сендер отқа түсуге ұмтыласыңдар», – дейді.[4]

Тағы бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

لاَ أُلْفِيَنَّ أَحَدَكُمْ مُتَّكِئاً عَلَى أَرِيكَتِهِ يَأْتِيهِ اْلأَمْرُ مِنْ أَمْرِي مِمَّا أَمَرْتُ بِهِ أَوْ نَهَيْتُ عَنْهُ فَيَقُولُ لاَ نَدْرِي، مَا وَجَدْنَا فِي كِتَابِ اللّٰهِ اتَّبَعْنَاهُ

«Сендердің қандай да біреулерің орындығында, керіліп отырғанында әмірлерім мен тыйымдарым айтылғанда: «Біз мұны білмейміз. (Аллаһтың кітабы бар екенін білеміз, сүннет деген нәрсені білмейміз). Кітапта айтылғандардың барлығына мойынсұнамыз» дегенін естімейтін болайын», – деп ескерткен еді.[5]

Әбу Дәуіттің риуаятында жоғарыда аталған хадис-тің алдында Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

أَلاَ إِنِّي أُوتِيتُ الْكِتَابَ وَمِثْلَهُ مَعَهُ

«Байқаңдар! Күдіксіз, маған Кітап түсірілді және Кітаппен бірге дәл солай секілді нәрсе берілді» дегені айтылады. Бұл жерде «Кітаппен бірге дәл солай секілді нәрсе берілді» дегені сүннет болып табылады.

Тағы бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

فَإِنَّهُ مَنْ يَعِشْ مِنْكُمْ بَعْدِي فَسَيَرَى اخْتِلاَفاً كَثِيراً، فَعَلَيْكُمْ بِسُنَّتِي وَسُنَّةِ الْخُلَفَاءِ الرَّاشِدِينَ الْمَهْدِيِّينَ تَمَسَّكُوا بِهَا وَعَضُّوا عَلَيْهَا بِالنَّوَاجِذِ، وَإِيَّاكُمْ وَمُحْدَثَاتِ اْلأُمُورِ، فَإِنَّ كُلَُّ مُحْدَثَةٍ بِدْعَةٌ وَكُلُّ بِدْعَةٍ ضَلاَلَةٌ

«Менен кейін өмір сүретіндер талай алауыздық пен бүлікті, төңкерістерді көреді. Сендерге сүннетімді және тура жолды ұстанған Рашид халифалардың жолын (сүннетін) үлгі етемін. Сендер менің сүннетім мен рашид халифаларымның жолын берік ұстаныңдар! Абайлаңдар! Кейіннен шығарылған (бидғат) істерден сақтаныңдар. Өйткені, әрбір кейіннен шығарылған іс – бидғат, әрбір бидғат – адасушылық (далалат) болып табылады», – дейді.[6]

Сонымен қатар, кейбіреулер Ибн Мажәнің орнына «Кутубу ситтә» атты хадис кітабы жинағына енген Имам Мәліктің «Муатта» атты кітабында Аллаһ елші-сінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)

تَرَكْتُ فِيكُمْ أَمْرَيْنِ لَنْ تَضِلُّوا مَا تمَسََّكْتُمْ بِهِمَا: كِتَابَ اللّٰهِ وَسُنَّةَ نَبِيِّهِ

«Сендерге екі нәрсе тастап барамын. Осыларды берік ұстансаңдар, ешқашан адаспайсыңдар. Бұлар – Аллаһтың кітабы (Құран) және пайғамбарының сүннеті»[7] дегенін айтады.

Сүннет Аллаһтың және пайғамбарының назарында осыншалықты маңызды болып саналады. Ақиқат жол осы болса, ориенталистердің шашбауын көтеріп жүр-гендерге мынадай сауал тастауға тура келеді: он төрт ғасыр бойы мұсылмандарға жол көрсетумен келген, ақиқаттың қайнар бастауы, Пайғамбарға және Аллаһқа ұластыратын көпір міндетін атқаратын Құран кәрім сынды ұрпақтан ұрпаққа, ауызша және жазбаша аманат болып жетіп, күні бүгінгі дейін дін-аман келген Аллаһ елшісінің сүннетіне қара күйе жақпақ болғандарға, бір ауыз арабша білмесе де Құранның аудармасымен барлық мәселенің «шешімін таппақ» болғандарға Құран кәрімде сұралғандай

فَأَيْنَ تَذْهَبُون

«Қайда кетіп барасыздар?»[8] демекпін.


[1] Бұхари, Фәдәилул-асхаб 1; Фәдәйлус-сахаба 210-212;
[2] Мүслим, Жума 43; Нәсәи, Ийдәйн 22; Ибн Мажә, Муқаддимә 7.
[3] Бұхари, Иғтисам 2; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/361;
[4] Бұхари, Риқақ 26; Мүслим, Фәдәйл 17-18;
[5] Тирмизи, Илм 10; Әбу Дәуіт, Сүннет 5; Ибн Мажә, Муқаддимә 2;
[6] Тирмизи, Илм 16; Әбу Дәуіт, Сүннет 5; Ибн Мажә, Муқаддимә 6;
[7] Муатта, Қадар 3;
[8] «Тәкуир» сүресі, 81/26