Фетхуллаһ Гүлен және рухани тәрбие мәселесі

Фетхуллаһ Гүлен

Фетхуллаһ Гүлен адамға «күрделі жаратылыс иесі» деген жалпылама анықтама береді. Бұл анықтаманы ол биологиялық табиғаты дүниеге әлжуаз бола тұра ақылымен, сана-сезімімен, ерік-жігерімен, рухани танымымен кемелденіп, «рухани және материалдық болмысы арасында үйлесімділік орнап», тұлға ретінде қалыптасады деген оймен тереңдете түседі.

Енді адамның «ниеті дұрыс, кәміл адам» болуы үшін не қажет немесе не істеу керек? Гүлен бірнші орынға тәлім-тәрбиені қояды. Себебі «аң патшасы арыстан шеңгелді тырнақтарымен, ит сойдақ тістерімен дүниеге келеді, ал тәні жапырақ, жаны жалаңаш адам баласы болса, тіршілік етуіне қажетті игіліктерге еңбектеніп, қабілеттерін шыңдау арқылы қол жеткізуіне тура келеді, яғни жаратылысы осындай».[1]

Адам баласы өз ақылының арқасында әр түрлі материалдық және рухани байлықты жасайды, сонымен қатар оны болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдырып отырады. Егер адам осы құндылықтарды мұра ретінде қалдырмағанда ешқандай рухани мәдениет, дәстүр туралы айта алмас едік.

«Тарихқа көз жүгіртсек, әрдайым бір ұрпақ келесі бір ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне өздерін жауапты санап, мұны борышым деп білген. Осы тұрғыдан алғанда, алдыңғы ұрпақтың кейінгі буынға жасаған ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие».[2]

Қазіргі Қазақстанда ең өзекті және күрделі мәселелердің бірі жастарды рухани тәрбиелеу мәселесі болып отыр десек қателеспейміз. Себебі олар қоғамның көпжақты байланыстары мен қарым-қатынастарына енген тұтас бір бөлігі болып табылады. Барлық уақытта елдің болашағы жастармен байланыстырылып, олардан нақтылы үміт күтіледі. Сонымен қатар жастар қоғамдық санада моральдық үрей тудырудың қайнар көзі болатындығы да шындық. Жастар арасында адамгершілікке кереғар өрескел тәртіпсіздіктердің: түрлі бұзақылықтардың, әсіресе, ұрлықтың, зорлықтың, нашақорлықтың, араққа әуестік, жезөкшеліктің көбеюі осыған дәлел болып отыр.

Жастар мәселесін жалпы мемлекеттік мәселелерден бөлек қарастыруға болмайды. Сондықтан да жастардың психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың экономикалық жағдайын, өмір сүру образдары мен стилдерін, білім деңгейлері мен рухани ізденістерін зерттеуді жан-жақты қолға алу керек. Еліміздегі жастардың соңғы он жылдағы әлеуметтік-экономикалық тіршілігі, мәдениеттегі орны, саяси белсенділігі, діни дүниетанымдары туралы мәселелерді біраз авторлар ақпарат құралдарында, ғылыми-практикалық конференцияларда орынды көтеріп жатыр. Қазіргі жастардың еліне деген сүйіспеншілік сезімінің төмендігі, еңбекке, профессиональды мамандыққа деген ұмтылыстарының жоқтығы, жалпы жауапкершіліктерінің де аздығы ойландыратын мәселе. Нарықтық қатынастардың қоғам өміріне кіруімен қоса жастарымыздың әлеуметтік жағдайы нашарлап, жұмыссыздардың қатарына қосылуда. Жұмысы барларының тәжірибесі аздығынан еңбек ақысы төмен. Жастардың жанұя құруы және баланың дүниеге келуі қосымша материалдық және психологиялық қиындық әкеліп, нәтижесінде ажырасқан жанұя мен әкесіз бала қалып жатыр.

Аталған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік жастар саясаты біртіндеп жастардың әлеуметтік-мәдени қалыптасуы мен дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүмкіндіктер жасауды қолға алуда. Әйтсе де көңіл толмайтын жайттар баршылық. Ол жастардың рухани мәдениетіне байланысты мәселелер. Жалпы алғанда рухани тоқыраудың негізгі себебі әлеуметтік және материалдық жағдайға байланысты деп есептеледі. Бірақ адамзат тарихы небір қиын-қыстау кезеңдерде адамгершілік, мейрімділік, бауырмалдық, төзімділік, қанағат сияқты тағы да басқа адами құндылықтардың жоғары болғандығын дәлелдейді. Қазіргі жағдайда сол құндылықтарды неге дамыта түспеске? «Адамның өзін-өзі тануы -­ өзінің руханилығының тікелей интуициясы мен оның мәнін ашуы. Философия мен дін оның бұл қызметін көбінесе сана-сезім деп қарастырса, бұл мән арқылы соңғы немесе абсолютті шындықтың ашылуын адамның мәніне тікелей қатынас деп түсіндіреді... Шындығында, руханилық сана-сезімге басқа да қайнар көздер арқылы, мысалы, алған білім, салттар, әдет-ғұрыптар, үстемдік етуші наным-сенімдер арқылы беріледі».[3]

Кейбір авторлар Ресей отаршылдары мен социалистік отарлаушылдық шеңберінен босанған қазақ елі үшін Орта Азия елдерімен тіл табысып, біртұтас өмір кешуіне себепкер болатын аса маңызды фактор – мұсылман діні деп есептейді. Олар осындай кезеңдерде қазақ қоғамының Ислам дініне бой ұсынуы дәстүрлі қазақ мәдениетінің дамуына, ұлттық деңгейінің жоғарылауына мүмкіндік береді деп санайды.

Кезінде дін – адам санасын улайтын, жаңалыққа, ғылымға қарсы, барлық өзгерістердің, табыстардың бәрін құдай жасап отыр деп түсіндіретін, нағыз керітартпа, үстем таптың жоғын жоқтаушы, соның сойылын соғушы деген сипатта оқытылды. «...Мақсат неде? Бұл жерде мынандай мән бар. Болшивизм шын мәнінде ешқандай өзгеше тың идеология емес, ол да жаңа дін, жаңа идеология. Дәстүрлі діни идеологиядан айырмасы құдайды жоққа шығару. Бұл құдайсыз дін, тобырдың діні. Бірақ бұлайша іс өнбейтінін большевиктер өкімет билігін жеңіп алған соң бірден ұқты. Құдайдың орнын толтыру қажет болды. Содан большевиктік үгіт және насихат күшейтілді. Ленин құдай орнына пролетариат көсемі Марксті итермеледі, Сталин болса Ленин өлісімен, одан жаңа құдай жасауға тырысып бақты, мақсатына жетті. Ленин беделі жетпіс жыл ішінде бұрынғы өткен пайғамбарлардан әлдеқайда асып түсті. Егер Ленин кезінде құдайға сенуді түп-тамырымен жоймағанда мұндай жеңіске жету мүмкін емес-ті. Осындай саяси идеологиялық күрес заманында гуманизм шаңға көміліп қала берді»[4]. Ендігі кезде діннің қызметіне берілген теріс бағадан толық бас тарту керек. Бұндай көзқарастардың салдарынан ТМД елі халықтарының, соның ішінде Қазақстан халықтарының да бірнеше ұрпағы атеистік рухта тәрбиеленді. Олардың қоғамдағы дүниетанымдық көзқарастары, балаларына берген тәрбиелері жастардың рухани-мәдени ізденістері мен өмір-тіршіліктеріне біраз ықпал етті. Алайда қоғамдық өмірдегі өзгерістер қалың халық, бұқара топтарын қозғалысқа келтіріп, халықтың ұлттық сана-сезімінде елеулі өзгерістер туғызып, өзінің тарихтағы орнын табуға ынтасын оятты. Руханилық ұғымы жаңа мәнге ие болып, ал, ұлттық сана-сезім онымен ажырамас байланысқа ұласты. Рухани мәдениет дәстүрлеріне қызығушылық қатты артып, оның тарихи тағдыры мен дамуын теориялық ұғыну қажеттілігі пайда болды.

Ал, шындығына келсек, дін алғаш пайда болғаннан бастап, халықпен бірге өмір сүрді, оған көптеген пайдалы қызметтер атқарды. Қай дін болсын халықты адалдыққа, адамгершілікке, имандылыққа, татулыққа, шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа, достыққа шақырды, халықтың сауатын ашуға, мәдениетін көтеруге елеулі үлес қосты.

Ислам қазақ тарихында үнемі өркендеуші рөл атқарған. Ислам дінінің қазақ елі үшін жеке адам мен қоғамды түзететін, әлеуметтік бақытқа, шынайы бостандыққа және бірлік-татулыққа жеткізетін құрал, ізгі жол болатындығын қазақ ойшылдарының барлығы мойындады десек те қателеспейміз.

«Абайды мұқият қарап отырсақ, ол ислам дініне реформа жасау жағында болған. Оның дінге, мұсылманшылыққа көзқарасының негізінде адамшылық принциптері жатыр. Абайдың айтуынша адам дінге емес, дін адамға қызмет етуі керек»[5]. Кейбір зерттеуші – ғалымдардың пікірінше, ежелден көшпенділер басқа халықтардан рухани – психологиялық жағынан артығырақ болды. Себебі олар, негізінен, батыр, ер мінезді, жігерлі, сол сияқты, еркін ойлап – сөйлейтін, ар-намысын ақшаға сатпайтын асыл текті адамдардан құралды. Осындай табиғи қасиеттерге ислам руханияты келіп қосылғанда нұр үстіне нұр болып, тамаша нәтиже туды. Қазақ халқы исламды соқыр сеніммен емес, ақыл-ой елегінен өткізіп, жан-жүрегімен қабылдап, оны даналық, сопылық үлгісінде ұстанған. Ата-бабаларымыздың діни көзқарасы терең, діни мәдениеті өте жоғары ұлттардың қатарынан болғандығы енді ашылып жатыр. «Қазақстанның қазіргі жағдайында дін мәселесінде Ахмет Яссауи мұрасы төңірегінде болсақ сірә қателеспейміз. Өткені Иассауи ренессанстық тұлға. Оның мұрасында араб-парсы мен түркі мәдениеті тоғысқан. Иассауи өз шығармаларын араб әріпімен түрікше жазған. Дініміз ислам, сөзіміз түркі, бұл ғажап синтез».[6]

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері біздің елімізде ислам дінінің дамып, халық арасында қанат жаюына мүмкіндік жасалып отыр. Әлемде қаншама діндер бар. Олардың өздеріне тән сенім негіздері бар. Осы сенім негіздеріне жүгіне отырып, адамгершілік және әдептілік нормалары діни құндылық ретінде қалыптасады. Діни құндылықтардың таралуы әр елде, әр халықта әртүрлі. Себебі олар сол елдегі қоғамдық санаға, ондағы жергілікті халықтың дүниетанымына сәйкес келуіне, олардың әлеуметтік-рухани тілектері мен ізденістеріне байланысты. Жоғарыда айтып өткеніміздей ислам құндылықтары мен қазақ халқының діни-мәдени құндылықтарын біріктіретін ортақ иеялар өте көп. Сондықтан да жастарды тәрбиелеуде осы ислам іліміне, оның эстетикалық, этикалық нормаларының таралуына баса назар аударсақ біз рухани даму саласында біраз нәтижелерге жетеріміз сөзсіз.

Фетхуллаһ Гүленнің исламдағы иман негізі ең алдымен Аллаға сенумен басталады дейді. Алланы білу, тану, және оны жүрекпен растап, тілмен айтып, оған сену шарт. Мұны орындау арқылы мұсылман болып нағыз иманға қауышады.[7]

Исламдық тәрбие жастайынан баланың Аллаға сүйіспеншілігін арттырудан басталады. «Сүйіспеншілік –адам тұлғасының ең маңызды бөлігі. Бұл – кез келген күшті тойтарып, оны жеңе алатын ұлы қуат әрі толассыз нұр. Сүйіспеншілік адам жанын көктерге шарықтатып, оны мәңгілікке дайындайды. Сүйіспеншілік арқылы мәңгілікке қол жеткізгендер өзгелермен өз ләззатын бөліседі. Олар осы үшін бүкіл ғұмырын арнайды, кез келген қиындыққа төтеп бере алады»[8]. Сондықтан біз жастарға әр кездерде Алланың сүймейтін жайттарынан сақтанып, Ол жақсы көретін, ұнататын іс – әрекеттерді істеуге ұмтылдырып отыруымыз керек.

Сондай-ақ Құран бойынша ең кемел адамдар пайғамбарлар болып есептеледі. Олар Алладан алған уаһиді адамдарға жеткізеді. «Алла елшісі мейірімге шөлдегендерге мейірім сыйлады. Ол өз мейірімділігі арқылы адамдарды жәннатқа шақырды»[9]. Сондықтан да пайғамбарлардың өмірімен танысудың, үйренудің жастар үшін маңызы, олардың өмірінде алар орыны ерекше.

Қазіргі мұсылмандықты дәріптеуші Фетхуллаһ Гүлен сияқты ойшылдардың (Саййид Муджтаба Рукни Мусави Лари, Осман Нұри Топбаш, Сайид Мухаммад Хатами, және т.б.) барлығы жастарға пайғамбарларға сенуді үйрету, олардың бойында діни құндылықтарды қалыптастырудың ең оңайы деп есептейді. Өйткені олардың өмірімен танысу, олардың іс-әрекеттері мен басынан өткен оқиғалар өте әсерлі болады. Тәрбие әдістемесін жүргізгенде жастардың, балалардың есінде хикаяттар тез қалып қояды. Сонымен қатар қызықты жайттарды мұқият құлақ салып тыңдайды. Мектеп жасындағы балалар кітаптағы батырлардың, қаһармандардың оқиғаларынан ерекше әсер алады. Сондықтан Пайғамбарлар тарихын оқыту арқылы олардың тәрбиесін, мінез-құлқын да едәуір жоғары дәрежеге жеткізуге әбден болады. Мысалы, пайғамбарымыздың кішкене бала кезінде басынан өткізген оқиғаларын айтуға болады. Оның өмірінде, алдынан кездескен мәселелерге байланысты ұтымды шешім қабылдауы секілді ғибратқа толы іс-әрекеттері жастар үшін маңызды тәрбие. Мұхаммед пайғамбарымыздың жастарға деген мейірім-шапағаты, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету үлгісі, өнеге боларлық дәрежеде.

Ұлттық тәрбиеге келер болсақ, ата-бабаларымыз ата-ана мен баланың арасындағы тәрбиелік мәнге ерекше көңіл бөлген. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан діни тәрбие мен ұлттық тәрбиенің үндесуі.

Ата-аналар балаларын білімдар, пысық, еңбекқор еліне, халқына қызмет ететін азамат болсын деп тәрбиелейді. Тәрбие барлық жерде бірдей емес. Әйтсе де әрбір ата-ана өзінің баласының бойына жақсы қасиеттердің калыптасуын қалайды. Көркем – мінез, бұл әр халықтың армандайтын бағалы құндылығы. Қоғамдық өмірдің үндестікте дамуы үшін тек мемелекет заңына мойынсыну жеткілікті емес. Ортақ құндылықтар мен дәстүрлердің бірлесуі өте қажет. Басқаша айтатын болсақ адамгершілік құндылықтарды дамыту арқылы қоғамдық қатынастарды жетілдіре түсу керек. Бүкіл діндердің күнә деп есептеген нәрселерін, мемлекеттің заңы да құптамайды, жасаған ісіне сай жазаға тартады. Ал бірақ, діндердегі мейірімділік, өтірік айтпау, қонақжайлылық, қайрымдылық, құрмет тұту сияқты құндылықтарды мемлекет заңымен орындатуға болмайды. Мұндай қасиеттер Фетхуллаһ Гүлен айтқандай жастардың бойында тек тәрбиемен, діни сеніммен қалыптасатын құндылықтар болып табылады.

Қазіргі кезде біздің рухани өмірімізде газет-журнал, теледидар үлкен рөл атқаруда. Оларда көбінесе әр түрлі философиялық, кейде тіпті мистикалық әлем туралы, адам туралы көзқарастарды үгіттейді. Бұл қоғамның дамуына, әлеуметтік прогресске және әлемді ғылыми тұрғыда тануға кедергі болып отыр. Сондықтан да біз жастарымыздың рухани ізденістеріне, олардың білім алуына, діни тәрбиесіне, мәдениетінің дамуына ерекше көңіл бөліп, сол жолдағы ізденістерімізді жетілдіре беруіміз керек.

Әдебиет:
[1] Фетхуллаһ Гүлен. Руханият көктемі. Алматы: «Көкжиек-Б баспасы», 2010. – 5б.
[2] Бұл да сонда- 6б.
[3] Қудайбергенов Б.К. Социально-философские поиски духовности: традиции и современность. М., Издательство МГАП «Мир книги», 1995.-12б.
[4] Ғарифолла Есім. Сана болмысы (Саясат пен мәдениет туралы ойлар). Алматы, 1994.-168б.
[5] Ғарифолла Есім. Сана болмысы (Саясат пен мәдениет туралы ойлар). Екінші кітап. Алматы: Ғылым, 1996 -61б.
[6] Бұл да сонда- 63б.
[7] Фетхуллаһ Гүлен: очерктер-мақалалар-пікірлер. Алматы: «Көкжиек-Б баспасы», 2008. – 37б.
[8] Бұл да сонда - 42б.
[9] Бұл да сонда - 47б.

Қ. Борбасова, философия ғылымдарының кандидаты, доцент

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.