Фетхуллаһ Гүленнің «Руханият көктеміндегі» тарихи тұлға және адам болмысы мәселелері

Фетхуллаһ Гүлен

ХХ ғ. аяғы мен ХХІ ғ. басында бір-бірімен тығыз байланысқан біртұтас адамзат жаһандану үдерісін басынан өткізіп жатқан шағында әр ұлттың, әр халықтың бұл ғаламдық құбылысқа өз менін, өзіндік келбетін, ділі мен рухын қосуға талпынуы қиын болса да, өте қажетті процесс. Қазір кең етек алған батыстық мәдени үдерістер мен арзан қолды тұрпайы анайы өнер, кино туындылары бұқараны, әсіресе жас өспірімдерді көзсіз еліктеушіліктің құрбанына айналдырып отырған кезде ғалым-ойшылдардың ұлттық үрдістерге, мәдениет тарихына тереңдеп қарауы табиғи құбылыс. Жалпы түркі халықтарының, соның ішінде түріктер мен қазақ халықтарының тарихы шым-шытырық қайшылықтарға және әрқилы оқиғаларға толы екені белгілі. Сол тарихи кезеңдерде алуан түрлі тұлғалардың болғаны да белгілі. Айталық, әл-Фараби, Ибн Сина, Ж. Баласағұн, Ахмет Игунеки, Ахмет Иссауи есімдерін тек қазақ тарихына ғана байланысты атау әбестік болар еді, себебі ол жалпы түркі халықтарының рухани байлығы екені айқын. Ф. Гүлен бұл ғұламалар қатарына Мухаммед ибн Зәкәрия, ар-Разиді, Куфалық Жәбирді, әл-Баттаниді, Ибн Юнусті т.б. жұлдыздарды қосып атап, оларды өздерінің бағалы еңбектері мен өнегелі өмірі арқылы тек өз халықтарының рухани мәдениетіне ғана сүбелі үлес қосып қоймай, жалпы «Батыстық Ренессанстың басталуына» ықпалы болғанын атап көрсетеді [1]. Бұл пікірін Ф. Гүлен Хайдар Баммад, Джозеф Бертранд, Густав ле Бон сынды ойшылдардың еңбектеріне сүйеніп ҮІІІ-ІХ ғғ. ислам әлемінде ғылым-білімнің жұлдызы жанып тұрған алтын ғасыры еді дей келіп, ғалымдардың ғылыми ізденістері мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып, қоғамда абыройлы да қадірлі орын иеленген кезі болатын деген қорытынды жасайды. Осы пікірін дәлелдеу үшін Ф. Гүлен Аббаситтік билеуші Мамунның жердің шар тәріздес екендігін ғылыми жолмен дәлелдеу үшін мемлекет тарапынан арнайы зерттеулер жүргізуге көмектескенін айтады.

Ф. Гүлен өз халқын соншалықты жақсы көрген, оның болашағына үлкен ілтипатпен қараған гуманист ойшыл ретінде тарихи тұлғалардың жалпы адамзат мәдениетіне сіңірген еңбектері туралы ой-толғаныстарын сараптай келіп, түркі халықтарының бүгінгі таңда көштен қалған өркениетін қайта жаңарту үшін қара басын емес, қалың елдің зарын арқалаған азаматтар, нәпсінің құрығынан рухын азат еткен нағыз қаһарман қажет екенін айтып, болашақ ұрпаққа оптимизммен қарайды. Қиын қыстаулы кезеңді басынан өткерген белгілі ғалым-ойшыл, қоғам қайраткері Ф. Гүлен өз халқының тарихи шындығын түсіндіруге сарп етіп, ұлттық рухани құндылықтарын саралап, болашақ ұрпағымызға «... адамдық тәрбие беруде сәл кешеуілдейтін болсақ ... тарих алдында адам баласының тағылық пен азғындыққа ұрынуының тікелей жауаптысы мына біздер боламыз» [1, 10]. деп философиялық пайымдар жасайды. Біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз сияқты сұрақтар төңірегінде айланысып, түркі халықтарының ҮІІІ-ІХ ғғ. бастап «Гүлденген ислам мәдениетінің» тарихын саралайды. Қазіргі кезеңде түркі халықтары басқа мәдени үрдіс ықпалына түсіп кетпеу үшін өзіміздің дінімізді, ділімізді, рухани мәдениетімізді сақтап қана қоймай, оларды жалпы әлемдік мәдениет деңгейіне дейін көтеруіміз керек екенін баса айтады. Ал, оның бастауы, қайнар көзі ұлы ғұламалар әл-Фараби, Ибн Сина, Ж. Баласағұн, Ахмет Иссауилердің т.б. ғасырлар бойы жасаған ғылыми ізденістерінде, өнерінде жатыр. Ұлы ойшылдардың ізденістерінің жемісті, нәтижелі болуына бірден-бір себепкер болған тек антикалық философия мен сол кездегі алғашқы ғылыми жетістіктер ғана емес, сонымен бірге өркениетті өрге сүйреген ислам діні еді. Мұсылман ғұламалары барынша өздерінің ерік-жігерімен, ғылым-білімге құштарлығымен табиғат пен қоғамдық құбылыстарды жан-жақты зерттеп, ғылымды ислами құндылықтармен, діни әдістемемен тоғыстырып, әр қайсысы өз алдына жеке ғылыми сала болатын жаңаша ойлау, жаңаша өмір философиясы мен діни ілімнің іргесі қаланып, академиялық жүйе пайда болғанын айта келіп, Ф. Гүлен «Исламмен бірге адамдардың дүниетанымы, ой өрісі кеңіді» деген пікірді алға тартады. Себебі, Ф. Гүленнің пікірінше, ислам еркін оймен, азат пікірді ту етті, ақиқатқа құштарлықты дәріптеді, рухына дендей енген іздемпаздығы дамыл таптырмай жаңа белестерге жетеледі [1, 18]. Соншалықты тәуелсіз еркін ойлар кезінде адам рухын еріксіз баурап алса, қазір олар бізге жетіспейді деп күйзеледі Ф. Гүлен. Басқаның ығына ермес үшін, басқа ықпалдан ада болу үшін әр халық бір жағынан өзін-өзі басқарып отыру керек болса, екінші жағынан өзінің міндеті мен іс-әрекетіне толыққанды жауап бере алатын, борыш пен жауапкершілік сезімдері бірдей дамыған тұлға болуы қажет-ақ. Бұл тұлғалар ата-баба жолын қуып, олардың ғылымға, білімге деген құштарлығы мен іс-әрекеттерін жаңғыртып, ұлттық сана-сезімді оятуы қажет.

Бұл жердегі Ф. Гүленнің ұлт сана-сезімін ояту дегені – халықтың өзін-өзі сыйлауы, қадірлеуі, өз бағасын, өз орнын білуі сияқты жақсы құндылықтар негізінде әрбір тұлғаның бойында азаматтық, адамшылық қасиеттердің әр уақытта қажеттігі.

Еркіндік – адамшылық сипаттағы тұлғалық қасиеттер рухани байлығы мол, ішкі жан дүниесі сұлу адамдарға тән қасиеттер, ішкі жан дүниесі мен сыртқы іскерлігі бір-біріне сай келетін тұлғаларды тәрбиелеу оңай шаруа еместігі белгілі. Ол үшін қазіргі заман талабынан туындаған кәсіби біліммен қатар кешегі тарихымыздың ұлы тұлғаларынан нәр алып отыруымыз керек. Кәсіптік білім жастарды қоғамдық өмірдегі өз орнын табуға баулыса, тарихи тұлғалардың терең және жан-жақты ойлары олардың рухани дамуына негіз болады. Оларды рухани тәрбиелеу, дамыту дегеніміз – тұлғаның жан-дүниесінде ізгілікті, мейірімділікті, сыйластықты, қайырымдылықты, адамның жеке басының қадір-қасиетін сыйлауды т.б. кең көлемде өркендетіп, нығайту. Осындай адамгершілік өлшемдері бар тұлғалар ғана халқының қамын ойлаған, елі үшін бар өмірін сарп ететін ізгілік жаршылары бола алады.

Ф. Гүленнің максималарында бойкүйездік пен еркіндік, надандық, қараңғылықсөз болумен бірге ғылыми жетістіктер, еңбекқорлық пен адалдық, сабырлық пен төзімділік мәселелері қарастырылып, рухани құндылықтардың ішкі сыры мен қыры айқындалады. Осындай рухани өлшемдердің субъектісі де, объектісі де – адам, оның болмысы.

Ф. Гүлен адам болмысындағы руханилық және нәпсілік қырлардың ара-қатынасын қарастыра келіп, оларға тән құбылмалылық фактордың ішкі мәнін «альаиы-иллийн» және «әсфәлә-сифилин» ұғымдары арқылы әр адам болмысының рухани шарықтауы мен рухани құлдырауына бейім тұратын ерекшеліктерінен іздейді. Бір-бірімен байланысты бұл екі ұғым адам рухының шарықтауы мен құлдырауының ара-қатынасын көрсететін көрсеткіш секілді. Көп жағдайда адамдар олардың ара-қатынасына жалаң қарап, шарықтау бар жерде құлдырау жоқ деп, керісінше құлдырау бар жерде шарықтау жоқ деп түсінеді. Шындығында, құлдырау бір мезгілде құлдырау ғана емес, шарықтаудың бастамасы да, себебі Батыс мәдениетінің ықпалымен өз мәдениетінен жеріп, «ұлттық санаға сына қағып, сызат түсірген» келеңсіз жағдай, айналып келгенде, төл мәдениетті басқа деңгейде қайта жаңғыртуға мүмкіндік беретін алғашқы баспалдақ деп түсінген дұрыс. Демек, арзан қол бұқаралық санаға арналған тұрпайы, анайы өнер мен кино, мәдени үрдістер қыспаққа алған сайын, ұлт зиялылары ширығып, шынығып, ұлттық үрдістерге бет бұруы тереңдейді. Келеңсіз жағдай мен оның теріс салдарын тек рухани құлдырауға әкелетін жол деп қарау, жас батысшыл тәрбие алған зиялыларда халқына деген сүйіспеншілік жоқ, олардың бар біліктілігі баюға ғана бағытталған деген сөз болар еді. Ал, мұндай тұжырым жас зиялыларға байланысты тым қатал баға болары сөзсіз. Рухани шарықтау жағдайында, адамның ішкі дүниесі сабырлылық пен объективті шындықты қабылдау, тарихи тұлғаларымызға шынайы баға бере аламыз. Ал, кейбір жағдайда, бір жақты оң бағалаудың әсерінен, қазіргі болып жатқан құбылыстарды, өзгерістерді дұрыс түсініп, оларға объективті баға беру мүмкіндігінен айырылып қалуымыз да ғажап емес. Ал, бұл құбылыс, айналып келгенде, рухани құлдыраудың басы десек қателеспейміз.

Егер осы айтылғандарды руханилықтың іргетасын қалайтын нақты белгілер деп қарастырар болсақ, адам баласы рухани күйзелмес үшін, пайғамбарлар көрсеткен жолмен жүріп, мәңгілік өмірді мақсат етсе, не өзінің рухындағы адамгершілік құндылықтарын жарыққа шығара алса, не ізденіс барысында жүрегінің тереңіне бойлай алса, сана мен сезім астарындағы тылсым сырларды түйсіне алса және т.б. осылар сияқты адам табиғатының ерекшеліктерін басшылыққа алып «альайы-иллийнға» ұмтылса ғана адам рухани шарықтап өседі. Ал, тәннің тойымсыз тоғышарлығы төңірегінде ғұмыр кешкендер «әсфәлә-сифилинге» қарай құлдырай түседі. Ф. Гүленнің «адам баласының шынайы табиғаты өзінің жаратылуындағы мәніне қауышса ғана, оның рухани дүниесі ең биік асулардың өзін бағындыра алатын қабілетке ие болмақ» [16, 54]. Қазіргі қоғамдық құбылысты түсінуге бағытталған адам болмысының мәнін батыстық емес, исламдық тұрғыдан түсіну оны ізгілік, сүйіспеншілік, ғылым-білім, ұрпақ тәрбиесі, мейірімділік, ақиқатқа құштарлық сияқты ұғымдарды қазіргі заманның талабына сай жаңаша қарастыруға, жаңаша түсінуге итермелейді. Өкінішке орай, қазіргі түркі тілдес халықтары (соның ішінде түріктердің өзі де адамгершілік, руханилық тұрғысынан кері қалып, ғылым-технология жағынан озып кеткен Батыс мәдениетіне көзсіз еліктеп, үлкен көштен қалып тығырыққа тірелді. Материалдық игіліктерді ғана мұрат тұтқан «дамушы» елдер батыстық өркениеттің жетістіктерін пайдаланып тұрмыстарын жақсартып, байығанмен адамның рухани дүниесінің кемелденуі тұрғысынан алғанда, ілгері басып шарықтауынан гөрі рухани құлдырағанын байқаймыз. Бір кезде батыстық «достарымыз» ойлап тапқан батыстық мәдени экспансия дініміздің, тіліміздің, діліміздің тамырына балта шауып, ұлттық сана-сезімімізді рухани «әсфәлә-сифилин» жағдайына әкелетін құндылықтарды тықпалады. Батыстық мәдениеттен нәр алып, солардың сойылын соғып, шашбауын көтерген жергілікті зиялылар өздерінің мәнсіз-мағынасыз пікірлерімен, нәтижесіз істерімен халықты адастырып «тұтынушылық мәдениет» шеңберінен шыға алмай жүрген мәңгүрттікті дәріптеушілерді қазіргі кезеңнің қаһарманы етіп көрсетіп, әділдік пен әділеттіліктің ала жібін аттағандарды халық қамын ойлаушылар, қоғамдағы заңның әр әріпін сақтаушылар ретінде көрсетіп жүрген шенеуліктердің сөздерін, барынша бұқара санасына сіңіруге тырысуда. Ал, халықтың ой-пікірін, сана-сезімін тұңғиықтан шығарып, рухани таным-түсінігін кеңейту үшін ат салысып жүрген шынайы зиялылар, кезінде әлемді дүр сілкіндірген зерттеу мен ізденістерді өзгелерге үйретіп, еркін ойлау арқылы ақиқатқа жетуді дәріптеген, ғылым мен білімнің сан-саласында өз алдына мектептер қалыптастырып, академиялық жүйе құрған, аттары адамзат тарихында алтын әріппен жазылған ғұлама ойшылдардың асқақ рухы мен баға жетпес жетістіктерінің «ұмыт қалып жатқаны» туралы әлемге жар салып айтқаны үшін қуғын-сүргіннен көз ашпады. Осындай күйді басынан өткізген Ф. Гүлен «ертеректе қас-қабағымызды бағып, надандық пен қараңғылықтың шекпенін жамылған, біздің шаңымызға да ілесе алмаған ұлт пен ұлыстар, бүгінде ғылымға адалдығы мен еңбекқорлығы нәтижесінде қол жеткізген материалдық-технологиялық жетістігі арқылы біздің төбемізден қарайтын жағдайға жетті» - дей келіп, олар осындай жетістіктерге қалай қол жеткізді деп сауал қояды да, оған өзі олар «... күні кеше біз өткен жолдардан өтіп, біз асқан тауларды бағындыра білді» - деп жауап береді. Ойшылдың пікірінше, кезінде батыстық ренессанстың басталуына, ал қазір ғылым мен технологияның өркендей дамуына ислам мәдениетінің, соның ішінде түркітілдес халықтар мәдениетінің де, ықпалының зор болғанын атап өткен жөн. Себебі осындай асыл мұраны кейбір батыстық білім-тәрбие алған жас зиялылардың өз мәдениетінің асыл қорын мойындамауы өкінішті-ақ. Осындай керітатпа іс-әрекеттің кесірінен «өркениетімізді өрге сүйреп» алға жүрудің орнына, «көштен қалып» отырмыз деп реніш білдіреді Ф. Гүлен. Соған қарамастан, ол халқының болашағына оптимизммен қарап, өз зиялыларымыз дұрыс бағалай алмай отырған асыл-мұраны Хайдар Баммад, Джозеф Бертранд, Густав ле Бон сынды басқа жұрттың ақты-ақ, қараны қара деп әділ баға беретін ғалымдарының мойындап, «мұсылман ғұламаларының адамзат өркениеті мен мәдениетіне қосқан үлесінің қомақтылығы ғасырлар бойы мән-мағынасы мен құндылықтарын жоймайды, себебі олардың соны идеяларының батыс мәдениетіне, ғалымдарының өзгеше ойлау қабілеттеріне тигізген әсері әлі күнге дейін өздерінің өзектілігін көрсетіп отыр деген пікірлеріне ризашылықпен сілтеме жасайды. Шындығында да, әл-Фарабидің терең де, жан-жақты қарастырған ғылыми ізденістердің нәтижелері Ибн Синаның, Разидің медициналық ілімдері, Али ибн Жүністің, әл-Баттанидің астрономия саласындағы жетістіктері, алгебраның атасы саналатын әл-Жәбир т.б. ғылым тарихында өшпес із қалдырған, көптеген ғылым салаларының негізін қалаған ғұламалар екенін мақтанышпен айтуымыз керек.

Алайда, бір кездері бабаларымыз қалдырған асыл мұраларымыз, құндылықтарымыз неліктен ұмытылып, көштен қалып барамыз? Мұндай күйге не себептен тап болдық? Осы күйімізді ойласам қарным ашып, қабырғам қайысады. «Еңбексіз бейнетсіз, ішіп жегенге мәз тоғышарлардың айы оңынан туып тұр... Ел-жұрт рухани жұтқа ұшырады. Отбасының шаңырағы шайқалды. Үмбеттің алға бастар көсемдері қалмады...» деген Мехмет Акиф Ерсойдың қайғы мұңымен Ф. Гүленнің де пікірінің үндесіп жатқанын байқаймыз. Қазіргі адамның ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі құндылықтардан айырылуы келеңсіз жағдайға тап болуының себебі жаһандану үрдісі мен ақпараттық-технологиялық дамуда жатыр. Күн сайын теледидардың, интернеттің, газет-журналдардың неше түрлі азғындықты уағыздап, дәріптеуі адам, әсіресе жастар сана-сезімін улап, рухани құлдырауға әкелуде. Бұл тығырықтан шығар қандай жол бар? Осыны ойлап, шығар жол іздеген ізгілік жанашырлары жоқ емес, бар. Олар қара бастың қамын емес, елдің, халықтың намысын, жоғын жоқтаған азаматтар, «нәпсінің құрығынан рухын азат еткен нағыз қаһармандар». Демек, соңғы кезде халқымыздың ұлттық рухы оянып, төл мәдениетін қайта жаңғырту үшін әрі серпінді, әрі батыл қадамдарға баруы іштегі және сырттағы мысық тілеушілердің арам пиғылына тосқауыл қойды. Ендігі жерде ... болашақтың туын желбіретер қазіргі болаттай берік сенім мен мұқалмас ерік-жігер арқылы өз халқынның төл құндылықтарын жанындай қорғауы қажет» [1, 161-162].

Әдебиет:
[1] Ф. Гүлен. Руханият көктемі. А., 2010

Қ. Мухамбеталиев, философия ғылымдарының кандидаты, профессор
М. Аликбаева, философия ғылымдарының кандидаты

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.