Отбасы тәрбиесі

Мұқият көңіл бөліп, өзара келісіп алатын жайттарды жоғарыда атап өттік. «Қазіргі уақытта қалыптасқан жалпы жағдайға деген қандай пікірдесіз? Адам табиғатына жат қылықтарға деген көзқарасыңыз қалай? Адамгершілік құндылықтарды биік ұстау туралы не ойлайсыз?» деген т.б. сұрақтар арқылы бірталай мәселеге назарыңызды аударуға тырыстық.

Қазіргі әлемнің беталысына көңіліміз толмаса, қоғамдағы келеңсіздіктер жанымызды ауыртса, осындай күйге жеткізген жетесіздерге іштей қынжылсақ, онда алға тартар өз ұсыныстарымыз бен шешіміз қандай болмақ? Иә, бұлардың барлығын білу біз үшін маңызды.

Кейбіреулер намаз оқымауды немесе оған жеңіл-желпі қарауды, ораза ұстамауды немесе оны қиынсынуды, қалай болса солай көше кезіп сандалып жүруді еркіндік деп ұғатын болар. Алайда, иманды кісілер мұндай жағдайды рухани құлдыраудың көрінісі ретінде пайымдайды. Біз барлық мәселені Құран кәрімнің нұрлы кеңістігі аясында қарастырып, қасиетті қағидаларын басшылыққа ала отырып адым атсақ қана адаспаймыз. Сонда ғана адамгершілік құндылықтар мен азғындықтың, ізгі тәрбие мен тәрбиесіздіктің ара жігін анық ажырата аламыз.

Тәрбиенің алтын діңгегі – имандылық. Алайда тәлім-тәрбие тек жүректегі имандылықпен ғана шек-телмейді. Имандылық адамның күнделікті өмірімен біте қайнасып, ізгі амалмен ұштаспаса қасаң қағида қиялдағы ғажайып пікір ретінде ғана қала бермек. Мұндай жағдайда имандылық кісінің жеке басына, отбасылық және қоғамдық өміріне ешбір ықпалын тигізе алмайды. Шындығында иман – нұр әрі күш-қуаттың нақ өзі. Ал имансыздық – дәрменсіздік әрі таяздық. Шынайы иман амал арқылы көрініс табады. Имансыз адамның қоғам үшін пайдалы болуы мүмкін емес. Бола қалса да көзге түспейтіндей өте аз. Мәселен, Жаратушының барына сенбейтін, бірақ өзі арлы кісіні алып қарайық. Мұндай кісі рухани құндылықтардан мақұрым болғандықтан игі жақсылардың қатарына кіріп-кірмейтіні белгісіз, өйткені ізгі адам болуы иман мен рухани тереңдікке негізделеді. Иә, Аллаһқа, ақыретке, хашірге (қайта тірілу), Жұмақ пен Тозақтың бар екеніне сену – өмірімізге мән беріп, періштедей пәк өмірге ынталандыратын өте маңызды жайттар.

Жүрекпен сенген ақиқаттарды өмірде жүзеге асыра білу аса маңызды. Ақырет – пенденің дүниедегі әр ісі мен сөзі таразыға тартылатын «сот алаңы», бізді осында адам ретінде жаратып, ең тамаша бейне сыйлаған Аллаһқа шүкір етіп-етпегендігімізді анықтайтын, тиісті жауапқа тартатын орын. Дүниеде Хақ тағаланы танымаған, құдіретімен жаратқан қаншама өнер туындыларын көз алдына жайып салса да көргісі келмей басын алып қашқан, өзін қоршаған әлемдегі сан мыңдаған түстерге, түрлі дыбыстарға, айшықты ою-өрнектерге, әрқилы жүйелерге және т.б. көңілін тұмшалап, көзін жұмған меңіреу, түйсіксіз, жетесіз адамдар көп. Өкінішке қарай, олардың шектен тыс көбейіп бара жатқанын, мұның арты жақсылыққа апармайтынын аңғармаймыз. Аллаһ сенбейтіндер мен сенетіндер үшін хашір жасап, яғни оларды құдіретімен қайта тірілтіп, жұмағы мен тозағын әзірлейді. Тіршілігінде ұлы мұратты аңсап, асқақ арманмен ғұмыр кешкен көкірегі ояу, көзі ашық ізгі пенделерін жарылқайды. Бұл дүниеде адамдықтың ең биік шыңына шығып, абыройлы өмір сүрген оларды ақыретте де сол абыройынан айырмайды. Ізгі құлдарын уәде етілген Жұмақтарымен (адамның ойы тұрмақ үш ұйықтаса түсіне кірмеген) нұрлы шаттыққа бөлейді.

Иә, мүмин – осы жайттарды зерделеп, көңіліне мықтап түйген, өмірін бір жүйеге келтірген кісі. Осы себепті жеке адамда да, қоғамда да әуелі сенім (ақида) болуы қажет, сонда ғана иман күші тотыдайын түрленіп, мың құбылып сәт сайын жан-жаққа алып қашатын сезімдерді бір арнаға салып, тура бағыттан адастырмайды. Бірде сеніп, бірде сенбейтін тұрақсыз, кесіртке өңді құбылмалы жандардан құралған жанұяда да, қоғамда да жақсылық-опа болмайды. Мұндай қоғамды, осындай қоғамы бар елді берекелі, салиқалы ел деп айту қиын. Ертең таң атады деген адамның сөзіне қалай сенсек, біз де бұл дүниенің ертеңі болып саналатын о дүниеге баратынымызға дәл солай нық сенуіміз керек. Сонда ғана Аллаһқа жақын, қоғамға пайдалы кісі боламыз.

Иә, адамның еңбек етпесе бұратылып аш қалатынын уайымдайтыны секілді әрекет етпесе немесе сенімін іс жүзінде дәлелдемесе, Аллаһтың алдында ауыр жауапқа тартылатындығына шын көңілмен сенуі де өте маңызды. Жүректегі шынайы иман, осы иманнан қуат алған күш-жігер ғана адамды жақсылыққа, игі істер жасауға итермелейді. Адам Аллаһтың алдында ары таза, жүзі жарқын болуы үшін ғұмыр бойы басы жерге жеткенше иіліп тағзым етуі, яғни құлшылық міндетін атқаруы тиіс.

Осындай ізгілікті ту еткен адамдардан құралған отбасы жайлы арнайы тарауда сөз болады. Онда отбасына қатысты талай түйткіл тілге тиек етіліп, отбасы тәрбиесімен сусындайтын жасөспірімдер мен жастардың, жеткіншек ұрпақтың Ислам дінінің ең жоғары адамгершілік құндылықтарымен қалай сусындауы керектігі Құран кәрімнің аяттары мен Пайғамбарымыздың сүннеті негізінде қарастырылады.

Құран «Байлық пен бала – дүние сәні!»[1]> дейді. Расында, егер олар осы өмірдегі өз мұратынан тайқымаса, кісіні ақыретте де сауапқа кенелтеді. Аллаһ осы арқылы адамның көңіліне қуаныш, көкірегіне үміт сыйлайды. Оларды көзге сүйеніш, көңілге жұбаныш етеді. Адам бұл жалғандағы өзін қызықтыратын, көңілін жаулап, есін алатын нәрселерге қараған сайын еріксіз о дүниенің еселеп берілетін қызығы мен қуанышынан, баянды бақыты мен зор игілігінен үміт күтеді. Алайда өміріңізге мән беретін осы бір игі нығметтерге иман тұрғысынан, ақырет тұрғысынан мағына бере алмасаңыз, бақытты бола алмайсыз. Бақытты болған күннің өзінде запыран ішкендей беймаза ғұмыр кешесіз. Бала-шаға, немерелеріңіз, тірнектеп жиған дүниеңіз құтыңызды қашырып, мазаңызды кетіреді. Ал керісінше өткінші дүние қызығын мәңгілікке бастап апаратын жол үшін қамдасаңыз, Аллаһ тағала разы болар ізгі тәрбиемен сусындатып, тура жолға салсаңыз, тіккен әрбір көшетіңіз алып бәйтерекке айналғанын көресіз. Дүние тіршілігі аяқталғанда, о дүние пердесінің айқара ашылуымен жер бетіндегі тамылжыған сұлулық пен сән-салтанат қайта орнап, ол жақта да жалғасын табатын болады.

[1] «Кәһф» сүресі, 46-аят
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.