Үйленудегі негізгі ұстанымдар

а) Бисмиллаһ – барлық игі істің бастамасы.

Мұсылман кісінің шаңырақ көтеріп, отбасын құруы аса маңызды өмірлік іс болып саналады. Ізгілікті ту еткен мұндай отбасы реті келгенде ғибадат орны, реті келгенде мектеп, тіпті ұлтты рухани тұрғыдан ояту тұрғысынан «Бәйтуллаһ» қызметін де атқарады. Аллаһтың әмір-бұйрықтары мүлтіксіз орындалатын мұндай отбасылар қоғамның ұйытқысы рөлін атқарады.

Осы тұста назарларыңызды мына бір жайтқа аударғым келіп тұр. Біз тамақ ішерде «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» дейміз. Егер бұл сөз шын көңілмен айтылса, астың берекесі кіреді деп сенеміз. Тіпті арамыздан шын иланып, ол берекетке әркез куә болғандар да бар. Өйткені біз көпшілік істерімізде шайтанның жамандығынан сақтанып, Аллаһқа сыйынып, бізді қорғауын тілейміз. Ең ұяттысына дейін қай мәселеміз болмасын барлығында осы ұстанымдарға айрықша көңіл бөлеміз. Осылай Жаратқаннан жәрдем сұрау арқылы әрі шайтаннан сақтана жүріп дүниеге әкелген ұрпағымыздың жақсы, ізгі ұрпақ болатындығына сенеміз.

Осындай жәрдем тілеу мен жамандықтан сыйыну секілді болмашы көрінген істерді елемегендер кейіннен үлкен бір жамандыққа тап болғанда, оның қайдан келгенін біле алмай дал болады, оңбай ұрынады. Сол себепті түкке тұрғысыз боп көрінген кішкентай істің өзін елеусіз қалдырмау керек. Өзі жауапты барлық істерді атқарып, өзі тапсырып отырған емтиханның бүкіл шарттарын орындауы тиіс. Дін міндеттеген жауапкершілікті атқарарда өте сақ болып, мұқияттылық танытып, босаңсымауы тиіс.

Мәселен, көлік тұтқасын ұстап отырған жүргізушінің сәл босаңсимын деп аңдамай жіберіп алған қателігімен жол-көлік апатына ұшырап, орны толмас қасіретке ұшырауы мүмкін. Сол себепті, мүмин үнемі Аллаһқа арқа сүйеп, Аллаһқа сыйынып жүруі тиіс. Қарапайым болып көрінген некені де осындай түсінік шеңберінде қолға алған дұрыс. Иә, неке деген рухани жіп, кереметтігі – Жаратушымен байланысында. Осы себепті берекет күткен неке Аллаһ атымен жасалуы тиіс. Неке қию барысында дұға оқылып дін белгілеген ұстанымдар шеңберінде жүзеге асып, тіпті мәхір де тағайындап, болашаққа серт алынуы тиіс. Өз атымен қиылған некені Жасаған ие құтты әрі берекетті, баянды етеді. Ол – баянды болашақ пен жарасымды өмір сүрудің кепілі.

Бүгінгі таңда шаңырақ көтергендер арасында ажырасу өте көп, бұл үйленудің мәні қашқанын, берекесіздігі мен ымырасыздығын байқатады. Істің Аллаһ атымен басталмауы, мақсатсыз болуы, барлық нәрсенің тек тәндік ләззатқа негізделуі, адамдық құндылықтардың еленбеуі, отбасына қатысты батыстық жалаң ұстанымдардың көрінісі. Осындай келеңсіздіктер біздің қоғамға да өз салқынын тигізуде. Мұны жалпы жағдайдан аңғаруға болады. Хақ тағала өзі жар болғай!

ә) Жар таңдау

Үйленуге ниет еткен кісі ең алдымен өзінің ішкі жан дүниесіне сәйкес келетін жар таңдауы тиіс. Қазіргі кезде көптеген жастар осы бір өміршең мәселеге тек сезім тұрғысынан келіп, көшеде, кафеде, клубта кездескен кез-келген біреумен асығыс жанұя құруды көздейді. «Үйлену үшін не істеу керек? Болашақ сыңарыңды қалай таңдау керек?» деген маңызды сауалдарды елемей барып бас қосқандардың соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Қайта мәселеге жан-жақты қарап, шолу жасай алатын кісілердің де пікіріне құлақ асуына болар еді... Бұл оларға керісінше пайда әкелмесе зиянын тигізбейді.

Кейде сезімге салыну нәтижесінде құрылған отбасы оба жайпап кеткен, ойраны шыққан тамұққа айналуы мүмкін. Бізге діндарлығымен жақсы таныс кейбір кісілер осы мәселеге келгенде орашолақтық танытып, кейбір жайттарды ескермей шалыс басуы салдарынан тұтастай бір жанұяның берекесі қашып, ырың-жырыңнан көз ашпай жатады. Ондай жанұядан ұрыс-керіс, әрине, үзілмейді. Өйткені, отағасының діндарлығы әйеліне ұнамайды. Бұл жағдай керісінше болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың тіл табыса алмайтыны, екеуінің екі бөлек әлемде өмір сүретіні белгілі.

Мұндай жанұяда екі бөлек кітап, екі бөлек газет оқылады, екі бөлек әңгіме айтылады, екі бөлек кеңес құрылады. Әйел бір нәрсені қаласа, оны күйеуі жақтырмайды. Әйелі дінді айтса, иманды айтса, тәрбиені айтса, күйеуі оны жанжалға айналдырады. Мұндай сүреңсіз өмірді өмір деуге келе ме, келмей ме, белгісіз.

Осындай дау-жанжалдар кезінде үрпиіскен бала-шаға бір жаққа шығады, кейде екі арада қалып қояды. Соның кесірі балаларға тиіп, уақытында аз көңіл бөлінуі салдарынан бұзақы, қаніпезерлер өсуі мүмкін. Сол себепті үйленуге ниеті бар екі жас бұл мәселені терең ойлануы керек, қажет болса өмірлік тәжірибесі бар кісілермен ақылдасып, олардан өмірлік серігіңді қалай таңдау керектігін үйренудің еш әбестігі жоқ.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында былай дейді: «Әйелді төрт қасиетіне қарап алуға болады: дүниесіне, тектілігіне, әдемілігіне және діндарлығына. Бақытты болу үшін сен діндарын таңда»[1]>.

Таңдауда дін өте маңызды рөл атқарады. Егер сұлу әйел мен орташа көркі бар діндар әйелдің бірін таңдау еркі берілсе, тәрбиелі әрі діндарын таңдаған абзал. Иә, отбасылық өмір тек бұл дүниеге ғана тән нәрсе емес, ол балаларға, немерелерге жалғасатын, ақыретте де жұп жарастығы үзілмейтін мәңгілік құбылыс. Әсілі, жақсы жанұя жаннаттың кішігірім сарайына айналудың орнына, кейде сәл бір шәлкестікпен молаға айналып, ақыреттің бақытынан да қағады.

Осы себепті болашақ жар боларлық адамның іс-әрекетіне, әсіресе имандылығына міндетті түрде мән берілуі керек. Сенімінде (ақида) ақауы бар жігітке қызын берген адам кейін олардың арасында орын алуы мүмкін келіспеушіліктердің баршасына жауапты деген сөз. Бұл жағдай жігітке де қатысты. Жігіттің сенімі әлсіз болса, онда бұл мәселенің басы ашық: некенің баянсыз болғаны, өйткені отбасы берекесінің бір шарты – иман толық болуы тиіс. Аллаһқа сенбейтін, дін бұйрықтарына атүсті қарайтын жан бәрібір кісәпірлігін істейді. Ондайда неке сертіне қойылатын ең негізгі талап орындалмайды.

Атақ, даңқ, шен-шекпен, байлық, лауазымды негізге алып неке қию да дінге жат. Діни жолмен неке қимағандардың отбасында береке болмайды. Өйткені үйлену үшін ең әуелі кісінің имандылығына қарау керек. Діннің негізі шынайы сенімде жатыр. Ал иманы жоқ адаммен үйленуді былай қойғанда онымен бір шаңырақ астында тұру құбыжық пен құлдың бір астаудан су ішкеніндей сиықсыз әрі қорқынышты нәрсе. Ақыретте бір-бірінен безетіндердің бір шаңырақ астында тірлік кешуі ақылға сыймайды әрі көңілге де қонымсыз.

Бұл өлшемдер, әрине, діндар адамдарға, дін үкімдерін негізге алатындарға ғана қатысты. Мына тұсты тағы да баса айту керек, үйлену екі дүние бақытының да мызғымас тірегі, мұндай өте маңызды қадамды шалыс басқан адам екі дүниесінің де ойран-топырын шығарады деген сөз.

Бәрінен бұрын айналаңыздағы сізді қоршаған жандардың, бала-шағаларыңыздың діни сенімі төмен болса, онда сіздің сөзіңіздің өте қоюы тіптен қиын. Сырттай бір құдіретті күш қана сізге көмекке келіп, қателіктеріңіз бен шикіліктеріңізді түзеткендей бола қалса, оны сіз «Аллаһтың көмегі» деп біліңіз. Бірақ көп жағдайда іс дәл осылай бола бермейді.

б) Тәрбиелі ұрпақ өсіру

Ұрпақ өсіру үшін ата-ана балаға бірдей қамқорлық көрсетіп, бірдей әрекет еткені жөн. Бала тәрбиелеуге икемі жоқ, жауапкершіліктен басын алып-қашатын ананың, өз ұрпағының жай-күйімен шаруасы жоқ әкенің балалары ата-анасы бола тұра тірі жетімнің күнін кешеді.

Аллаһ берген мейірімділік, жанашырлық, мейірбандық, нәзіктік, сезімталдық қасиеттерін бойға сіңірген ана осы қасиеттерінің барлығын баласының адамгершілігі мол жақсы азамат болып өсіп-жетілуіне арнауы керек. Осы табиғатымен ондай ана әрі ұстаз, әрі тәрбиеші, әрі жол сілтеуші болып табылады. Оның ең маңызды міндеті – бала тәрбиелеу болуы керек.

«Шешесі мен баласының арасын айырғанды Аллаһ та қиямет күні сүйгендерінен айырады»[2] деген хадис ананың бала тәрбиесінде алабөтен рөл атқаратындығына ишарат етіп тұр.

Ана аялы алақанымен бауыр еті баласын айналып, толғанса, әке де өзінің табиғатына сай табанды, жігерлі, үнемі сақ әрі мұқияттылық танытуы керек. Әке саясатпен, басшылықпен, сауда-саттықпен, т.б. кәсіптік істермен айналысып, өз табиғатына сай жанұяның екінші жағын теңестіреді. Иә, ол өзінің күш-қуатымен, болмысының ерекшелігімен бөлекше істерге жаратылған. Ол қадым заманнан бері осындай ерекше жауапкершілікті арқалап келген. Орманға барып ағаш кесіп әкелуден бастап, пішен оруға дейін, арпа-бидай өсіруі бар, құрылыстар мен фабрикалардағы бүкіл ауыр жұмыстарды ер кісілер атқарып келген. Осындай ауыр істерге бар күш, ерік-жігерімен төтеп беретін ер кісі жанұядағы өз орнын білуі керек. Ол әйелдің істерімен айналысып әйелге айналмауы керек, әйелді ауыр жұмыстарға да салмауы керек.

Ер кісі күш-қайраттың адамы болғандықтан адамның алпыс екі тамырын иетін мейірім көрсете алмайды. Мейірім әйелдерде болатын терең қасиет, ол баласын тоғыз ай көтереді. Талай арпалыспен оны дүниеге әкеліп, мың бір қиындықпен оны өсіреді. Баласы түнде мазасызданса, дереу қасынан табылады. Жыласа, көкірегін тосып, бауырына басады. Табиғатындағы осы мейірімі арқылы ол баласы үшін етінен ет кесіп беруге бар. Бірінің орнын бірі жоқтатпайтын бір жағында әйел, екінші жағында еркек болып құрған жанұя әрқашан жұмақ сарайын еске түсіреді. Мұндайлар өздерінің өнегелі отбасымен келесі өмірдің бақытын елестеткендей болады.

Батыста ер кісі де, әйел де жұмыс істейді. Ондайда баланы не басқа біреу бағады, не балабақшаға тапсырады. Отбасында әкесі де, шешесі де жұмысбасты болғандықтан, балалар белгілі бір деңгейде жалғыз-сырап, қараусыз қалады. Әке-шешесі «Баламызға бізден де тәжірибелі кісілер қарайды» деп өздерін іштей жұбатады. Алайда бала анасының аялы алақанын аңсап тұрады.

Балабақшада баланың кірлеген жейдесі жуылар, тамағы уақытылы берілер, ауланы қызықтатып қыдыртар немесе саябақтарда қолынан жетелеп серуендетер, тәрбиешілер қолдарынан келген барлық қамқорлықты көрсетер, алайда олар баланың ата-анасындай бола алмайды, бәрібір бала үшін ең аяулы аналық мейірімді төге алмайды. Бала анасының еркелеткенін, әкесінің құшағын аңсайды. Ананың аялы мейірімі мен әкенің қатал әрі қамқор құшағын еш нәрсе алмастыра алмайды.

Ұсталық өнерді үйрену үшін шебердің қолына табысталған жас жеткіншек шәкіртті мысалға алайық: егер шебер мейірімсіз, шектен тыс қатал адам болса, шәкірт ұдайы ұстазынан сөгіс естісе, ол шәкірт те ұстазынан алыстап кете алмайды, тіпті өз ата-анасына да жылуы жоқ, мейірімсіз, қатал болып өсуі әбден мүмкін. Қатал адамдардың әлгіндей әрекеті өсіп қалған жастың жан дүниесіне кері әсерін тигізіп жатқанда, дүниеге келер-келместен жат адамдардың қолына апарып табысталған баланың жат кісілерден қандай тәрбие алатынын пайымдау қиын емес.

Үнемі бізге өзін Рахман әрі Рахымды етіп танытқан, Құран кәрімде тұп-тура жүз он төрт рет «бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп келуімен өзінің рақымды әрі рахман екенін білдірген Аллаһ осы құтты есімдері мен сипаттарын ананың бойына да дарытқан ба дерсің. Иә, Аллаһтың рахмандығы мен рахымдығының тіршілік атаулыға төгілгендігін ананың бар жан-тәнімен баланың асты-үстіне түсуінен, бағып-қағуынан байқағандаймыз. Мұндай ерекше қасиеттің орнын еш нәрсенің толтыра алмасы анық.

Жоғары білімді, ғылыми атаққа қол жеткізгендер арасынан экстремистік топтардың ығында кетіп, ата-анасын зар еңіреткен қатігез ұрпақ та шығып жатқаны белгілі. Алайда мұндай пікірді бетке ұстап, оқытпау керек еді деген ұстанымды да жақтамаймыз. Дегенмен балалардың өзіне де, қоғамға да қауіпті кездейсоқ күштердің жетегіне еріп кетуіне ешкім бөгет бола алмайды. Міне, осындай күтпеген келеңсіздіктер, ықтимал қауіп-қатерге жол бермеуде отбасы үлкен рөл атқарады. Ата-аналар отбасы арқылы оларды жамандықтан қорғауға көңіл бөлуі тиіс, балаларының тәлім-тәрбиесін басты мақсат тұтып, оның бүйректен сирақ шығарып, бұра тартуына жол бермеуі керек.

Қорыта келгенде айтпағымыз, ата-ана сезім-түйсігі жоғары, елін-жерін, дінін сүйетін ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін қолдан келгеннің барлығын жасауы тиіс. Оның санасы мен сезімін бірдей тәрбиелеген жөн. Егер ата-ана діндар, Құранды басшылыққа алатын, Исламға мойынсұнған жандар болса, онда иншаллаһ, балалары да саналы болып өсіп, ұлтының бағын ашары сөзсіз.

[1] Бұхари, Никах 15; Әбу Дәуіт, Никах 2; Нәсаи, Никах, 13; Ибни Мажә, Никах, 6.
[2] Хаким, Мүстәдрак, 2/55.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.