Өркениет

Өркениет – байлық, жалған сыпайылық, тән құмарын қанағаттандыру және нәпсінің азғындыққа салынуы емес. Ол – көңіл байлығы, рух нәзіктігі, терең парасаттылық пен өзгелерге деген құрметтен тұрады.

Шынайы өркениет – ғылым мен адамдықтың әрқашан жоғары деңгейінде орын алатын құбылыс. Сондықтан әр нәрсені тек ғылым тұрғысынан қарастырған Батыс өркениеті сал болып қалды, ғылым жолына да түсе алмай, тұйықталып қалған Шығыс өркениеті, қазіргі жағдайда жартылай тағылықтың құшағында. Болашақтың өркениеті – Батыстың ғылыми жетістіктерінің және Шығыстық сенім мен көркем мінездің бауырында гүл жарып, шешек атады.

Өнегелілік пен игілікке сүйенбеген, ақыл мен ар-ождан бұлағынан сусындамаған өркениет – адамзаттың бақытына емес, найсап нәпсінің жетегіне ерген ат төбеліндей топқа ғана қызмет ететін өтпелі салтанатты шеру. Оның жылан терісіндей жылтыраған сыртқы көрінісіне көңілі жіпсіген жандардың жағдайы неткен өкінішті!

Өркениетті тек табиғат ғылымдары мен түрлі жаратылыстану саласында көш ілгері кету, кеме, пойыз, ұшақ сияқты заманауи мүмкіндіктерге ие болу, кең даңғылдар мен зәулім үйлерде өмір сүруден тұрады деп ойламау керек. Иманды және тура адамдар үшін өркениеттің кейбір себептері ғана болып табылатын ғылыми-техникалық жетістіктерді өркениеттің нағыз өзі деп ойлау – алдану мен адасудың нақ өзі. 

Кісінің мәдениеттілігі – табиғатында әуел бастан бар жақсылықтардың ұрығын көктей солдырып алмай дамытып, өз кемістігін жою үшін табандылық танытып, екінші бір табиғатқа ие болуында. Санасыздар мен тән ләззатының бұғауынан құтыла алмаған бақытсыздар оны тән құмарлығының барлық түрінен «дәм тату» деп шолақ түсінеді.

Жабайы, мәдениетсіз халықтардың қанқұйлы, қатыгез, залым әрі тонаушы болатындығы мәлім. Бірақ олардың осындай екенін басқалар жақсы білгендіктен, олар аса қауіпті болып саналмайды. Ал, қырып-жойғыш қару-жарақтармен бақайшағына дейін қаруланып, кез келген сәтте қан төгудің жолдарын іздеген «мәдениетті» жабайыларға не деуге болады...!

Өркениетті қандай да бір ұлттың өзін танытуы деп түсінсек, бұл жалынды хұтбаның (көпшілік алдында айтылатын уағыз, насихат – аудармашы) құралдары сол халықтың ғылыми, жоғары адамдық және технологиялық жетістіктерінен болуы керек. Өйткені, қоғамдық тәрбие мен өнер түрлері өркениеттің пішінін қалыптастырады,  ал ахлақ оны көрнекілеп жеткізеді.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.