АДАМҒА БЕРІЛГЕН ТАҢДАУ ЕРКІ

1) Адамда таңдау еркі бар екенін растайтын дәлелдер
а) Істеген күнәларының азабын ұждан іштей  адамға сездіреді. Негізінде, адам көбіне істегендеріне күйініп, өкініштен өзегі өртенеді. Тіпті еркін өзіне бағындыра  алмаған адамдар осы себептен өз-өзін өлтіруге дейін барады. Егер адамның жеке ықтияры болмай, барлық нәрсені тағдырдың мәжбүрлеуімен істейтін болса, онда неліктен ар өртеніп азап шегеді, күнәларына күйініп өкінішпен жылайды? Әрі не үшін біреудің шамына тигеніңіз үшін қысылып, одан кешірім сұрайсыз? Бұлар өз қолыңызбен істегендеріңізді тікелей өз қалауыңызбен жүзеге асырғандығыңызды, өз мойныңызбен көтергеніңізді білдірмей ме?

ә) Сөз бен ісімізде еркіндік бар ма, жоқ па? Қалаған кезімізде аяқ-қолымызды, тілімізді қимылдата аламыз ба, әлде аяқ-қолымыз шынжырмен байлау-лы ма? Мойнымызға бұғалық салынған ба? Қимыл-қозғалыстарымызды солардан босанғанда ғана істейміз бе? Отырып-тұрып не ішіп-жегіміз келгенде яки Жаратушымызды разы ететіндей әлдене жасағымыз келгенде, жақсы болсын, жаман болсын, бізді мәжбүрлейтін біреу бар ма? Діни уағыз-насихат айтқанда, сөйлегенде өз еркімізбен айтамыз ба, әлде бізді мәжбүрлейтін біреу бар ма? Әсте, олай емес. Ешбіріміз біреудің ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүрген жоқпыз әрі біреудің басқаруымен жүретін робот немесе қуыршақ емеспіз.

б) Күдіктену, салыстыру, ойлану, таразылау және шешім қабылдау – бәрі де дербес қалауымыздың бар екенін көрсетеді. Жақсы достарымыздың бірі бізді бір жақсы жерге шақырып жатса және дәл сол сәтте пиғылы жаман біреу жаман жерге шақырып жатқан болса, онда мұндай жағдайда қайда баратынымызды ойланамыз, салыстырамыз, таңдап-талғаймыз және оның түпкі нәтижесіне қарай шешім қабылдаймыз. Дәл сол секілді күн сайын, бәлкім, жүз мәрте ішіміздегі періште мен шайтанның қақпайлауы мен азғыруына қарап шешім қабылдаймыз. Өйткені біз жел қайдан соқса солай қарай ұша жөнелетін жапырақ не ағыспен ағып кете баратын ағаштың жаңқасы емеспіз.

г) Істеген қылмысыңыз үшін айыптаушының алдында немесе сотта «Қайтейін, өз еркіммен істеген жоқпын ғой!» дей аласыз ба? Десеңіз де, бұған басқалардың көзін жеткізе аласыз ба? Егер, шындығында, солай болғанда, онда үкімет те, сот та, полиция да болмас еді ғой. Сөйтіп, өлгені бар, өлтіргені бар, айналамыз қаншама «тағдырдың құрбандарынан» аяқ алып жүргісіз болар еді ғой.
Негізінде, адамдардың ізгі қасиеттері, адамгершілігі және жақсылықтары, жаман мінез-құлқы мен нашар қылықтары; кінәсі жоқтары, айыптылары; адал еңбегімен тер төккендері, жатып ішерлері және өмір сатыларындағы түрлі мамандық, мінез-құлық, қызметі бойынша топ-топқа, лауазымдарға бөлінуі – бәрі әрбір адамның өз қалауымен өмірден орнын тапқанын  көрсетпей ме?

ғ) Тек жынды адамдар ғана істеген ісіне жауап бермейді, өйткені олар не істесе де өз еркімен істемейді. Сондықтан болар, біз олардың теріс қылығын жатырқап: «Бұл ақылды адамның істейтін тірлігі емес», – дейміз. Олай болса, бізді олардан айырып тұрған не? Ақылдының ісі қандай болмақ? Бір жағынан алып қарағанда, ақылымыз бен жүрегімізді, түйсігіміз бен еркімізді қолданбасақ, онда жынды адамның тірлігінен не айырмамыз бар? Байлық пен атақтың құлы болу нағыз есі ауысқандықтың белгісі емес пе? Қазіргі уақыттағы ұғым-түсініктердің шиеленісуінің нәтижесінде адамдар ақылды мен жындының тірлігін ажырата алмайтын халге түсті. Осы жерде Хасан Басридің мына бір сөзінің мағынасын тағы бір мәрте ойланған дұрыс па деймін: «Егер сіздер сахабаны көрсеңіздер, оларды «жынды», – деп айтар едіңіздер. Олар да сіздерді көрсе, «Бұлар мүмін емес!» – деген болар еді»[1].

д) Хайуандарда ақыл-ес, сана-сезім жоқ. Олар түйсікпен қимылдайды. Мысалы, ара Аллаһ тағала берген түйсікпен, яғни иләһи басқарумен ұяларын әрдайым алтыбұрыш түрінде жасайды, өйткені олардың өз еркі не басқаша қабілеті жоқ.

Кейде өз еркіңізден тыс қимылға баратын кездеріңіз болады. Санаңызды сан-саққа жетелеген шым-шытырық оймен үйден шығасыз. Пайғамбарымыздың үмбетінің қазіргі аянышты жағдайын ойлайсыз... Ертең өздерін күйдіретін күнәға батып жүрген кейіптеріне жаныңыз ашып, күйінесіз, қамығасыз. Жаңбыр құйып тұрса да, сіз оны елемей, қолшатырыңызды ашпастан ойға шомып кете бересіз. Тек бір уақытта су толған шұңқырға түсіп кетіп, аяғыңыз малмандай су болғанда немесе қасыңыздағы жолдасыңыздың барған сайын зорайған даусынан селт етіп қалың ойдың құрсауынан құтылып, есіңізді жиясыз. Құдды Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көбіне үмбетінің дертімен терең ойға шомып, басына қойылған ішек-қарынды, бет-жүзіне лақтырылған батпақты және тиген жұдырықтарды да қаперіне алмай тек қызы Фатиманың (р.а.) немесе досы Әбу Бәкірдің (р.а.) жылағандарын көргенде ғана барып: «Фатима, неге жыладың?» немесе «Ей, Әбу Бәкір, бұның не?» – деп таңдана сұрағаны секілді.

Өз ықтиярымызбен не істесек те іс-әрекеттеріміздің Аллаһ тағаланың ілімінен тысқары емес екенін, оларды тікелей Аллаһ тағаланың өзі жарататынын қайталап айтудың қажеті жоқ болар. Иә, аятта айтылғандай, бізді де, біздің ісімізді де жарататын – Аллаһ тағала[2].

2) Адамдағы жеке еріктің, дербес қалаудың мәні 
Негізінде, «таңдау еркі» – сырттайғы формасы жоқ адамдағы пейіл. Нақты көзбен көрілетін формасы болмағандықтан бар-жоғы белгісіз нәрсе деген сөз. Сондықтан сыртқы келбеті болмағандықтан, оған бар дей алмаймыз да. Мысалы, бас, қол және құлағымыз бар, өйткені бұлар жаратылған және сыртқы заттық тұрпаты бар. Ал сыртқы тұрпаты жоқ нәрселер, негізінде, бар болып саналмайды. Сондай-ақ, мысал ретінде, «Екі көзім бар», – дейміз. Өйткені олар жаратылған және бар. Бірақ үшінші тағы бір көздің бар екенін мойындамаймыз, өйткені жаратылмаған. Алайда сіз: «Менің сондай бір көзім бар: онымен екі көздің көргенінен де артық нәрселерді көремін», – дей аласыз. Осындай қызмет атқаратын бір ішкі көздің бар болуы мүмкін, дегенмен жаратылған бір сыртқы формасы болмағандықтан, оны «жоқ» деп айта аламыз. Соған байланысты, заты жоқ болғандықтан, біздегі ықтиярды «жоқ» дей аламыз. Дегенмен қызметі, міндеті мен нәтижесі ұдайы сезіліп тұратындықтан таңдау еркінің бар екенін адамға телу Аллаһ тағалаға ортақ қосқандықтан емес. Өйткені, Аллаһ тағала адамның қимыл-қозғалыстарын осы қалауына қарай жаратады.

Негізінде, адамның ықтияры өздігінен ештеңе тудыра алмайтын болмашы шарт қана. Оның мәні қандай болмасын, Аллаһ тағала оны өзінің ұлы және зор құдіреті үшін қарапайым шарт қылған. Таңдау еркі – өте кішкене, қарапайым және сыртқы әлемде жоқ болумен қатар, үлкен, жетілген және өзіне негізделіп жаратылған өте маңызды нәтижелердің де себебі.

Тұрғызылатын үйдің жоспары қағаз күйінде үстеліңіздің тартпасында жата берсе, оның ешбір пайдасы тимейді. Алайда тартпадан шығарылып, сол жоспар бойынша үй салына бастағанда не тұрғызылып біткенде, әлгі жоспар үлкен мән-маңызға ие болады, үйді тұрғызудың негізгі себепкеріне айналады. Дәл сол секілді, шартты түрде салыстыратын болсақ, адамның өз еркі де өте маңызды қызметтер жасалатын немесе көптеген жамандықтардың туындауына түрткі болатын үйдің барлық ерекшеліктері сызылған «жоспар» тәрізді. Ал осы жоспарға негіздеп үйді тұрғызатын негізгі себепкер – Аллаһ тағала. Алайда, Аллаһ тағала үйді салатын кезде пенденің өз еркіне қарайды. Осылайша сіздің еркіңіз түкке тұрмаса да Аллаһ тағаланың жаратуына кішігірім бір себеп болғандықтан, өте үлкен маңызға ие болады.

Иә, барлық нәрсені жарататын – Аллаһ тағала, бірақ жаратылыста ешқандай «абсолютті мәжбүрлік» жоқ, бәлкім, адамның өз қалауынан туындаған «шартты мәжбүрлік» бар деуге болады. Аллаһ тағала адамның қимыл-қозғалыстарын «жоспар» түріндегі өз қалауы бойынша жаратуда және оның қандай таңдау жасайтынын алдын-ала білгендіктен, жаратқан нәрселерін әу баста-ақ «Тағдыр кітабына» жазып қойған.

Үлкен сарайды жарықтандыру үшін, алдымен жан-жақты жетілдірілген электр жүйесін орнату керек. Алайда сарайды жарықтандыру үшін қарапайым шарт ретінде саусақпен түймені басу керек. Саусақ түймеге тимейінше, әлгі алып электр жүйесі бар бола тұра, сарайға жарық келмейді және оның қандай да бір маңызы болмайды. Міне, имандылыққа деген аздап пейілі болған адам көңіл сарайын нұрландыру үшін әлгі түймені басуы керек. Сонда ғана Аллаһ тағала өзінің қалауымен бүкіл лампаларды жағып, оны нұрлы өлкеге, яғни жұмаққа баратын жолға салады. Әрине, күпірге деген пейілі бар адамға да ниетіне қарай қарымы берілмек.

Қайыршы өзінің әлсіздігі мен мұқтаждығын алға тарта отырып, қайыршыға тән кейпімен Ұлы Патшаның құзырына шығатын болса, оның өтінішіне Ұлы Патша өз дәрежесіне сай жауап береді. Қайыршы осындай қарапайым бұйымтайымен өтініш білдіргенде, оған ерекше сый-сияпат көрсетіліп, ол жаратылыс әлеміне патша болып тағайындалады, әрі ақыреттегі мәңгілік өмірде де мына пәни өмірдің патшалары тәждерін оның қолынан алатын болады. Сонымен бірге, Ұлы Патшаның жәрдемімен ол адамның бір үрлегенде-ақ жұлдыздардың тарыдай шашылғанына, бір тамшы сумен телегей теңіздерге ие болғанына, бір тамшысымен-ақ жер бетінің бояуға малынғанына қарап, оның галактикалардың ар жағына сапар шеккенін көрсеңіз, таң қалмаңыз.

Демек, Аллаһтың «жалпы қалауы» пенделерінің жеке ықтиярына қарайды, ал адамдағы таңдау еркі де үлкен нәтижелердің жаратылуына қарапайым шарт болып табылады. Міне, көріп отырғанымыздай, адам тағдырдың айдауына жүретін құлы емес. Кейбір әдепсіздер айтып жүргендей «Тағдырдың ойыншығы, тағдырдан опық жеген» бейшара пенде емес. Сонымен бірге, айтуға құқығы болса да, адам өз еркімен бәрін өзім істедім дегендей астамшылыққа бармау керек. Өйткені адамның түкке тұрғысыз жеке еркі мен орасан зор нәтижелер арасында қандай да бір байланыс не сәйкестік жоқ. Неге десеңіз, кішкене түйменің алып сарайды жарықтандыруға немесе адамның галактикаларға саяхат етуіне қаншалықты ықпалы бар дейсіз? Олай болса, пайда болған істі жаратқан әрі кішкене себептерге ұлы нәтижелерді арқау еткен құдіретті Біреу бар. Біздің қалауымыз бен шамамызға лайық күшіміз болса да, жаратылыстағы көрмеге шығарылған көріністер ішінде бізге тиетін үлес оның миллионнан бірі де емес. Осы және осы сияқты бізге тегін тарту етілген сый-сияпаттарды санауға шамамыз жетпейді.[3] Аллаһ тағала бізден бізге тиесіліні және Оның өз үлесін бөлуді талап етсе, бірдеңені алмақ түгілі алақанымызды сипап, аузымызды қу шөппен сүртіп, отырып қалатынымыз анық.

 Мәселен, біз күн сайын жейтін нанымызды «Бұл қайдан келді және қайда кетеді?» – деп ойлап жатпаймыз. Тіпті оның дайын күйде алдымызға келуінде біздің қаншалықты үлесіміз бар екенін ойлап көрдік пе? Ең алдымен, сол бір үзім нан өсіп шыққан топырақты жоқтан бар жасаған және егуге дайын күйге келтірген кім? Топыраққа түскен бидай дәнін жаратқан, оны өсіп жетілдіретін, сабағында масақ өсіріп шығаратын және соңында нан боп шығуына себеп болатын алғышарттар: ауа, ылғал, бұлт, жаңбыр, жел, жылу және жарықты жаратқан кім? Тіпті дәннің топырақ астында өткізетін кезеңдерін, яғни топырақтағы өну процесін реттейтін кім? Сосын жерді жырту, егу, ору, өнім алу және дәнді өңдеп ұн жасау әрі одан нан пісіруді кім үйретті, күш-қуатты, қабілетті бізге кім берді? Үйренуге білуге, осы жұмыстардың бәрін жасауға керекті ақыл, ой, ми, сүйек пен бұлшық етті бізге сыйлаған кім? Бір үзім нанды ауызға салу, шайнау не денемізге дарыту үшін керекті қол, саусақ, тіс, без, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, ішек-қарын, ас безін, қысқаша айтқанда, бүкіл ағзамызды  жаратқан кім? Ол кімнің бұйрығымен жұмыс істейді? Тілге дәм сезу қабілетін берген кім? Әрі бізден хабарсыз берілген ашығу мен тою сезіміне адамдағы ерік пен күштің қандай қатысы бар? Сосын сол бір үзім нан мен дене арасындағы берік өмірлік байланысты реттейтін кім? Нанның қанға азық әрі жасушаларға нәр болудағы кешенді қасиеттері кімнің туындысы? Осылайша, бір үзім нанның пайда болуына жерден аспанға, суықтан ыстыққа, күннен басқа аспан жүйелеріне, жаңбырдан қарға дейінгі бүкіл жаратылыс әлемі бір-бірімен селбесу тигізу арқылы себеп болады және бұлар ағзамен жымдасып, бір бүтінге айналады. Сонда осыншама жан-жақты иләһи көмекпен дүниеге келген бір үзім нанның шығыны мен бағасы қанша? Мына өмірге келген-кеткен және келетін бүкіл адамзаттың байлығын жисақ, осы шығынды өтеуге жете ме? Осы құбылыстардың ішінде біздің үлесіміздің қаншалықты маңызды екенін, ауыз толтыратындай еңбегіміздің Аллаһ құдіретінің қасында неге тұратынын ойланып көрдік пе?

Бізге тарту етілген және әлі де тарту етілетін мұншама нығмет-ризықты қандай құлшылығымызбен өтей аламыз? Бір күндік аз ғана жалақы үшін сегіз сағат шаршап-шалдығып жұмыс істемейміз бе? Жер бетінде жүзімнің өзі емес, тек суреті бар болғанда, онда бүкіл адамзат болып күш-қуатымызды, қабілетімізді, бар байлығымызды ортаға салсақ, бір шоқ жүзімді жарата алар ма едік? Негізінде, Аллаһ тағала бүкіл нығметтерін тегіннен-тегін беріп жатыр. Сонда оның орнына не сұрайды? Мысалы, бір қап бидай үшін мың рәкат намаз оқуды әмір ете алатын еді. Сонда адамдар аштан өлмеу үшін осы әмірді бұлжытпай амалсыздан орындаған болар еді. Қуаңшылық кезеңдерде қырға шығып, тасаттық жасап, дұға етеміз. Егер жаңбырдың әр тамшысы үшін бір рәкат намаз оқу керек болғанда, миллиондаған рәкат намаз оқығаннан басқа қолымыздан не келер еді? Шөлде әбден қаталап кенезесі кепкен адам бір кесе суыңызды бір уыс алтынға сатып алмай ма?

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқандай,[4] ағзамыздағы әрбір буынға шүкіршілігімізді қалай өтей аламыз? Ауруханаларда дәрет сындыра алмаған, қол-аяғынан немесе көзінен айырылған адамдарды көріп жүрсіз. Осыларға қарап, денсаулықтың қадірін түсініп, қалайша шүкіршілік ету керектігін сіз ойлап көріңізші! Мүмін және мұсылман болудың, иманды кісілермен бірге болудың қадірін түсініп, қалайша шүкіршілік ету керектігімізді сіз ойланып көріңіз! Содан соң құлшылығыңызды толығымен жасай алмағаныңыз үшін өзіңізден есеп алыңыз да, «жұмақты тамашалау» деген үлкен нығметті ойға алып көріңіз! Осы нығметтердің барлығына Аллаһ тағаланың шексіз рақымымен, мейірімге зәру дәрменсіздігімізбен ғана қол жеткізіп отырмыз. [Иә, Жаратқан Ием, бізді Саған құлшылық етуден жырақтатпа, тура жолдан тайдырма және пайғамбарымыздың ізімен және сүннетімен жүруді нәсіп ете гөр! Әумин!

Шамасы, адамдағы ерік пен оған берілген көл-көсір нығмет арасында байланыс жоқ екені түсінікті болған шығар. Ақиқат осы бола тұра, Аллаһ тағала шексіз мейі-рімімен біздер үшін сан алуан себептер жаратқан және әлгі елеусіз, дербес қалауымызды жұмақты тарту етуге қарапайым ғана шарт еткен. Жалбарынып жыласаңыз ғана, Аллаһ тағаланың кешіріміне ие боласыз. Мәңгі бақи имандылықпен өмір сүруге ниет етіп: «Лә илаһә иллаллаһ»[5], – десеңіз, Аллаһ тағала да «Жәннатымды саған қидым», – дейді. Міне, тілге оңай, таразыда ауыр сөз бен пенденің жеке қалауы және оның нәтижесі!

Қорыта келгенде, адамға берілген таңдау еркі мынау дей алмасақ та, оның бар екені анық, дегенмен анықтамасы мен мән-маңызы бізге беймәлім пейілден тұрады. Сырт көзге көрінерлік және қолға ұстарлық пішіні болмаса да мұндай тылсым жайттың бар екені анық. Адам үшін мидың рөлі қаншалықты болса, рух үшін ерік те сондай болар.


[1] Әбу Нуайым, Һилиятул-әулия, 2/134.
[2] Саффат сүресі, 37/96.
[3] Қараңыз: Нахл сүресі, 16/18.
[4] Бұхари, Сулх 11; Жиһад 72, 128; Мүслім, Мүсәфирин 84; Зәкәт 56; Әбу Даууд, Татауу 12; Әдәб 160.
[5] Аллаһтан басқа құдай жоқ (ауд.).

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.