Құлшылықтың иләһи берекеті оның мінсіз орындалуына байланысты ма? Мәселен, «тағдил әркәнның» дұрыс орындалмауы рухани кемелдікке жетуге кедергі ме?

 Құлшылықтың иләһи берекеті оның мінсіз орындалуына байланысты ма? Мәселен,  «тағдил әркәнның»[1] дұрыс орындалмауы рухани кемелдікке жетуге кедергі ме?

Мұнда иләһи берекет «фәйіз» жайлы айтқаннан гөрі құлшылықтың ләззаты не ғибадаттан жанның жай табуы тұрғысынан сөз қозғаған жөн болар. Өйткені иләһи берекеттің, шын мәнінде «фәйіздің» не екендігін біз біле алмаймыз.

Осы дүниеде «Фәйіз» – адамның жүрегі мен рухани өміріне қатысты илаһи рақым, шарапат. Ал ақыреттегі мәні – пенденің жаннатқа қарай шарықтауы, Аллаһтың разылығына бөленуі және Жаратқанның жамалын көру мәртебесіне жету. Ендеше «фәйіз» сөзінің мәнін толық ұғынуға біздің санамыз жетпейді. Илаһи шарапат кейде жан дүниемізге саумал болып құйылып, самалдай желпіп, рухымызды баурап жатқан күннің өзінде біздің мұндай жағдайдан мүлдем бейхабар қалуымыз ғажап емес. Бәлкім осыны жан-жүрегімізбен сезінбеуіміздің өзі Хақ тағаланың бізге деген шарапаты болса керек. Өйткені Оның ең үлкен шарапаты – өзінің құлдарына деген рақымын фәни дүниеде сездірмеуі.

Мәселені осы тұрғыдан алсақ, кез келген ғибадатта иләһи берекеттің болатындығы жөнінде айта аламыз. Жаратқанның рақым қақпасының алдына үмітпен барған адамның қол қусырып, бос қайтуы мүмкін емес. Бірақ, адам ғибадатын тек жан рахаты үшін орындамауы қажет. Кейде жаныңыз күйзелген сәтте намаздың ләззәтын сезіне алмай оқисыз. Намазды бұлай оқығаныңызға сырттай көңіліңіз толмауы да мүмкін. Алайда, дәл осы намазыңыз ең абзал намаздарыңыздың бірі болуы да ықтимал. Өйткені сіз Аллаһ тағаланың құзырында ғибадаттан жаныңыз жай таппаса да, өзіңізді қинап болса да құлшылық етіп, мейлінше тырыстыңыз. Ғибадаттан рухани ләззәт алмағаныңызға қарамастан, Аллаһқа құлшылық ету ниетіңізде табандылық таныттыңыз. Аллаһқа шынайы құлшылықтың түпкі мәні де осында жатыр.

Аллаһ тағаланың: «Дұға етіңдер, жауап берейін» – деген уәдесін ескеріп, қандай жағдайда болсақ  та Жаратқанның қақпасын қағуды жалғастыра беруіміз қажет. Егер қандай да бір адам өмір бойы ғибадаттан ешбір ләззат алмағанына қарамастан, тауы шағылмай табандылық танытса, онда оны ғұмыр бойы Хақ тағалаға шынайы құлшылық еткен жан деп түсінеміз.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ғибадат рухани мәртебелерге қол жеткізу үшін орындалмайды. Сондықтан да жаннат үшін ғибадат еткендерді Жүнейд Бағдади «Жаннаттың құлдары» деп атаған. Ізгі амал мен ғибадаттың түпкі мақсаты – жәннәт емес. Ғибадат – Аллаһ тағала бұйырғандықтан әрі Оның разылығы үшін орындалады. Иә, құлшылықтың негізгі себебі – Аллаһтың қалауы. Жәһаннамнан қорқып, қалтырап, дірілдеп, үш бүктеліп құлшылық еткен жандарды «жәһәннамның құлдары» деген. Ендеше, Аллаһтың құлы қандай болуы керек? Адам ғибадатты жаннатқа деген сүйіспеншіліктен яки жаһаннамнан қорыққандығынан емес, Аллаһтың құлы әрі Оның  қалауы солай болғандықтан орындайды. Сонда ғана Жаратқанға ол нағыз құл болмақ.

Адам ғибадаттан алатын рухани һәм тәндік рахатты сезінбеген күннің өзінде намазын оқуға міндетті. Тіпті мұндай адамның көз жасын көлдете отырып құлшылық етуі – ол үшін берекет те, тіпті сынақ та болуы мүмкін, біз мұның хикметін біле алмаймыз. Иә, әрдайым көңілдің тізгінін тартып отырмаса, адамның көз жасын төгуі оған қатер төндіруі мүмкін. Өйткені жүрегінің түбінде не жатқаны беймәлім ғой. Тіпті мұндай тосын сый толығымен намазға берілген күннің өзінде күндердің бір күнінде Хақ тағалаға деген шынайы ықыласын жоғалтып алуы бек мүмкін. Аллаһ құзырына адам бүкіл пенделік тілектерін ұмытып, тек Соның разылығын көздеп баруы аса маңызды. Жаратқан бізге ықыластың асқар шыңына шығуды нәсіп етсін деп тілейік. Ал ел-жұртқа тым қарапайым, көріксіз көрінгенде тұрған дәнеме жоқ. Осыған байланысты ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһым! Мені жұрттың алдында ұлық, Өзіңнің алдыңда төмен ете көрме!», – деп дұға еткен. Жұрттың көзінше қол жетпес заңғар таудай көрінетін небір тұлғалар бар, бірақ олардың Аллаһ алдындағы абыройының көбелектің қанатындай да салмағы жоқ. Ең бастысы – Аллаһтың алдында қадірлі болу. Әрбір пенде осыны бір сәтке де естен шығармай, сәждеге бас қойып: «Аллаһым, мені өз есебімде барынша мүсәпір, бейшара етіп, ал Өз құзырыңда мүмкіндігінше ұлық ете гөр!», – деп дұға еткені абзал.

Айта кететін тағы бір мәселе, ғибадат барысында Аллаһ тағала рухани ләззат нәсіп етуі мүмкін. Жүрегін мендік сезімнен толықтай тазартып, тәухидтің шыңына жеткен талай ұлы тұлғалар бар. Олар қол жеткізген бүкіл игіліктерді Аллаһтың нәсіп еткенін айдан анық біледі. Сондықтан да осы ақиқатты жар салып айтуды Жаратушыға шүкір етудің белгісі деп санайды. Мысалы, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Хунейін соғысында топ жарып күндей күркіреп алға ұмтылғанда немере ағасының ұлы Харисә ибн Убәйда яки ағасы хазірет Аббас атының тізгінінен ұстап оны тоқтатуға тырысады. Бірақ ол арыстандай айбатына мініп, жауға қарсы жалғыз шаба жөнеледі. Атымен шауып бара жатып: «Мен пайғамбармын. Бұл жалған емес. Мен Әбдімүтталіптің немересімін. Бұл мақтаныш емес», – деп айғай салады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм), міне, осы сөздерді шын жүрегімен шүкірлік ретінде айтады. Басқа бір хадисінде: «Барша жұрт қайта тірілетін сәт келгенде мен «Лиуаул-хамдтың» (Ұлы байрақ) иесі болып қайта тірілемін», – дейді. Басқа бір хадисте: «Аллаһ маған өзге пайғамбарларға бермеген бес нәрсені берді», – дейді. Міне, осының бәрі Жаратқанның берген сыйына шүкір ету мақсатындағы оның жүрек жарды сөздері. Үстіне ғажап киім киген біреу: «Үстімдегі киім елде жоқ өзгеше сәнмен тігілген. Ол ол ма, бұл менің ажарымды ашып тұр. Бірақ мен мұны емес, маған осыны кім кидірді, сол туралы айтпақпын», – деген екен. Міне осы тұрғыдан Раббымыздың бізге сыйлаған нығметтерін жар сала айтудың ешқандай сөкеттігі жоқ. Тіпті бұларды жасыру құрметсіздік болмақ.

Бұл туралы бір Ислам  ғұламасы өзі жазған кітаптары туралы: «Жазылған сөздері ғажайып. Бірақ менікі емес. Өйткені олар Құранның аясында бүршік жарып, өркен жайды», – деген. Ол осы сөзін Хассан ибн Сәбиттің Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мадақтаған сөзінен алған. Ол сезімтал ақын болатын. Пайғамбарымыз оны қолдап: «Аллахума әийдһу би қуддус - рухил», «Уа, Аллаһым оны қасиетті рухпен желеп-жебей гөр!» – деп дұға ететін! Пайғамбарымыз Исламды мадақтап, Құранды жақтап, сиқырлы сөздерімен мүшріктердің сағын сындырғаны үшін оған мешіттің төрінен арнайы орын береді. Осындай айтулы құрмет нәсіп болған Хассан ибн Сәбит сол бір қылыштан да өткір сөздерімен кәпірлерге соққы беріп, мұсылмандарды сүйіндіріп, жігерлендіріп отырды. Бірде ол: «Уә мә мадахту Мухаммәдән би мақалати, Уә ләкин мадахту мақалати би Мухаммәдин», – дейді. Яғни «Мені өз сөздері арқылы хазірет Мұхаммедті мадақтауда деп ойламаңдар. Осы түкке тұрғысыз сөздерім Мұхаммедті мадақтау арқылы жауһар сөздерге айналуда» деген екен. Міне, бұл Хассан ибн Сәбиттің шүкіршілік сөздері. Бұл, Құранда Аллаһтың Пайғамбарымызға: «Хабибім! Сен Раббыңның өзіңе сыйлаған нығметін айт!», – деген әміріне толық сәйкес келеді. Бірде әзәзіл қылықты (Умму Жәмил) Пайғамбарымыз туралы: «Мұхаммедтің (Құдай сақтасын!) шайтаны енді қайтып келмейді», – дегенде, Аллаһ тағала елшісін жұбатып: «Раббың сені әсте тастамады. Раббың саған кейіген де жоқ. Хабибім ертеңің бүгіннен, ақыретің бұл дүниеден қайырлы болады», – дейді. Айтқандай-ақ, бүгінгі таңда адамзаттың бестен бірі Ислам дінін қабылдады. Күніне бес рет азан жаһанға жар салынатын болды. Шартарапта хазірет Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) байрағы желбіреді. Иә, «Дұха» сүресі осы жайтты сүйіншіледі, әрі мүшріктерге жауап берді. Бұл аятта: «Аллаһ сені әсте тастамады. Қайта шайтан олардың басына бәле болды. Аллаһтың саған нәсіп ететіндері соншалықты көп, сен дән риза боласың», – дейді. «Әл-ләйл» сүресінен «Дұха» сүресіне өтерде (негізінде екі сүре арасында өте тығыз байланыс бар) алдыңғы сүре: «Аллаһ сені дән риза етеді», – деп бітсе, келесі сүреде дереу «Аллаһ сені риза етеді», – дейді. Екі сүре де осы тұста бірізділікпен мәндеседі. Яғни осы дүниеде де, ақыретте де саған көп игілік сыйлайды, сені дән риза қылады. Бұл Мақшарда да, ақыретте де жалғасады. Аллаһ тағала оған: «Көтер басыңды, міне саған қалағаның берілді. Енді шапағат ет! Ешкімге берілмеген нәрсе саған берілді. Сол кезде саған «Хабибім, енді разымысың?», – деп сұралғанда, сен «Иә, разымын», – деп жауап қатасың. Ендеше, «Сен жетімге қатты сөз айтпа», «Тіленшіні де қума», «Раббыңның нығметін тоқтаусыз, толассыз айт!». Иә, осынау мүбәрәк үмбетіңе қарап шүкіршілік ет. Он төрт ғасыр өткеніне қарамастан артыңнан ілескендерге көз сал дегендей.

Мәдинадағы пайғамбар мешітіне кіргенде бейне бір Аллаһ елшісі жанымызда дін-аман жүргендей алабөтен сезімге бөленесің. Бейне бір алдыңнан шығып қарсы алатындай күйге енесің! Неткен ғажап! Неткен пәктік! Қанша дегенмен арада он төрт ғасыр өтті емес пе, ал ол болса әлі күнге дейін санамызға нұрын төгіп, жүрегімізде жаңғырып тұрғандай. Пайғамбарымызға деген бүгінгі құрмет – жүректегі мәңгілік сүйіспеншілігіміздің айғағы. Міне, осының бәрі Аллаһтың оған берген нығметтері болса керек. Хақ тағала оған нығметтерін жария етуді бұйырған. Ал ол жоғарыдағы сөздері арқылы шүкіршілігін білдірген-ді. Осындай ізгі ниетпен айтқан сөздерінің және бірінде: «Менің іңкәрім, құштарым – намаз», – деген. Бірақ Пайғамбарымыз ешқашан да намазын рухани ләззат үшін оқыған емес. Қайта бейне бір өзінен кейінгілерге осындай деңгейге жеткенше қажыр-қайрат көрсетіп, еңбек етіңдер дегенге саятын өсиет қалдырғандай.

Осыған қарамастан намазды «тағдил әркәнмен» оқу – көптеген ғұламалардың көзқарасы бойынша парыз. Ал Әбу Жүсіптен басқа ханафи мәзһабы ғұламаларының барлығы «тағдил әркәнды» уәжіп деп санаған.

«Тағдил әркән» – намаз рүкіндерінің асықпай баппен орындалуы және ағзадағы әрбір дене мүшесі қанағат тапқанша мұны жалғастыру. Бұл адам денесінің намаздағы хал-ахуалы. Осыны іске асырмай намаз толық болмайды. Меніңше, тағдил әркәнді парыз дегендердің көзқарасын ұстану анағұрлым пайдалы болмақ. Мұны айтқан ғұламалар өздерін толықтай Құранға арнаған, Құран мен сүннетті өмірлерінің айнымас салтына айналдырған ірі тұлғалар болғандықтан, ең абзалы, олардың өз арасында талас тудырған мұндай күрделі мәселелерге ықтияттылық таныту болмақ.

Сонымен  қатар   мұсылмандардың  құлшылық-тарына қарап баға бере алмаймыз. Тіпті: «Қажылығың босқа кетті, намазың жай жаттығу, түнгі құлшылық-тарың арқалаған жүк. Оразаң болса бар болғаны ашығудан өзге ештеңе емес» деген тәрізді сөздер мұсылманға жараспайтын қылық. Өйткені адам өз нәпсісін жазғырып, өзге мұсылман бауырларына үнемі қамқор болуы керек. Өзімізге қатысты: «Намазды жөнді оқи алмай, оның шарапатын сезіне алмай жүрмін. Намазым қабыл болды ма, жоқ па? т.б.» деп, әркез өзімізді есепке тартып, өзге мұсылмандар туралы үнемі ізгі ойда болуға тиістіміз. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) да, сахабалар мен табиғиндар да осылай ғұмыр кешкен. Олар ешқашан өзін өзгелерден артық санамаған. Кейде қолдарына тікен кірсе «жақсысын алып, жаманын таста» деген ұстаныммен өмір сүрген. Осындай абзал жандардың арасында Нұғайман деген кісі болды. Кейбір деректерде оның Бәдір шайқасына қатысқандығы жайлы айтылады. Ол ішімдіктің тиым салынғанына қарамастан қолдан шарап жасап, ішіп жүрген. Тіпті бірнеше мәрте Пайғамбарымыздан ескерту де алады. Бірде тағы да мас күйінде көзге түсіп қалып, Пайғамбарымыздың құзырында тұрды. Сол жердегілердің бірі оның бұл әдетін жақтырмай: «Аллаһ жазаңды бергір! Не деген антұрған адамсың. Осымен  нешінші  мәрте бұл жерге ұялмай келіп тұрсың», – деген тәрізді ауыр сөздер айтады. Бұны естігенде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Мұсылман бауырларыңды тілдеп, шайтанға көмекші болмаңдар! Оның азғындыққа салынуын шайтан қалағанымен, Аллаһ қаламайды», – деп әлгілерге ескерту жасайды. Және бір хадисінде: «Үндеме! Ол Аллаһ пен елшісін жақсы көреді», – деп Аллаһ пен елшісіне деген жүрегінде сүйіспеншілігі бар адамға қаншама сүрінгеніне қарамастан қолын созған. Мұның себебі, Нұғайман Аллаһ пен елшісін жақсы көретін. Аллаһ пен елшісі де өздерін сүйген жандарды жерге қаратпайды. Сондықтан да бұл мәселеде мейлінше абай болған дұрыс...

Аллаһ тағала жақсылық пен жамандықтың ара-салмағына қарай үкім береді. Бәріміз де Оның құзырына барамыз, сонда жан-жағымыздағы таудай болып үйілген күнәларымызды көреміз. Күнәларымыздың көптігінен үмітсіздікке салынып, болмашы деген қайырлы істерімізді термелеп, еске түсіре бастаймыз. «Бірде анама су беріп, әкемнің аяқ киімін кигізген едім. Иә, бір салиқалы адамның жаназасына қатысқаным да бар. Әлі есімде, екі сәжде арасында «Раббым, рақым етіп, кешіре гөр!» деген уақытта сол сөзді шын жүректен айтқан едім» деген секілді жайттарды еске алып, сонан соң, «Раббым! Осы амалдарым арқылы Сенің кешіріміңе бөленер ме екенмін?» деп үміттенеміз. Егер рақымы шексіз Жаратушы бізді кешірер болса: «Кешірім Саған неткен жарасымды еді?», – деп мәре-сәре боламыз.

Ендеше, өзіміз үшін тілеген осынау игіліктерді мұсылман бауырларымыз үшін де тілегеніміз абзал. Кейбір кемшіліктерін көргендей болсақ: «Хақ тағала бауырыма ақыретке тиіс жемістерді дүниеде жеуін қаламаса керек. Сондықтан да олардың шынайы рухани келбеті айқын көрінбеген болар» деп жақсылыққа жорыған жөн.


[1] «Тағдил әркан» – құлшылықты орындаудың өзіндік шарттары мен тәсілдері.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.