«Империалистік мемлекеттер сияқты «фәтх» ұранымен мұсылмандар көптеген елдерді басып алып, отарлаған» дейтін пікір бар. Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз?

Исламды күндейтіндер осы тектес астарсыз пікірлерді әдейі таратады. Мақсат – дінге жетік емес мұсылмандарды мүдірту, тура жолынан адастыру.

Біріншіден, Араб түбегін мекендеген Мекке мен Мәдинә шаһарындағылар кімді қанап, кімді бодандыққа алмақ? Өз елі мен руын басып алып, қанын сүліктей сорған, қанаған адамды көрген бар ма? Әсіресе, ол кезеңде Хижаз аймағы шөлейтті қу медиен, халқы аш-жалаңаш еді. Олардың несін қанамақ?

Ислам дінін әлемге жаю үшін басын талай бәйгеге тігіп, дін жолында өліп кетуді үлкен мәртебе санап, өздерінен он бес, жиырма есе басым күштермен жағаласып жүріп ғұмыр кешкен асқақ рухты, кемел адамдарды пасық пиғылды империалист, қанаушылармен салыстыру қисынға келмейтін тым күлкілі нәрсе. Бұл кісілер осыншама қиыншылыққа төзіп, небір жанқиярлыққа барғанда, қолы неге жетіп, кімді қанап, қандай пайда көріпті? Негізінде көп жыл елінен, жерінен, отбасы, бала‑шағасынан жырақта ақиқатты жаюдан басқа еш нәрсе ойлап көрмеген, өліп кетуді, шейіт болуды қатты аңсап, әр шайқас соңында ажал құшып ақыреттік достарына қауыша алмағанына іштей қайғырған бұл кісілерді қанаушы дегенге, сірә, жала жабушылардың өздері де илана қоймас!..

Адамзат тарихында басып алу мен империализмнің ең сорақысын Александр Македонский, Наполеон, римдіктер мен немістер, моңғолдар т.б. еуропалық мемлекеттер мен американдық империалистер жасады. Басып алған жерлерін тып-типыл етті. Елді бұзып, бір‑біріне айдап салды. Соңдарында қираған қалалар, сойқанды істер қалды.

Енді келіп бет шыдамас жиіркенішті қылықтарын жабу үшін бұлар аты өшкір отарлау деген пәлесін Исламға, Хақ пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм), таңдаулы халифаларға, Османлы мемлекеті мен басшыларына жауып, қаралағысы келеді.
Мұсылмандар әлемнің қай жерінде болсын тарихта ешқашан мемлекеттерді де, елді де, жеке тұлғаларды да қанамаған. Қанау былай тұрсын барған жерлерінде өзгенің де қаналуына жол бермеген.

Иә, шартарапта Ислам әскерлерінің жеңісі дүркіреп тұрған заманда ел билеген халифа: «Мұсылман қоғамындағы ең кедей адам қалай өмір сүрсе, маған одан асу жараспайды» деп, күніне бірнеше зәйтүнді ғана талғажау еткен еді. Бұндай адамды қанаушы деп кім айта алар?!

Бір соғыс кезінде өлген жаудың дүниесін соны өлтірген сарбазға бермек болғанда қолымен кері итеріп, өңешін көрсетіп: «Мен өңешіме бір жебе қадалып, шейіт болу үшін бұл шайқасқа қатыстым, олжа алу мақсатымен емес» деп, ақыретті ғана мақсат тұтқан адам кімді қанамақ?!

Басқа бір соғыста азуын айға білеген бір кәпір басшыны жер құштырған сарбазды мұсылмандардың қолбасшысы олжа беру үшін шайқастан соң қасына шақырады. Бірақ сарбаз ә дегенде келгісі келмей тартыншақтайды. Қолбасшы мен жүзін көрсетпей орамалмен таңып алған сарбаз арасында мынандай сұрақ-жауап өрбиді:
– Айтшы, мынаны сен өлтірдің бе?
– Иә.
– Олай болса, мына мың динарды ал, сенің үлесің.
– Керек емес. Мен бұл істі Аллаһ үшін жасадым.
– Атың кім?
– Атымды не етпексіз? Болмаса есімімді жұртқа жария қылып, сауаптан мақұрым қалдырмақпысыз?!
Ал, енді айтыңыздаршы! Осы адамдар адамзатты қанап, жер бетін билеп‑төстегілері келді дегенге кім сенеді? Шынтуайтында, бір адамның бойын ашу мен ыза‑кек кернесе, көп ұзамай әлгі адам көруден де, естуден де, дұрыс шешім қабылдаудан да қалады...

Енді, негізгі тақырыпқа оралайық. Отарлау мен империализм деген не? Оны кімдер жасаған?
Империализмге бір қоғамның өзге қоғамды яки бір мемлекеттің өзге мемлекетті билеп‑төстеуі, қанауы деп анықтама беруге болады. Бірақ, басып алу, үстемдік ету, қанау тәсілдері әркелкі жүзеге асқан. Бүгінде оның мынадай негізгі түрлерін атап көрсетуге болады:
1. Толықтай жаулап алып, үстемдік ету: жергілікті халықтың көзін құртып, жерін иемдену. Американдықтардың үндістерге, Австралияны жаулаушылардың жергілікті аборигендерге жасағаны және Палестинаны жаулап алғандардың қоқан-лоқы әрекеттері осыған мысал.

2. Әскери жаулап алу түрі. Әскери диктатура орнатып, сол елдің барлық ішкі-сыртқы ісіне араласуы. Үндістанды жаулаған британдық әскерлер жылдар бойы осылай жасап келді.

3. Бір елдің ішкі ісіне араласу. Сол елдің сыртқы және ішкі саясатына, қорғаныс пен қауіпсіздігіне, экономикасына ашық яки құпия түрде араласу. Қазіргі заманда батыс елдерінің Шығыстағы кедей, әлсіз елдерге ұстанған саясаты осы түрге жатады.

4. Ми қуатын пайдалану түрі. Қазіргі замандағы отарлаудың кең етек алған әрі ең қауіптісі. Қабілетті, дарынды жастарды сол елде яки шет елдерде арнайы дайындықтан өткізіп, болашақта өз отанының тізгінін ұстауға даярлайды. Жат тәрбие көрген осындай «зиялыларды» кейіннен жүйелі түрде мемлекеттің ең маңызды тетіктеріне орналастыру арқылы «үй ішінен үй тігіп» жаулап алады.

Еуропалық отарлаушылардың соңғы ғасырларда пайдаланған осы жүйесі олар үшін ең тиімді тәсілдердің бірі болды. Осы тәсіл арқылы қарсы жақты өзіне дұшпан етпей-ақ, жылы шырай танытқансып діттеген мақсаттарына жеткен. Қазіргі Ислам әлемінің басым көпшілігі осы жол арқылы отарланып, қол-аяғы мықтап маталған десек артық айтқандық емес.

Осылардың қай түрімен болсын отарланған елдерде:
1. Ұлт іштей ассимиляцияға ұшырап, ата‑тегі мен тарихын ұмытады.

2. Ұлттық рух пен сана тұншықтырылады. Жерін тоздырып, құнарсыздандырады. Өндіріс отарлаған елдің экономикасына тәуелді түрде ғана дамиды. Ғылымға шектеу қойылады, зерттеуге деген құлшыныс еліктеушіліктен аспайды.

3. Жергілікті халықты кедейлендіру, отар елге мұқтаж ету саясаты жүргізіледі. Қашан да «қарқынды даму», «Еуропа деңгейіне жету», «өркениет», «модернизация» секілді т.б. толып жатқан жалған ұрандармен халықты алдаумен болады.

4. Шет елдік көмек пен қолдауды желеу етумен ел қоршауға алынады. Шығыс-кірістер толықтай бақылауға алынып, дамуға шектеу қойылып, жағдай қиындатылады.

5. Бір жағынан байырғы халықтың жұтауына, кедейленуіне үлкен күш жұмсалса, екніші жағынан байлар байлығын орынсыз шашып, ақырында елдің көңілі толмай, түрлі толқулар пайда болады.

6. Ғылым, техникаға деген зерттеу құлшынысы жанышталып, зауыт-фабрикалар тек отарланған елдің техникасын шығарумен ғана шектелсе, әскер де сол елдің ескірген әскери техникаларын пайдаланады.

Ал енді Ислам мен мұсылмандардың Ислам дінін жаю жолындағы жетістіктерін осыншама зәлімдікке жол ашқан отарлаушы елдерге ұқсату қаншалықты қисынға сай келмек?

Біріншіден, Ислам ешкімді өз үйінен, жерінен аластамаған. Аяқ‑қолын бұғаулап, ешкімнің еңбек етуіне кедергі жасамаған. Барған жерлерінде халықтың дініне де, ой‑пікіріне де тиіспей еркіндік берген. Оларды қашан да өз дін бауырлары, отандастары тәрізді қорғаған. Мұсылман сарбаздар барған елдерге қашан да бейбіт өмір мен сенімділік сыйлаған. Жергілікті халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленіп отырған. Бұлай болмағанда Сирия христиандары елін Византиялықтар басып алғалы жатқанда шіркеуге кіріп мұсылмандардың жеңісі үшін дұға етер ме еді? Бұлай болмағанда бір басынан екінші басына дейін алты ай жүретін кең байтақ өлкеде ғасырлар бойы тыныштық пен қауіпсіздікті қалай сақтай алар еді? Бүгінгі таңдағы байланыс құралдарының дамуы мен ең соңғы әскери технологияларға қарамастан алақандай жерде тыныштық орнатуға шамалары жетпей жатқандарды көріп, олардың ұстанымдарына таң қаласыз. Шамасы, қазіргі таңда көптеген көкірегі ояу, көзі ашық жандар осы ақиқатты аңғарып, сол замандарда тұрақтылықты қамтамасыз еткен қозғаушы күштің сыры мен себебін қайта қарау қажеттілігін түсіне бастады.

Мұсылмандар сол кездегі мемлекеттердің қақпаларын ғана емес, адамдардың жүрек сарайларын да ашып, сенімге кіріп, ерекше құрметке бөленген-ді. Аяқ басқан жерлерінің ғылым мен өнерін бағалап, ғалым мен өнер адамдарының шығармашылық ізденістеріне жағдай жасады. Дініне қарамастан, ғалымдар мен ойшылдарға ерекше көңіл бөліп, оларды ислами қоғам арасында құрмет тұтты.

Мұсылмандар ешқашан ковбойлардың жаңа құрлықтың (Американың) жергілікті халқына, Француздардың алжирлықтарға, голландиялықтардың индонезиялықтарға, жиырмасыншы ғасырда америкалықтардың Въетнам халқына жасағанындай озбырлық жасамаған. Жасау былай тұрсын олар кез-келген ұлт пен ұлыстарды өз дін бауырларындай ішке тартты, мейірімділікпен қарады.

Халифа Омар (р.а.) меккелік ақсүйектен таяқ жеген бір қыбтиға[1]: «Бар да, сен де оның жағынан шапалақпен тартып жібер» дейді.

Амр ибн Астың бір мысырлықты ренжіткенін естігенде, «Әркім анасынан азат болып туады. Сен қашаннан бері оларға құлша қарайтын болғансың?!» деп қатаң ескерту жасайды.

Бірде Палестинада хазірет Омар бір шіркеуге бас сұққанда, намаз уақыты кіреді. Дін қызметкері хазірет Омарға намазды шіркеуде оқуын өтінеді. Сонда ол: «Жоқ, болмайды. Халифа Омар осы жерде намаз оқыған екен деп, кейін халық ағылып сендерге жайсыздық туғызуы мүмкін» деп сыртқа шығып, топырақтың үстінде намазын оқып, Исламдағы өте биік адамгершілік пен инабаттылықты көрсетеді.

Осындай ізгі жандардың өзгелерге тізе батырып, қанауы мүмкін бе? Рухы асқақ азаматтар әйгілеген Құран жүйесін отарлаушы жүйе деп айтуға бола ма?


[1] Мысырда мекендеген байырғы халықтың атауы

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.