ПӘНИ МЕН БАҚИҒА КӨҢІЛ БӨЛУДІҢ ӨЛШЕМІ ЖАЙЫНДА


«Мәңгі өлмейтіндей бұл дүниеге көңіл бөліңіздер, күні ертең о дүниеге аттанатын адамша ақыретті ескеріңіздер», – деген даналық сөз хадиске жата ма? Егер хадис болса, мағынасын қалай түсінген дұрыс?

Халық даналығындағы осы бір сөз хадис ретінде танылып кеткен. Бұл сөзді пайғамбарымыз айтпаған. Бірақ, осыған ұқсас «Ешқашан өлмей-тұғын адамша еңбек ет. Ертең өлетін кісіше өлімге дайын бол» деген хадистің бары рас. Алайда, бұл қуаттылығы әлсіз хадистер қатарына жатады.
Біріншіден, хадиске тән өлшемдер тұрғысынан бұл хадистің дерек көзіне көп сын тағылған. Әлсіз хадис-ке жатқызылған себебі де осы. Сондықтан дерек көзі нақты болмағандықтан, бұл хадис ойдан шығарылуы мүмкін.
Екінші жағынан, хадистің мағынасы Құранның бір аятына қайшы келеді. Мәселен, «Қасас» сүресінің 77 аятында: «Аллаһтың саған дарытқан бақ-дәулетімен ақыреттік мекен тіле. Бірақ, бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа», – делінеді.
Осы аятта Құран бір тұтам дүние үшін сол мөлшерде ғана, ал мәңгілік ақырет үшін ақыретке тән мөлшерде еңбектену қажеттігін насихаттаған. Негізінде мүминдердің дүниедегі істері де ақырет үшін болғандықтан, дүниедегі еңбектері де ақыреттің қамын көздеп жасалады. Яғни, иманды жандар дүние үшін еңбек етіп, дәулет жинап, жиған-тергенін ізгілік жолында жұмсайды. Осы себепті, бұл еңбек те ақыреттің есебіне жатады. Алайда, бұл жердегі негізгі мәселе, бұл дүниедегі барлық іс, қажыр-қайраттың ақыретке бағытталып, сол жолда жұмсалуында. Әйтпесе, хадис деп тараған жоғарыдағы даналық сөзде айтылғандай фәни дүние үшін тыраштану болуы тіптен мүмкін емес.    
Қорытындылай келгенде, хадис делініп жүрген бұл сөз риуаят тұрғысынан да, қуаттылығы жөнінен де сенімсіз. Өкініштісі, Пайғамбарымыздан келіп жеткен көптеген сахих хадистер бар бола тұра, кейбір замандастарымыздың әлгіндей негізсіз сөздерді алға тартудан жалықпауы көңілге қаяу салады. Сонымен қатар, бұл базбіреулердің дүниелік мүддесіне сай келетін секілді.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.