НАМАЗ. НАМАЗ. ЖӘНЕ НАМАЗ.

Намаздың қасиетін терең ұғынып, әрдайым тиісінше құрметтей алмай жатамыз. Жалпы намаздың маңызы, діндегі рөлі жайлы баяндап берсеңіз.

Ислам дінінде намаздың орны ерекше. Құранда иман келтіруге қатысты жайттардың соңын ала намаз сөз болады. Намазды барынша беріліп, ләззатын сезініп оқу, құлды ерекше нығметтерге кенелтеді.

Намаз – Ислам дініндегі ғибадаттардың жиынтық түрі. Мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, намаз – кәміл адамның ең кәміл ғибадаты дер едік. Шынында да намаз − Аллаһпен дидарласуға, болмыс жайлы пікір қорытуға, түрлі ілімдер арқылы жаратылысты зерттеп, жаңалықтар ашуға бейім жаратылған адамзаттың жаратылысына сай құлшылық түрі. Адам баласы жаратылысындағы кәмілдікті намаз арқылы ғана паш етіп, Аллаһтың қалауына сай адамдық ерекшелігін осы ғибадат арқылы ғана жария ете алады.

Адам баласының рухани һәм материалдық тұрғыдан кәміл жаратылғаны даусыз. Мысалы, адамның бойы, бет-әлпеті, дене мүшелерінің орналасуы – бәрі-бәрі керемет өлшеммен, симметриялық түрде, эстетикалық жарасымдылықпен жаратылған. Мұны Римдік өнер шеберлері ғасырлар бұрын аңғарған. Алайда, олар тәухид сенімінен ада болғандықтан түсініктері тар шеңбермен шектеліп қалған. Мен де адамның жаратылысы жайлы ойланған сайын таңғалысымды жасыра алмай, тіпті кей сәттерде «Егер Аллаһ Өзінен басқа біреудің құзырына сәждеге жығылуға рұқсат етсе, сірә, адамның алдында бас иіп, сәжде жасау қажет шығар» дегенім бар. Негізінде әуелде Жаратушы Адам Атаны жаратып, періштелерге сәжде етулерін бұйырады. Әрине, бұл, періштелердің Жаратушының әміріне құлдық ұруына қатысты оқиға. Десе де бұл менің жоғарыдағы ойымды нақтылай түседі.

Намазға қайта оралайық. Намаз – адам болмысымен біте қайнасқан ғибадат. Егер осы ғибадат кәміл түрде орындалатын болса, құл жоғарыда айтқанымыздай ерекше нығмет-несібеге кенелері хақ. «Мүминун» сүресінде бұл жайлы: «Намаздарын барынша беріліп, именіп, жан-тәнімен оқитын мүминдер расында (ауыр азаптан) аман қалды»[1]  – делінеді. Тәпсір ілімінде Құрандағы аяттардың керісінше мағынасымен түсіндірудің өзіндік қағидалары бар. Барлық сөздің кері мәнін тізбелеп отыру дұрыс әрекет саналмаса да, осы сүреде баяндалған жайтты кері жағынан түсіндірсек: «Намазға барынша берілмегендер, жан-тәнімен сезінбегендер (ақыретте азаптан) құтыла алмайды» деген ой бой көрсетер еді.

Біз, әрине, мұндай түсіндірмені құптай қоймаймыз. Бірақ, намаз мәселесінде барынша ықтиятты болуды дұрыс деп санаймыз. Яғни, аш адамның алғаш тамақ жегендегі сезімі, таңдайы кеуіп, қаталап шөлдеген жанның суға қолы жетіп, ішкен кезде тұла бойымен сезінген ләззаты, ауа жетпей қиналған адамға кең тыныстауға мүмкіндік туған сәт қандай болса, намазды да дәл сондай терең сезіммен өтеу қажет.

Шынында намаз, үстірт оқып, бітіре салатын ғибадат емес. Ол − міндетті түрде арнайы уақыт бөліп, әуелі басқа ойлардан арылып, мейлінше, жан-тәнімен беріліп, көңілін ғибадатқа ғана аударуды қажет етеді. Негізінде намазға алдын ала жасалатын дайындықтар, ғибадаттағы реттілік оны барынша мән беріп өтеу үшін жеткілікті-ақ.

Мысалы, ең алдымен дәрет сындыру арқылы адам денесіндегі қажетсіз қалдықтарды сыртқа шығарады. Дене жеңілдеп, рахат сезім пайда болады. Артынша дәрет алып, жуыну арқылы кинетикалық энергия бүкіл денеге тең дәрежеде таралады. Бұл да тәнге сергектік береді. Адам сілкініп өз-өзіне келеді. Мұнан соң мешіт мұнараларынан естілген азан дауысы адамның жанын сергітіп, ерекше рухани тазалыққа жетелейді. Содан кейін, Аллаһпен қауышатындай сезіммен мешітке қарай қадам басуы, азаншының әуезді мақамына елітіп мүлде өзгеше күйге бөлену, артынан сүннетті оқуы, т.б. – міне осылардың бәрі парыз намазын өтеуге, парыз сәтінде Аллаһты сезінуге құлшындыратын, алға жетелейтін дайындық баспалдақтары іспетті.

Намазды осылай терең сезініп оқу – асыл мақсат болғандықтан, намаздан бұрын жасалатын бұл әрекеттердің бәрі сол сезімге апаратын стратегиялық бағдар деуге де келеді. Айталық, азан, қамат, дәрет, нәпіл намаздар – бұлардың ешқайсысы да негізгі мақсат емес. Бұлар фикх тілімен айтқанда «жәбрән лин-ноқсан», яғни нұқсанды тәмамдау мақсатымен жаратылыстың ең әсемі, ахсан-ы тақуим сипатта жаратылған адамның ғибадатының да сол сипатта болуы үшін көмекші себептер болып саналады.

Іші-сырты толыққанды жаратылған кәміл жаратылыс иесі адамды Жаратушысына жақындататын және шын мәнінде адам екенінің бірден-бір белгісі саналатын намаз барынша байсалды түрде, тереңіне бойлай отырып оқылуы тиіс. Намазды толыққанды оқи алмау немесе шын мәнінде оқи алмау салдарынан іштей пайда болатын өкініш, күйзеліс адамның ішкі рухани дәрежесін аңғартатын жайттардың бірі. Сөз реті келгенде, осыншалықты терең сезіммен оқылатын намазға қол жеткізгендердің өте аз екенін де айтса, артық бола қоймас. Әйтсе де, намазды шын мәнінде сезініп оқу дегенде, негізінен адамның ниетінің маңыздылығына тоқталған жөн. Мысалы, біреу намазда сәждеге жығылған сәтте сәждеден басын көтергісі келмей, тілмен айтып жеткізгісіз ләззатқа кенеледі. Ал, енді, біреулер намаз оқуға ниеттенген сәтте-ақ жұпар иісті раушан бағына кіргендей, өзін жұмақ бағында сайрандап жүргендей немесе періштелерден де озып кеткендей сезінеді. Мұндай күйге бөлену әркімнің рухани қабілет-қарымына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды − біздің ниетіміз толыққанды намаз оқу болса, ниетіміздің арқасында жақсылыққа қол жеткізуіміз әбден мүмкін. Олай болса, хадисте айтылғандай, «мүминнің ниеті − оның амалынан қайырлы» екенін әсте естен шығармаған абзал.

Кейде адам намаз үшін қажетті шарттардың бәрін орындағанымен, түрлі себептерге байланысты намазды толыққанды оқи алмауы мүмкін. Мысалы, намаз оқып жатқанда балалары арқасына асылып, улап-шулап назарын өзге іске аударып кетеді. Пайғамбарымыздың немерелері де сондай балалық жасағанын Ислам тарихынан білеміз. Немесе, дәл намаз оқып жатқанда естілген тарсыл-гүрсіл дауыс намаз оқып тұрған адамның ойын бөліп, намазда тереңдеуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Намаз оқу барысында жүзеге асатын кейбір жағдайлар адамның еркінен тыс, ал енді біреулері адамның пендешілігіне байланысты болады. Мысалы, жай уақытта адамның ойында жүрген жайттар дәл намазда тұрғанда есіне түсіп, намазды терең сезінуге кедергі жасауы ықтимал. Мұндай жағдайда адам ойы бұлыңғыр тартып, бар пейілімен намазға беріле алмай жаңылысып жатады. Тіпті көкірегі иманға толы хазірет Омар (р.а.) сынды шынайы Ислам қаһарманы да терең ойдың әсерінен намазда жаңылып, үш рәкат оқып сәлем бергені тарихтан мәлім. Айналасындағылар Омарға (р.а.) жаңылысқанын айтқанда, ол өз қатесін мойындап: «Намазда Иракқа әскер жөнелту жайын ойлап кетіппін» деп жауап берген. Бұл мәселе сонымен қатар, намаз оқылатын жердегі жалпы атмосфераға да тікелей байланысты. Ешқандай ауыртпалық, қиыншылық жоқ жерде оқылған намаз бен алуан түрлі қиындық кедергінің арасында өтелген намаз ортасында жер мен көктей айырмашылық болатыны айтпаса да түсінікті. Осындай ауыр шарттарда қаншама кедергіге қарамастан намазды терең сезініп оқудың орны тіптен бөлек. Мәселенің бір төркіні осында жатыр.

Сондықтан, соғыс, қақтығыс, қиыншылық кезінде оқылған намаз қалыпты жағдайда оқылған намазға қарағанда әлдеқайда сауаптырақ. Мұндай қиын сәттерде оқылған намаздарды барлай қарағанда әдеттегіден тыс көріністерге куә боламыз. Мәселен, «Ниса» сүресінде мұндай намаздар туралы былай делінеді:
 

“(Ей, Мұхаммед! Сен соғыста) мұсылмандар ішінде болып, оларға намаз оқытқан кезде олардың бір бөлігі сенімен намазға тұрсын, қаруларын жанынан тастамасын. Сәжде қылып болғаннан кейін олар сендердің арттарыңа барып тұрсын (күзетшілік жасасын). Намаз оқымаған екінші бір топ қару-жарағын ала келіп сенімен бірге намазға тұрсын. Кәпірлер сендердің қару-жарақ, керекті бұйымдарыңның жоқ кезін пайдаланып, оқыстан тап беруді ойлайды»[2].

Міне, осылайша қай жерден жау келіп қалар екен, қай жағымыздан оқ жаудырар екен деп елеңдеп тұрып оқылған намаз былайша сырттай қарағанда бізге үйреншікті болмаса да, жайбарақат уақытта оқылған намазға қарағанда әлдеқайда маңызды екені рас.

Қорыта келгенде, қалайда оқуға тиіспін деген үлкен жауапкершілікпен, қандай жағдайда болмасын уақыт тауып оқуым керек деген ықыласпен оқылған намаздың тереңдігі мейлінше тұңғиық. Оның сауабына түрлі діни орындарда, тіпті Қағбаның жанында намаз оқыған адам да қол жеткізе бермеуі бек мүмкін.

 


[1]    «Муминун» сүресі, 1-2-аят.
[2]    «Ниса» сүресі, 102-аят. Бұл жерде соғыс кезінде оқылатын намаздың әдеттегі намаздардан ерекшелігі түсіндірілген. Мысалы, аятта айтылғандай, әуелі бірінші топ Пайғамбарымызбен бір рәкағат оқып болған соң сәлем бермей тұрып кетіп, екінші топтағылар намазға тұрады. Имам сәлем беріп тұрып кеткеннен кейін әлгі екі топ кезекпен намаздарын толықтырып оқып барып сәлем береді. (Ауд.)

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.