СҮННЕТТІ ДҰРЫС ТҮСІНУДІҢ ӨЛШЕМДЕРІ

Соңғы жылдары пайғамбарды арадағы «шабарманға» балап, «ол бар болғаны Құдайдың айтқанын халыққа жеткізген» деумен бұқараны жайдақ ойларға итермелейтін, сол арқылы сүннетке күмән туғызуды көксейтіндер төбе көрсетіп жүр. Жалпы алғанда діндегі пайғамбарлықтың ауқымы қандай? Оның тереңдігі неде? Сүннеттің орны қаншалықты? Осы төңірегінде ой өрбітсеңіз.

Әуелі бұл тақырып − мұндай тар сұхбат шеңберінде емес, ғылыми негіздегі арнайы конференциялар мен семпозиумдарға жүк боларлық күрделі мәселе екенін айта кету керек. Дегенмен, қысқаша баяндап беруге тырысайын.

Құдай жайлы қате пайымдаулар

Ықылым заманнан бері дұрыс болсын, бұрыс болсын әр түрлі пікірлердің бой көрсетіп келе жатқаны шындық. Әркім өз ойын қоғам талабына сай етіп, барынша әрін келтіре таратып отырған. Тіпті Аллаһ тағала жайлы да адам айтқысыз түрлі көзқарастар туындап, сананы сансыратқан кездер болған.

Алғашында мұндай пәлсапалық ойлар уахиға сүйенген кітаптарда да көрініс тапқан. Айталық, Көне өсиетте Аллаһ тағала Ибраһим пайғамбармен (а.с.) адам бейнесінде тілдеседі. Кейде Ибраһиммен (а.с.) пікірталастырады. Ысқақ пайғамбармен бір таудың басында адами кейіпте жүздесіп: «Мен – Ысқақтың, яғни Исрайылдың Раббысымын» дейді. Тағы бірде Тәңірі Жақып пайғамбармен күресіп, жеңіліп қалады (Құдай мұндай адасушылықтан сақтасын!).

Осы кітапта: «Сендердің Тәңірлерің Иегова тым адуынды әрі тым қыңырмінезді» (Аллаһқа деген мұндай түсініктің бетін аулақ қылсын!) деген сөздер көп қайталанады. Тәңірлік кітаптардың өзіне кіріп кеткен мұндай ойлардың пенделік түсініктер екенінде дау жоқ. Кемшіліктер біз секілді жұмыр басты пенделерге тән. Ал, Аллаһ тағала нұқсан атаулыдан пәк. Ешкім оған мәжбүрлеп іс жасата алмақ емес.

«Ол қалағанын жасайды (ешкім оған кедергі бола алмайды)», – деп, ақын Ибраһим Хаққы айтқандай, Аллаһ тағала бір нәрсені мәжбүрліктен жаратқан емес. Оған пендеге тән кемшіліктер мен нұқсандықтарды телу орынсыз. Алайда, адам баласы кейде қасақана, кейде соқыр түсінікпен құдіреті шексіз Аллаһты өзінің шектеулі ақылының тар шеңберіне сыйғызуға тырысқан.

Пайғамбарлық жайлы жаңсақ пікірлер

Мұндай жаңсақ көзқарастар пайғамбарларды да айналып өтпеген. Пайғамбарларда сыдық (адалдық), ісмәт (күнәсіздік), аманат (сенімді болуы), тәблиғ (дінді жеткізуі), фәтәнәт (пайғамбарларға ғана тән үстем ақыл, жоғары қисын) секілді сипаттар болады. Әрі олар тәндік кемістіктерден ада, он екі мүшесі сау пәк жандар. Соған қарамастан, кей кездері тарихта олар жайлы айтуға ауыз бармайтын түрлі пікірлердің тарағанын көріп шошынасың.

Мысалы, Тәуратта Дәуіт пайғамбар өзінің әскерлік жолдасы Урииәның жұбайының (тіпті айтуға ұят) жалаңаш тәнін көріп, шыдамай зина жасауға барады. Кейін досының көзін құрту үшін майданның алдыңғы шебіне жібереді. Осылайша, оның әйеліне үйленеді. Міне, мұндай көзқарастың ақыры Дәуіт пайғамбарға арақ ішкізеді. Сүлеймен пайғамбарды сиқыршы етіп шығарады. Біздің ойымызша, мұндай түсініктер пайғамбарлық түсінікке үш қайнаса сорпасы қосылмаса керек. Пайғамбар түгілі иманы бар қатардағы пенделердің өзі мұндай ауыр күнәлардан бойын аулақ ұстайды. Өкінішке қарай, күнәдан пәк пайғамбарларға осындай жан түршігерлік күйе жағылды.

Пайғамбарымыздың көзі тірісінде адал жары Айша анамызға (Аллаһ тағала мәңгі бақи оған разы болғай!) да жала жауып, арына дақ түсіргісі келген өсекшілер болды. Айша анамыздың (р.а.) арына сызат салу – Лұт көлінен де пәс арсыздық. Ал оның кіршіксіз пәк абыройы көкжиектің көз жетпес биігінде. Бұлардың бәрі пенделік түсініктің кенделігін көрсету тұрғысынан аса маңызды.

Иса пайғамбар мен Үзәйірді кейбір мәзһабтардың «Аллаһтың баласына» теңегені секілді хазірет Әлиді де кейбіреулер «Аллаһ Әлидің тәніне енді» деген жан түршіктірер қапас ойымен тәңірге балаған. Осыларға тереңірек ой жүгіртсек, бәрінің астарында «хулул» мен «иттихад»[1]  түсінігі жатқанына көз жеткіземіз. Мұндай шала түсініктердің былғамаған жері қалмаған. Олар үшін Аллаһ пенделерге кешірім жасай алмайтындай, тікелей байланыс құра алмайтындай дәрменсіз күйде бейнеленген (Құдай мұндай ойдан сақтасын!). Аллаһ бір адамның тәніне кіргенде ғана нақты бір болмысқа енеді. Сонда ғана «құдай» деген ерекшелікке ие болады. Осы арқылы адамның тәніне кірген «құдай» адамзаттың күнәсін тазарту үшін өзін-өзі құрбандыққа шалады. Иә, осындай тар түсінік һәм арам пиғыл арқылы қисынға келмейтін тәңірлік ақиқатпен үйлеспейтін сенім пайда болған.

Тарихтағы осындай жаңсақ пікірлердің астарына үңілсек, қазіргі таңда Пайғамбарымыз бен оның сүннеті жайлы айтылып жүрген негізсіз ойлардың түп тамыры сонау әріде жатқаны айқын көрінеді. О заманда бұ заман ұлық адамдарды олардың биіктігіне сай түсіне алмаған осындай ақылы келте жандар пайғамбарларды өзімен деңгейлестіріп, содан соң, өздерінің пасық ойларының шырмауынан арыла алмай адасқан. Содан барып «пайғамбарлар да біз сияқты қыңыр болған, нәпсіге берілген, ашуланған, кектенген, жауласқан, уәдеде тұрмаған, сатқындық жасаған, бейкүнәліктерін сақтай алмаған, Құдайдың бұйрықтарын дұрыс жеткізбеген» деген секілді ойларға барған.

Мұсылмандардың грек философиясымен танысуы

Иә, мұсылман танымына грек пәлсапасы ықпал ете бастағаннан-ақ «Құранды Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі жазған ба?» деген сауал бой көтерді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жайлы мұндай қате пайымдар мұсылмандардың неоплатонист түсінікпен танысып, грек философиясымен шұғылдануымен пайда бола бастаған. Әсіресе бұл Аббасиддер династиясының билеушісі Мамун кезеңіндегі кітаптар арқылы Исламның ғылым мен мәдени тұрмысына етене енді. «Құран махлұқ (жаратылған) па, әлде емес пе?» деген мәселе де осы түсінік арқылы ислам теологиясына енді.

Сәләфу салихин (табиғин және әтбаут-табиғин) кезеңінде бұл тақырып қозғалмаған. Олар Аллаһ оны (Құранды) адамзатқа қалай жіберіп, Пайғамбарымыз қалай үйреткен болса дәл сол күйінде иман еткен. Құранның түсу ерекшелігін Аллаһ тағаланың «Кәләм» (сөйлеу) сипатымен байланыстыра қарап, басқа мәсе-леге бас қатырып жатпастан күмәнсіз қабылдайтын еді. Уақыт өте келе басқа мәдениеттермен ықпалдасудың нәтижесінде мұсылмандар арасында да күмәнді пікір-лер қозғала бастады. Міне осы кезеңдерде Имам Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбул Хасан әл-Әшғари секілді мұсылман ғұламалары бұл Жаратқанның Кәләм сипатының бір қырын көрсететіндіктен, «Құран «кәләмун-нәфси»[2] ретінде «махлұқ» (жаратылған) деп айтуға келмейтінін, ал жаратылғандарға қатыстылығы тұрғысынан қарағанда қағазға жазылып таратылғаны үшін «махлұқ» деуге болады» деген тұжырымға келген. Осылайша, мұсылмандар арасында туындаған аса күрделі мәселені шешуге атсалысты. Олар тұжырымдарын өздерінің жалаң ойларына негіздеп емес, өздерінен бұрын өмір сүрген Хасан Басри, Суфиан әс-Сәури және Әбу Ханифа секілді әйгілі ғұламалар-дың пікірлеріне сүйене отырып жасады.

Құранға қатысты осы ақиқатты қорғау жолында көптеген адамдар түрлі қиындықтарға ұшырады. Олардың арасында әйгілі хадис ғалымы, мәзһаб имамы Ахмад ибн Ханбәл да бар еді. Өкінішке орай, олардың дені өмірінің басым көпшілігін осындай күрделі мәселелер үшін зындандарда өткізуге мәжбүр болды.

Ол кезеңдерде мұндай жаңсақ түсініктер Ислам әлеміне көбінесе философиямен шұғылданған мұғтазилиттер арқылы кірді. Тіпті, парсылардың «бес негізі» де мұғтазилиттерден келген. Иә, Ислам теологиясына кірген осындай жаңсақ пікірлердің ар жағында грек философиясы мен қолдан бұрмаланған діндер жатқаны анық.

Мұғтазилиттердің хадистер жайында күмәнді ойлары және ғұламалардың оларға жауап беруі

Мұғтазилиттер не істеді? Алдымен олар хадистер жайлы күмән тудыратын пікірлер тарата бастады. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі таңда «Хадистер үшінші ғасырда ғана жинастырылып жазылды. Сондықтан олар дұрыс сақталмаған» деп оны қабылдамай жүргендердің ісін жаңалық ретінде қабылдау қиын. Сондықтан оларды «Нео-мұғтазилиттер» десек әбден орынды болар еді.

Негізінде мұғтазилиттер ықпалды күш болып, осы пікірлерді жая бастаған кезеңде ғұлама имамдар хадистердің бәрін жинастырып жатқан болатын. Олардың қазірдің өзінде кездеспейтін ғылыми негіздерге сүйене отырып, хадистерді топтастырып жазудағы еңбегін, оларды бізге жеткізудегі тәсілдерін мақтанышпен айта аламыз. Тіпті, алғашқы кезеңдердің өзінде Омар ибн Әбдүләзиздің (қайтыс болған жылы 99 немесе 101 һижра бойынша) бұйрығымен Ибн Шихаб әз-Зуһри (қ. 124 һ.) хадистерді жинастырды[3]. Осылайша хадистерді топтау мемлекет тарапынан ресми түрде қолға алынды. Сонымен қатар, Абдуллаһ ибн Омардың (қ. 74/693 ж.) мәуләсі (құлы), Имам Мәліктің ұстазы, Ләйс ибн Сағдтың шейхы Нәфи (қ. 117 һ.) және Ләйс ибн Сағыдтың өзі де хадистерді жинастырған. Бұлардан бұрын Әбу Һұрайраның (р.а.) шәкірті Уәһб ибн Мүнәббих те хадистерді жинастырғандардың бірі еді. Аты әлемге әйгілі профессор Мұхаммед Хамидуллах оның Әбу Һұрайраға сүйене отырып жазған хадистерін жариялап, өзара салыстырмалы критикасын да жасаған[4].

Мұстафа әл-Әғзамидің зерттеулері хадистердің өте ертеде сахабалар мен табиғиндар кезеңінде жазыла бастағанын дәлелдеген. Оның айтуынша, хижраның бірінші ғасырының өзінде шәкірттеріне хадис жазғызған 50-ге тарта сахаба болыпты.

Хадистер арлылық пен адалдықтың шыңына шыққан алып ғұламалар тарапынан жазылып, жинақталып өте сенімді жолдар арқылы Бұхари, Мүслим секілді хадис ілімінің дарабоз имамдарына келіп жеткен. Осындай ерекше қабілетті имамдар өздеріне жеткен хадистерді қайтадан електен өткізіп барып, қазіргі таңда бүкіл мұсылман үмбеті мойындаған құнды жинақ кітаптарына енгізген.

Мысалы, Имам Бұхари шамасы келгенінше бүкіл сахих хадистерді жинауға тырысқан. Осы сахих хадистерден жинаған кітабын «әл-Жәмиус-сахих» деп атаған. Бұхаридан кейін келген хадис саласының ғалымдары оның қолы жетпеген, бірақ оның сахих хадистерді таңдаудағы өлшемдеріне сай басқа да сахих хадистерді жинастырып, кітаптарына енгізген. Бұлардың арасында шафиғи мәзһәбын ұстанған ғұлама Дәрәқутнидің «Сүнән» атты кітабы кең танымал. Осы саладағы келесі мәшһүр кітаптардың бірі ретінде Хаким ән-Нисабуридің «Мүстәдрәк» атты хадис жинағын атауға болады.

Қорытындылай айтсақ, хадистер Пайғамбары-мыздың көзі тірісінде-ақ қағаз бетіне түсе бастаған. Содан кейінгі кезеңдерде мемлекет тарапынан ресми түрде жинастырылды. Тіпті жинастыру ісіне ғалымдар жан-жақты ынталандырылды. Нәтижесінде көптеген ерекше дарынды тұлғалар ғұмырын осы саламен шұғылдануға арнады. Пайғамбарымыз әуелгі кезде кейбір сахабаларынан «Менен Құраннан басқа еш нәрсе жазбаңдар» деп хадис жазуға тыйым салған болатын. Алайда, бұл уақытша жасалған тыйым еді. Өйткені, Бұхаридің жинағындағы «Китабул-илм» (Ілім жайлы) бөлімінде мынадай бір хадис кездеседі. Йемендік Әбу Шах атты бір кісі Пайғамбарымыздан «қоштасу хұтбасында» айтқандарын жазғызып беруін өтінген кезде ол: «Әбу Шахқа жазып беріңдер»[5] деген. Сонымен қатар Абдуллаһ ибн Амр бір жағдайға байланысты Пайғамбарымыздан сұраған кезде: «Жаз! (Жанымды құдірет уысында ұстаған) Аллаһ тағалаға ант етейін, бұл ауыздан ақиқаттан басқа нәрсе шықпайды» деген хадис Бұхари, Мүслим және Әбу Дәуудтің ең сенімді хадис жинақтарында кездеседі. Бұл саланың мамандары сахабалар пайғамбарымыздың хадистеріне діннің негізі ретінде қарап, көздің қарашығындай қорғауға тырысқанын жақсы біледі. Сонымен қатар, «Сонсыз нұр» атты кітабымыздың соңғы бөлімінде бұл мәселеге кеңінен тоқталған болатынбыз[6]. Сахабалардың осы ерекше ынта-ықыластарының арқасында мұсылман үмбеттері алдыңғы үмбеттер тап болған қайғылы жағдайға душар болмай, пайғамбарымыздың асыл мирасын сақтап қалды.

Мұның тысында, батыстық ориенталистер мен өз ішіміздегі кейбіреулердің жұртты даурықтырып, санаға күмән ұялатпақ болған кереғар пікірлеріне жауап ретінде көптеген кітаптар жазылды. Көбіне батыстық зерттеушілердің ықпалы тиген мұндай ағымдар алғашында жүйелі түрде Мысырда пайда болған-дықтан, ол жердің ғалымдары қажетті жауаптарды берген-ді. Осы мәселеге қатысты жазылған еңбектердің бірі – марқұм Мұстафа Сибағидің «әс-Суннәту уә мәкәнәтуһә фи тәшриил-исламии» атты кітабы. Оның артынан «Хужжиятус-суннә» (Әбдул Ғани Әбдул Бақи), «әс-Суннә қабләт-тәдуин» (М. Ажжаж әл-Хатиб) атты кітаптар жарық көрді. Әбу Һұрайраның көп хадис риуаят еткенін сынағандардың сөзіне жауап ретінде арнайы «Риуаятул-ислам Әбу Һурәйрә» атты кітаптар жазылды. Хадис пен сүннетті мойындамайтындардың пікірлеріне баяғыда жауап берілсе де, кейбіреулер бейне бір жерден жеті қоян тапқандай тарих беттерінде таптаурын болған пікірлерді қайтадан күн тәртібіне қойып, жұрттың көңіліне күмән ұялатуға тырысып жүр. Мұндай негізсіз пікірлерге баяғыда Ибн Құтайбаның кезеңінің өзінде-ақ тиісті жауаптар берілген. Одан кейінгі шыққан пікірлерге сол ғасырдың ғұламалары да дер кезінде жауап беріп отырған.

Хадистердің сахихы, әлсізі, бір-біріне қарама-қайшы келетіндерін дұрыс түсіну, ойдан шығарылған хадистерді анықтап, оларды кітаптардан айықтау мақсатында том-томдаған кітаптар жазылып, хадистер жайында туындаған көптеген мәселелердің түйіні шешіліп қойған болатын. Мысалы, ғұлама Имам Тахауи «Мүшкилул-асар», «Шәрху мәәнил-асар» атты кітаптарын осы тақырыптарға арнаған. Оқып шығуының өзі көп уақыт қажет ететін бұл екі кітап хадистерге қатысты жазылған кітаптардың бір парасы ғана. Ал, Тахауи секілді алып имамдардың хадиске байланысты жазған еңбектерін оқып шығу үшін бір адамның өмірі аздық қылады.

Яхиа ибн Саидул-Қаттан, Бұхари секілді небір хадис майталмандары Аллаһ елшісінің адамзаттың бақытына арқау болған нұрлы хадистерін бір-екі рет қайталағанда, тамсанып: «Уаллахи, бұл сөздерде ақиқаттан басқа еш нәрсе жоқ» дейді екен. Шоқтығы биік бұл имамдардан басқа, хадистер тарихын зерттеген білгірлер негізінен хадис емес, бірақ хадис деп айтылып жүрген сөздерді естіген кезде бірден: «Бұл Пайғамбардың сөзіне ұқсамайды» деп, өз пікірлерін түрлі ғылыми тәсілдерге жүгіне отырып дәлелдеген.

Аллаһ елшісінің сөздері хадис ғалымдарына бірден белгілі еді. Ғұламалар хадисті Құраннан кейінгі мәртебелі тұғырға қондырған. Оның дәрежесінің биіктігі соншалық, одан тек Құран сөзі ғана үстем бола алады. Құранның шоқтығы бәрінен биік һәм дараланып тұрады. Сөз зергерлері мен көркем сөз ұсталары өздерінің көркем туындысын хадистерден кейінгі дәрежеге көтеру үшін бір-бірімен жарысқа түскен.

Қорыта келгенде, мынадай ой түюге болады: хадис-терге қатысты негізсіз пікір тарату – көп білгендердің емес, қажетті кітаптарды оқымаған шала сауаттылардың ісі. Олардың көбісі хадистер жайлы жазылған іргелі еңбектерді оқымаған. Аталмыш еңбектерде қандай ғылыми өлшемдердің қолданылғанын, хадистер мәтіні мен оны жеткізушілер тізбегі тұрғысынан қандай күрделі електен өтіп, адамзаттың игілігіне ұсынылғанынан мүлдем бейхабар.

Пайғамбар «шабарман» емес

Бүгінгі таңда осы аталған ұшан-теңіз еңбектердің барлығын түкке тұрғысыз етіп, адамзаттың асылы хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кекетіп, «шабарманға» балаған шала сауаттылардың бұл құрметсіздігін ешбір ақиқатшыл кісінің ар-ұжданы құптамасы анық. Шын мәнінде Аллаһ тағаланың өзі пайғамбарға арадағы «шабарман» ретінде қарамай, «елшім» деген. Құранда бұл жайында «Бүкіл діндерден үстем қылу үшін елшісін тура жол әрі хақ дінмен жіберген Аллаһтың өзі»[7]  деп, пайғамбардың мәртебесін асыра айтқан аят бар. Иә, Аллаһ тағала елшінің Өзі тарапынан жіберілгенін, оны тура жол мен хақ дінге негіздеп жолдағанын ұқтырған. Ешкімнің маңдайына бұйырмаған ұлық міндетті табыстап, бұл істі абыроймен атқаруды сол бір кәміл тұлға арқылы жүзеге асырған. Сондықтан ол міндет таяз ойлылар айтқандай екі арадағы «шабармандық» емес.

Қарапайым өмірде ел арасына тағайындалған елшілер түрлі мәдениеттердің ықпалына түсіп қалуы мүмкін. Алайда, пайғамбарлардың елшілігі аса пәктігімен, үнемі ақыретпен байланыстығымен ерекшеленеді. Бұған үммилікті де қоссаңыз, көлденең ілімнің араласпағанын көресіз. Сол себепті, ол көмейіне құйылған уахиды тап-таза уыз күйінде бізге жеткізіп отырған. Пайғамбарлардың көкейіндегі уахидың былғануы мүмкін емес. Бұл да өз кезегінде пайғамбарлық қасиетті айшықтайды.

Пайғамбар сана-сезімінің тұнықтығы сонша-лық, біз оны «Ұлы фәтәнат» деп атаймыз. Ұлы фәтә-наттылықты басқалардан ақыл-парасатымен асып түсу деп түсіндіріп, оны басқадай сұңғылалықтар-дан жоғары қоямыз. Пайғамбарымыздың мықты қолбасшы, ізгі басшы, тамаша отағасы, адамзатты адамдықтың асқарына биіктеткен теңдессіз тәлімгер бола білгенін, оның осындай ұшқыр қисынға ие қасиетімен байланыстыра қараймыз. Әсілі, әрбір салада пайғамбарымыз жеткен жетістіктің біреуіне ғана қол жеткізген жан кемеңгер атанары белгілі. Алайда, біз оның осыншалықты қасиеттеріне қарай отырып, пайғамбарды «кемеңгер» деумен ғана шектелмейміз. Оны «пайғамбардың ақыл-ойы» деуге саятын, Аллаһтан берілген саф уахи мен илхамды да қамтитын «ұлы фәтәнат» деп атаймыз. Иә, Пайғамбарымыз (с.а.с.) − өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарған жан. Сол себепті халықты хидаятқа шақыру барысында Аллаһтың қалауына қайшы келетін әрекетке бармаған. Тақырыпқа қатысты жоғарыда мағынасын беріп өткен аяттың жалғасында Аллаһ тағала: «Куәгер ретінде Аллаһ жеткілікті» деген[8].

Пайғамбарымызға құрмет

Аллаһ тағаланың өзі Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығы мен сол міндетті арқалаған тұлғасын құрметпен еске алып, оның мүбәрәк есімін пайғамбарлықпен қоса иләхи міндетпен жіберілген ұлық кісілердің қатарында атаған. Осындай құрметті жанды қатардағы адамдай «Мұхаммед... Мұстафа» деп атаған адамның тәрбиесіздігі байқалады. Ал, біздер тәрбиелі болуға тиіспіз. Мен оған «Уа, Расулуллаһ» деп айтудың өзін жеткілікті санамаймын. Өйткені, бұл Аллаһ тағаланың Пайғамбарлар мырзасына үн қату үлгісі. Имам Раббани секілді асқар таудай алып ғұламалар Пайғамбарымызды үнемі әр түрлі құрметті атаулармен еске алатын еді. Елді де осындай құрметке шақырған. Алтынның қадірін бағамдай білетін бір кісі: «Хақ былай деді», «Ақиқаттың айтқаны мынау», «Пайғамбарлықтың ең соңғы мөрі болған жан», «Адамзаттың ең абыройлысы», «Замананың дара тұлғасы былай деген» сынды сөздері арқылы құрмет көрсеткен.

Иә, зер қадірін зергер ғана біледі. Алтынды қолға алған зергер оның қоспасыз тазалығын өзгелерден жақсы таниды. Осы сияқты Ақиық елші Мұхаммед Мұстафаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тануды Әбу Бәкірден (р.а.) бастап, кейінгі мұсылман үмбетінің алтын шежіресінен келген алып ғұламалардан үйренген жөн. Олардың бәрінің де бірауыздан «Ма арафнәкә хаққа марифатикә» (сені шын мәнінде тани алмадық) дегеніне куә боласыз.

Пайғамбарымыздың дінді айтып, насихаттауынан гөрі тікелей өз өмірінде іске асырып, үлгі болуы анағұрлым жоғары еді

Пайғамбарымыз (с.а.с.) дінді тек айтумен ғана шектелмеген. Аллаһтан жеткен хабарларды жеткізу оның тәблиғ міндетінің бір қырын ғана құраған. Алайда, оның тәмсіл, яғни дін әмірлерін тікелей орындау арқылы насихаттағанын да ескеру керек. Ол бұқараға бұйырылған ғибадатты артығымен істеуімен ерекшеленген. Егер пайғамбардан да артығырақ һәм лайығырақ ғибадат жасайтын біреу болғанда, Аллаһ тағала елшілік міндетті соған тапсырар еді.

Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы бір ерекшелігін Бусири қиюын келістіре отырып, өлеңіне арқау еткен: «Түнек түнде бізге түскен ізгіліктің күні едің, Сен келген соң қараңғылық жұлдыздары көкжиекке жұтылды». Яғни, пайғамбарымыздың басқа пайғамбарлардан артықшылығы – күннің басқа планеталардан айрықша болғаны сынды дарабоз тұратын. Ал, жұлдыздар мен планеталар күн жоқ та ғана көрінеді. Ал, таң арайлап атқанда барлығы дерлік дереу көзден ғайып болады.

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – күллі әнбия-лардың сұлтаны. Тіпті, Нәжіп Фазылдың айтуынша, ол − барша пайғамбарлардың пайғамбары (бұл жағы сынға ашық). Таяуда «Құдайдың сүйіктісі» деген тақырыпта өткен әңгімемізде «Хазірет Ибраһим − сыртқы шеңбер. Мұса пайғамбар болса, сол шебердің іші» деген едім. Алайда, ай жүзіндегі дөңгелек сәуле секілді аталған шеңбердің тәжі, сол нұрды түпкі қайнарынан алып сәуле түсірген жан, толған айдай хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екені сөзсіз.

Ол өз мойнына алған ең қасиетті әрі жауапты іске лайықты жан ретінде пайғамбарлықтың нұрын алған болатын. Кейіннен пайғамбарлық міндетті мінсіз атқарғаны сонша, (мұны «тәмсіл» деп атаған жөн), ол құлшылығы «Нәжм» сүресінің 9-аятында: «(Жақындығы соншалық) арада қатар қойған екі жебедей, тіпті одан да жақын қашықтық қалды» деп бейнелегендей Раббысына жақындағаны суреттелген. Тәпсіршілер бұл дәрежені сипаттағанда, көптеген есімдер қолданған. Солардың ішінде маған мына бір теңеу қатты ұнайды: «Күллі жаратылыс иелері арасында ең жоғарғы дәрежеге қол жеткізді».

Имам Бусири бұл жайлы өзгеше бір пікір білдірген: «Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адам болғаны рас, бірақ оны қатардағы адаммен салыстыру қиын».

Иә, ол да біз секілді әке мен шешеден туылған. Дегенмен, адами құндылықтармен оның қадірін өлшеуге тырыссаңыз, адамнан бір саты жоғары тұрғанын көресіз. Хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге және бүкіл адамзатқа сый ретінде жіберіліп, адамзат ағашының жемісі ретінде келгені болмаса, оның қатардағы пендеге қатыстылығы аз еді. Өйткені, ол тәннің тар құрсауын бұзып шығып, толығымен руханияттың тереңіне бойлаған ерекше тұлға еді.

Аллаһ елшісі (с.а.с.) Нәсимидің:

«Мекенім мекенсіздікке ұласып, денем жанға айналды,

Хақтың назары сезіліп, талықсып кеткенім байқалды», − дегеніндей, сол дәреженің бүкіл ерекшеліктерін көрсеткен. Күллі жаратылыс иелері арасында ең жоғарғы дәрежеге жеткенде, Қады Ияздың «Шифа шәріпінде» келтірілгендей, өзінің бос кеңістікте тұрғанын сезеді. Сол жерде раббысынан «Иә, Аллаһ тағалам, аяғымды қайда қояйын?» деп сұрайды. Сонда «Оң аяғыңды сол аяғыңның үстіне қой» деген жауап естиді.

Уахидің келуі

Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.с.) – құпиясы өзіне ғана мәлім түрде Аллаһтан уахи алатын айрықша тұлға еді. Егер уахи кім болса соған келсе, онымен бірге болғандардың бәріне де уахи келер еді. Алайда, уахи Пайғамбарымызға ғана келді. Қасындағылар оның айтқанын жазып қана отырған. Бұл оның басқалардан өзгеше болғанын ұқтырса керек.

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жары Хадиша мен көкесі Әбу Тәліп көз жұмған қаралы әрі қиын-қыстау уақытта денесімен әрі рухымен миғражға сапар шегіп, бұрын-соңды ешкімге бұйырмаған зор игілікке кенелген. Кейбір хадис кітаптарында оның тәнінен пенделік тазартылып, материалық денесіне қатысты шектеуліліктен арылып, болмысы көкті шарлайтындай күйге түскені айтылады.

Бұл айтылғандардан оның тек қана «арада дәнекерлік рөл атқармағанын» аңғарамыз. Уахиды қабыл алу − өзгеше бір сырға қатысты құбылыс. Оны сол дәрежеге жетпейінше ұғыну мүмкін емес.

Миғраж − о бастан Ардақты елшісінің құлшы-лығына берілген иләхи сый. Сондай-ақ, ол таңғажайып күй Аллаһтың бар екенін білдіретін пайғамбарымыздың кереметінің бірі. Бұған қоса, сондай бір керемет күйден Ардақты елшінің (с.а.с.) бізге кері қайтып оралуын да мұғжиза деуге тұрарлық.

Мұндай қасиеттер бұрын-соңды ешкімге беріл-меген. Ешбір жан ол секілді ерекше қадір-құрметке бөленбеген. Денесімен бірге миғражға баруы оның пайғамбарлыққа сай құлшылығының сыйы. Мінсіз құлшылық атқарғаны соншалық, Аллаһтың құлы ретінде ғибадатын артығымен орындаған. Одан аса құлшылық көрсету мүмкін емес. Бірде аяқтары күп болып ісіп кеткенше намаз оқығанын көрген Айша анамыз (р.а.): «Аллаһ тағала сіздің өткен-кеткен жаңсақтықтарыңыздың бәрін кешірмеп пе еді?! Өзіңізді мұншалықты қинағаныңыз не?», – деп сұрағанда, ол: «Уа, Айша, Аллаһ тағаланың маған нәсіп еткен сонша жақсылығына шүкіршілік жасайтын құл болуым керек қой», – деп жауап беріп, өзіне лайық ізетін білдірген болатын.

Осы бір дәрежені суреттеген Бусири былай деген:

«Аяқтары ісігенше түні бойы құлшылық жасаған кісінің сүннетіне,

Мен тәрк ету арқылы қиянат жасағандаймын».
«(Уа, сүйіктім!) Былай де: егер Аллаһты сүйсеңдер, маған бағыныңдар, сонда Аллаһ та сендерді жақсы көреді» деген аят бар. Онда «Аллаһқа бағыныңдар» делінбеген. Неге десеңіз, Аллаһқа бағынудың да өзгешелігі бар. Аллаһқа бағыну туралы бірқатар аяттарда жалпылама айтылғанымен, соның іс жүзінде нақты қалай атқарылуы керектігі Пайғамбарымыз арқылы көрсетілген. Аллаһ елшісі (с.а.с.) өз кезегінде Құран кәрімнің тамаша түсіндірушісі бола білген. Өйткені, Аллаһ тағала оған Құранды түсіргенде, аяттардың түсініктемелерін де қоса берген. Кейбір аяттардың қандай мағына білдіретінін сахабалар Пай-ғамбарымыздан анықтап сұрайтын. Құран Кәрімнің үштен екісі жай адамдарға түсінікті болғанымен,   үштен бір бөлігі міндетті түрде Аллаһ елшісінің түсіндірмесін қажет еткен. Сол себепті, ол бұларды реті келгенде түсіндіретін. Егер Құран Кәрімді осындай жоғарғы деңгейде түсіндіретін кісі болмағанда, біздер бәлкім қате түсініктерге барар ма едік, кім білсін?!

Ұлылықтың өлшемдері һәм хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)

Ұлылық жайлы кім қандай өлшемді алға тартса да, адамзаттың ішінде ешкім де хазірет Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) асық ұлық бола алмайды. «Қаһар-мандар» атты кітабында Карлейль хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «қаһармандардың қаһарманы» деп бағалаған. «Кемеңгерлер» атты кітап жазған тағы бір ғалым оны «кемеңгерлердің кемеңгері» – деген. Алайда, пайғамбарды қаһарман я кемеңгер ретінде ғана көрсеткеніміз дұрыс па? Мәселен, біз оны «қаһарман» я «кемеңгер» деп атай алмаймыз. Пайғамбар кейбір жеке мәселелердің қаһарманы ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ оны ешқашан қара-пайым кемеңгермен, қаһарманмен салыстыруға болмайды. Ол – бұндай өлшемнен әлдеқайда жоғары кемелдіктің иесі, пайғамбар әрі елші.

Иә, бұл тұрғыда кімнің қандай өлшеммен қарағаны біз үшін аса қажет емес. Ұлылықты қай тұрғысынан қандай өлшеммен бағалайық, бәрібір хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз биігінен табылары даусыз. Олай болса, Пайғамбарымыз жайлы керітартпа пікір тарататындарға аятта айтылғандай, «Анық ақиқат осы болса, сендер қайда бет алып бара жатырсыңдар?»[9]  деу керек емес пе?

Одан да пайғамбарымызға деген сый-құрметіміз бен әдебімізді сақтау үшін ғұмырымызды сарп етейік.

Қорыта келгенде, пайғамбарымыз және «пайғам-барлық міндет» жайлы таратылып жүрген әр түрлі сыңарезу пікірлерге лайықты нақты жауаптары берілді деп ойлаймын. Әсілі, мұндай бейпіл ауыздарға қақпақ болып, олармен сөз таластырғаннан гөрі, мамандарды жинап, сүннет, сүннеттің қай кезден, қалай бастау алғанын, Пайғамбарымыздың кезеңінен басталып, Омар ибн Абдулазиз кезеңінде жасалып біткен ресми жинақтау, жүйелеу істерін түсіндіріп, сол арқылы халықтың көзін ашуға тырысқан жөн. Десе де, мұндай әңгімелер халықтың көкейінде жүрген түрлі күмән-күдіктерді сейілту үшін керек. Ендігі жерде дін саласы мамандары түрлі платформаларда мұндай мәселелерді өте байыпты түрде қолға алып, халыққа түсіндіру керектігі аңғарылады. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі кезек күттірмес мәселеге айналып отырғаны шындық. Ислам дініне қатысты кейінгі уақытта талас-тартыс, дау-дамайға айналып жүрген тақырыптардың бәрінің де өзекті шындығы тілге тиек етіліп, бұқараны сауаттандыру жұмыстарын қолға алу керек.  


[1]    Адамның тәңірге айналуы немесе тәңірдің адам бейнесінде көрінуі деген түсінік

[2]    Сөз, әріп, дыбыс секілді ерекшеліктен тыс Аллаһқа тән сөз.

[3]    Бұл арнайы ресми түрде мемлекеттің қолға алып жинастыра бастаған кезі. Одан бұрын да хадистерді жинастырған жеке ғалымдар болған. (Ауд.)

[4]    М. Хамидуллах, «Мәжмәу уәсәиқис-сиясииә», Каир, 1956. Бұл хадис тарихында хадистердің ерте бастан жинастырылған-дығын айғақтайтын үлкен жаңалық болды (Ауд.)

[5]    Бұхари, Илм, 39

[6]    Автордың бұл еңбегінің 1-2- томдары қазақ тіліне аударылып «Ғаламның рақым нұры хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.)» деген атпен жарық көрді. Ал хадистердің жинастырылу тарихына қатысты кең көлемді мәліметтер қамтылған кітаптың үшінші томы әзірлену үстінде. (Баспадан)

[7]    «Фәтих» сүресі, 28-аят.

[8]    «Фәтих» сүресі, 28-аят.

[9]    «Тәкуир» сүресі, 26-аят.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.