Балалық шақтың бал дәурені

Кез келген ұлттың болашағы жас ұрпақ-тың тәрбиесіне байланысты. Сондық-тан алдыңғы толқын аға буын өзінен кейінгі өкшебасар жас ұрпаққа түбінде ел мен жерді және ұлттың төл құндылықтарын көздің қарашығын-дай сақтап, аманат етіп қалдыратынын қашанда қаперде ұстауы керек. Ол үшін ұлттық сана-сезім мен ұлттық мәдениеттің асыл құндылықтарын жас буынның бойына мейлінше терең дарыту қажет. Әйтпесе, өскелең ұрпақ көсемінен көз жазып қалған тобырдай өз құндылықтарынан алшақтап кетеді. Ұрпақ тәрбиесінде барша жұрт бірауыздан құптаған негізгі әлеуметтік құрылымдар: отбасы мен мектеп қабырғасы. Ұрпақ тәрбиесінде отбасы мен мектеп құстың қос қанаты десе болғандай. Бұлардың бірін екіншісінен жоғары қойған немесе кем көрген ешбір ұлт ұшпаққа шықпайды.

Сана-сезім мен түйсік-пайым ана сүті аузынан кеппеген баланың бойына дән секілді алғаш рет отбасы ошақ қасында егіледі. Егілген дәннің топырақтан алған нәрден бүршік жарып, көктеп-көгеретіні тәрізді бала да ес жиып, етек жапқан соң айналасына саналы түрде назар салады, сезіп-білгендері арқылы жалпы адамдық және исламдық құндылықтарды бойына сіңіреді. Уақыт өте келе бұл қасиеті тұтас өміріне бағыт-бағдар беріп, кісілік келбетін қалыптастырады. Кез келген бала ес біліп, етек жапқан шағынан бастап, үлкендердің ой-пікірлері мен іс-әрекеттерін, айналасында болып жатқан құбылыстарды міндетті түрде таразылап-тартып, өзінше пайымдайды. Балалық шақтан санасына сіңген құндылықтар рухы мен ар-ожданын қашанда «матап» ұстап, ішкі дүниесінің көрінбейтін ақ сақалды ақылгөйі тәрізді бағыт-бағдар беріп, жолын самаладай жарқыратқан шамшырағы болмақ.

Арада жылдар жылжып, ай аунаса да, адам бала кезде көріп-білгені мен сезіп-түйсінгендерін өмірлік тәжірибесінің ұлғая түсуімен тереңірек сезініп, осы құндылықтардың қазанында қайнап, біте-қайнасып кетеді.

Ең алғашқы естеліктер баланың ой-өрісі мен қиял-дау қабілетіне қарай өріліп, өз өрнегін табады. Бала өсіп-жетілген сайын сәби кезінен көңіліне түйгендері өрістеп, тереңдей түседі де, өмірінің соңына дейін оның кісілік қасиетінің айнасына айналады. Адамның сана-сезімінде бала кезден көңілге түйіп, көкейге тоқығандары өшпес із қалдыратыны соншалықты – санасына сынадай сіңіп қалған көріністер есейген шағында бойынан еріксіз көрініп қалып жатады. 

Алысқа ұзамай-ақ арман-қиялдың тізгінін аз жіберсек болғаны, бала кезден қанат бітірген талай арман жасымыз ұлғая келе ертегі секілді көрінсе де, ересек санамыздан сығалап, маздай жанып мазалап қоятынына жағамызды ұстап, таң-тамаша қалып жататын кездеріміз де болады. Ақтық деміміз біткенше өмірдің ойлы-қырлы кезеңдерінде сол баяғы балдай балалықтан санаға сіңген жайлардың жадымыздағы жаңғырығынан бірде жүрегімізді шаттық кернеп бақытқа бөленсек, енді бірде тұла бойымыз түршігіп, үрейленіп жататынымыз өтірік емес. Иә, бойымыздағы адамдық қасиеттер – атадан алған асыл мұра. Ой-қиялдарымыз, арман-тілектеріміз уақыты келгенде бізден кейінгілерге көшіп, болашақ ұрпаққа өтіп, осылайша ұлттың ізгілік ұясына айналған құндылықтары ұрпақтар сабақтастығы арқылы ұзағынан сүйіндіріп, өз жалғасын тауып отырмақ. Біздің бойымызда адамгершіліктің аса таяғындай асыл құндылықтарды қалыптастырған кестенің бізіндей мінез-құлқымыз, ұлағатты ұлттық қадір-қасиетіміз, қоғамдық, әлеуметтік болмысымыз, кісілік қасиеттеріміз, рухымызға жігер беретін шабытты шақтарымыз, көңіл құлазытар олқылықтарымыз, үмітсіздікке салынуымыз, тіптен барша арман-тілегіміз, міне, мұның барлығы ықылым заманнан ығысып келіп, ата-бабадан таспадай тілініп, тақтайдай боп жеткен дүниелер. Бұл дүниелер кіршіксіз пәк болумен қатар, ғасыр дертіне айналып, зәрін шашқан у болып та жетуі мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда, есейгендегі әрбір әрекетіміз балалық шақта жүрек пен санаға егілген тұқымның түйін тастауы десе де болғандай. Асық атып, я қуыршақпен ойнаған бал дәурен балалық шақта ой мен сезімге егілген әрбір жауһар уақыт өте келе кісілік болмысымызды қалыптастырып, кісі санасындағы көзге көрінбейтін, сыртқа сезілмейтін адамдық сана-сезімнің төрге оздырар төл бастауы болмақ. Балалық шақта ізін суытпай берілген ізгі тәрбие өмір бойы қорғаушы періштедей рөл атқарып, әрдайым туралыққа бастайды.

Балалықтың бал дәуреніне тән шындық пен қиял араласқан айрықша әлем қазіргі дүниетанымымыздың іргетасы деуге келеді. Толағайдай тау қопарған ерен істеріміз, еңселі ойларымыз, сыптай түйінген тұянадай көзқарастарымыз, көңіл көркейтер жетістіктеріміз, міне, бұл айтылғандар бала кезде іргесі қаланған дүниетанымның жемісі. Дегенмен, осы қасиеттер әу бастан бапталмаса, қауызын жарып бүршік атпастан шіріп кеткен дәндей өшіп, семіп кете бармақ. 
Балалықтың базарлы шағы адамның арман-қиялымен біте қабысқаны соншалықты – есейгенде де сол әлемнің тәтті қиялдарынан түс көргендей арыла алмай жатамыз. Сондықтан, балалық пен жастықтың, жастық пен есейген шақтың өзара тығыз байланыстылығы соншалық – олардың қашан басталып, қай жерде бітетінін дөп басу қиын.

Бала кезде түпсанада өшпестей із қалдырған көптеген құбылыстардың мән-жайын толық түсіне бермейміз. Адамдық табиғатымыз бен мінез-құлқы-мызға оның бояуы сіңгенін кейін, уақыт өте келе байқап, сезінеміз. Бейне бір балалық шақта тағдырымыздың қалай болатынын түсімізде көріп, кейін есейген шақта осы түсті шын өмірде көріп жатқандай ғажайып сезімге бөленетініміз және бар.
 
Қашанда оқиғалардың сырын алдырмайтын сыртқы көрінісіне ғана мән беріп, үстірт пайым жасайтын адам ақылы көз алдындағы қарайған мәселелердің шырмауымен әлек болып жүргенде, бойындағы сезім, рухани таным тәрізді қарым-қабілеттер ақылдың өресі де жетпейтін, уақыт ұғымынан тыс талай тылсым ақиқаттардың мәніне терең бойлай алады. Рухани танымы тереңдеген сайын өзінің жаратылу сырын ұғынып, мәңгілік өмір тәрізді ақиқаттар санада айшықтала түсіп, жан-дүниесі шуаққа шомады.
 
Сондықтан болар, ес біліп етек жиған сәттен бас-тап, көріп-білген, тыңдап-сезінген барлық жақсылық, әдемілік атаулының ешбірі зая кетпей, санамызға шегеленіп, бойымызға құт боп дариды. Әрине, кейін келе әлгі қасиеттердің керегесін кеңейтіп, иінін қандырып, қалыпқа салатын, дамытып, өркендететін нағыз тәлімгерлер ғана болмақ. 

Иә, балалық шақта сана-сезімге қазықтай қағы-латын сол бір даналық тұнған мағыналардың сырына малтығып, адам терең ұғып жарытпаса да, уақыты келгенде, оның төркінін түсінеді. Міне, осылайша адамның кісілігі қалыптасып, әу бастағы тәрбиемен келген қасиеттері орныға түседі.

Алайда балғын балалық пен жалынды жастық шақта бойға сіңген құндылықтар көздің қарашығын-дай қорғалмаса, оның орнын мүлдем жат дүниелер жаулап алатыны бар. Балалық шақта түпкі мәні түсініксіз көрінген адамның өз бойындағы және оны қоршаған ортадағы құбылыстар үлкен ақиқаттарға апарар жіптің бір ұшы да болуы мүмкін. Сондықтан, сиясы өшіп, өңі кете бастаған жазуды үстінен қайта қалам жүгіртіп, айқындап, айшықтай түскені тәрізді балалықта негізі қаланған құндылықтарды әрқашан жаңғыртып тұру қажет.

Ал егер бала бойындағы пәк сезімдер мен адамгершілік құндылықтар мектеп қабырғасында, жастықтың жайлауында есейіп, ересек тартқанда, ақыл мен парасат арқылы шыңдалып, шырайы келтірілмесе, кез келген заматта өшіп, жоқ болуы ғажап емес.

Ендеше, бала бойына отбасынан дарыған қасиеттерді қатаң сүзгіден өткізіп, жақсысын жарқыратып, жаманын түп-тамырымен жою мектептің басты міндеті болса керек. Егер мектептегі тәрбие дұрыс болмаса, отбасында жарытып, үлгі-өнеге көрмесе, тәрбиесіздік кең өріс алады. Сондықтан мектеп өз міндетін мүлтіксіз атқарып, баланың бойына бар асылды дарытып, тәрбиесін шыңдайтын мекен болуы қажет. Міне, осылай болғанда ғана адам гүл аралап бал жиған ара тәрізді өмірінің әр кезеңінде жүрегін асыл жауһарлармен толтырып, өмірінің мәні мен сәнін кіргізбек.

Осы орайда айта кетер тағы бір жайт, баланың мың жерден дарынды, зейінді, зерек болғанына сеніп қалмай, оның қарым-қабілетін шыңдап, бойында жасырын жатқан жауһарды аршып алып, жарыққа шығару – ұстаздардың міндеті. Осы тәлімгерліктің арқасында бала бойындағы қарым-қабілет түгел ашылып, ой-өрісі мен көңіл көкжиегі кеңейіп, ұлттық құндылықтармен рухын сусындата отырып, асқақтаған арман-мұраттарының шалқар дариясына желкен ашпақ.

Мектеп қабырғасында бала барша ғылым нәрімен сусындаумен қатар, дін, ұлт, мемлекет пен халық-аралық жағдайға байланысты барлық мәселелерде танымы мен ой-өресін кеңейтіп, барлық ісін ақыл-парасатпен, жүйелі оймен жүзеге асыруды үйренуі қажет. Өйткені, жан-жақты ойлау мен жүйелі іс-әрекет ғылымды өркендетіп, адам бойында хикметтің (даналық) орнығуына жол ашады. Айдар таққан алдияр ақылдың рухани таным мен шабытқа қақпасын айқара ашып, өз орнымен қолданылуын «хикмет» деп атаймыз. Ал мұндай хикмет діннің, көркем мінез-құлықтың (ахлақ) және өмірдің өзіндей өнердің де ең мызғымас тірегі әрі қайнар көзі болып табылады.

Осы тұрғыдан алғанда, жас ұрпақтың бойына ғылым-білім мен рухани құндылықтарды қатар егу, ұлтының мерейін үстем қылатын дара қасиеттерді бойына сіңіру, қайсыбір дәуірде ұлы мәдениет құрған ата-бабаларын үлгі етіп, озық мәдениет тудыратындай рухын көтеру – идеалды мектептің негізгі мақсаты. Әрине, жас ұрпақты рухани әрі ұлттық құндылық-тардың жалынды жаршылары етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен, ұстаздар өздері бастап, жастарға үлгі болуы қажет. Жаһанданудың үңірейген өңешінен бас қылтитқан жат мәдениет барша дүниені жалмап жатыр, жұтып жатыр. Қайырымынан гөрі қатері басым мұндай заманда рухани құндылықтарымыз бен кәміл адам болудың тұғырын тіктеп, еңсесін көтеруіміз қажет-ақ.

Бұлай етпесек, жастар рухани құндылықтардың құны көк тиын қазіргі дәуірдің сұрапыл екпініне шыдамай рухани әрі ұлттық санасы аяусыз ойрандалады. Өмір ағысына отбасынан жақсы тәрбие алып қосылған күннің өзінде жастар бойындағы бар асылынан айырылып, жер сипап қалуы бек мүмкін.


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.