Кіріспе

Үкілі үміт (таңдамалы-4)

Ислам тарихына қарасақ, мұсылман ғалымдарына үлкен жауапкершілік артылғанын көреміз. Олар халықтың діни сауатын ашып, көкейдегі сауалдарына жауап беріп, елді руханиятпен сусындатып отырған. Құран аяттарындағы мазмұнды ашып түсіндіру, хадистерді талдап, бүгінгі күнге керекті кеңестер түю, елді тура жолға бастау, жақсылықты дәріптеу – бәрі де ғалымдардың міндеті болып саналған. Қолдарыңыздағы еңбек те осындай жауапкершілікті арқалап отыр. Белгілі ғалым, ойшыл Фетхуллаһ Гүленнің бұл кітабында бірқатар маңызды қоғамдық мәселелер талқыланады. Атап айтқанда, алғашқы тақырып мақтансүйгіштікке арналған. Адамның өз-өзін мақтауы, көпірме сөздерге еліруі, істемеген істерін де істегендей көрсетуі қаншалықты ұнамсыз әдет екенін ғалым жете түсіндіріп былай дейді:

«Шынайы мұсылман әрқашан кішіпейіл болуы қажет. Жүрегіне иман ұялаған адам өзінің Аллаһтың құлы екенін ешуақытта ұмытпайды. Мүмин өзін өзге жұрттан бөлек көрмейді, жұрт қатарлы адаммын деп санайды. Тіпті, Аллаһтың мейірімінен мақұрым қалса, бордай тозып, азғындыққа бет түзейтінін ойлап, уайымдайды. Сондықтан да мақтау мен марапатты ұнатпайды. Қошемет пен ілтипатты жақтырмайды. Кез-келген біреу оған арнап керемет мақтау айтып, Фирдәусидің дастанындай жыр жырласа да құлақ аспайды, өзін «сондай екенмін» деген алдамшы ойға берілмейді».

Ол адамзат мақтанышы Мұхаммед пайғамбары-мыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы тұрғыдағы хадистерін келтіру арқылы мұсылмандарды бұндай нашар әдеттен сақтандырады. Сахабалардан сабақ алуға шақырады.

Адал мен арамды ажырату қиынға соққан бүгінгі таңда мұсылмандар үшін астың адалына мән берудің мәні де ерекше. «Мүмин киімінің жіптерінің де харам немесе күдікті заттардан алынбауына өте мұқият болуы қажет. Білмей істегендерінің кесірінен әрқашан Хақ тағалаға сиынғаны жөн. Харамға бойлаудан қатты қорқып, етек-жеңін жиып жүруі тиіс» деп, ерекше тақуа болуға шақырған ғалым ұрпақтың арлы болып өсуін де жеген астың адалдығымен тығыз байланыстырады. Бұл тұрғыда ол былай дейді:

«Харам жолмен табыс табу – жаһаннам заққумын ғана өсірмек. Ішіп-жемі харам болған балалар бір күн болмаса бір күні міндетті түрде я әке-шешесіне немесе қоғамына қан құстырады. Ішкеніміз харам, жегеніміз харам, кигеніміз харам болып, өміріміз харамның ми батпағында қорлықпен өтсе, рухани өміріміз де құлдырап, қожырай түседі. Мұнымен қоймай, балаларымызды да ізгіліктен мақұрым қалдырамыз. Уақыттың, заманның өзгеруі сылтау бола алмайды. Айналамыз түгел харамға белшеден батып, дүниенің соңын қуалап кетсе де, біз харамға жоламауға тиістіміз. Әсіресе, бағып-қағуға міндетті отбасымызды хараммен асырауға еш хақымыз жоқ!».

Ғалымның өзіне қойылған сауалдарға берген жауаптары соны ойлары мен тың пікірлерге бай. Ол қазіргі бетпе-бет кездесіп отырған рухани проблемалар үшін таптырмас ем. Кітаптың «Ұмытшақтық және оның дауасы» деген бөлімінде автор өз ойын былай деп сабақтайды:

«Менің ойымша, адамның зейінін нашарлататын ең қауіпті індет – нәпсіқұмарлықты қоздыратын факторлар. Бүгінгі таңда отбасы мен қоғамдық орта жастардың жақсы тәлім-тәрбие алуына тиісті жағдай жасай алмай отырғаны жасырын емес. Қоғамдық өмірді жайлаған түрлі пікірлер адам санасын кірлетіп, рухын жасытуда. Бүгінгі адамдардың зейін-зердесін теледидар бағдарламалары, интернет, компьютерлік ойындар, шым-шытырық хабарлар, саяси айтыс-тартыстар, спортшылар мен өнер адамдарының тұрмыстық өмірінің бүге-шігесі, сенсация тудыру үшін ойдан шығарған түрлі қауесеттер, өтірікті шындай қылып көрсететін көзбояушылық пен аяр қылықтар жайлаған. Онсыз да әбден әлсіреген зейін-зердені, ақыл-ойды осы аталған факторлар шырмауықтай шырмап тастаған. Адам бойындағы нәпсіқұмарлық сезімдер қозып, бойындағы ізгі қасиеттер өшуде. Осының салдарынан бүгінгі адамдардың оқып-тоқуы, үйренуі, тереңнен толғап ойлануы қиындап, зейін-зердесі құлазыған қу тақырға айналып барады. Өкінішке орай, бүгінгі адамдар харам нәрсені тыңдау, сөйлеу, қарау сынды күнәлардың шеңгелді қыспағында рухани тұрғыдан құнарсызданып бара жатқаны ащы шындық».

Кітапта бұдан басқа да жұмыс беруші мен жұмысшы құқығы, перзент сүю құштарлығы, жалқаулық, дуаны қайтару сынды маңызды тақырыптар сөз болады.

Баспадан

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.