«Әлгіндей ауыр сөздерді күпірлікте жүргендер де айтпап еді»

«Әлгіндей ауыр сөздерді күпірлікте жүргендер де айтпап еді»

Құрметті Фетхуллаһ Гүлен көп уақыттан бері үнсіздікті таңдап келді. Қоғамда көп талқыланған мәселелерге орай алғаш рет пікір білдірді. Елде орын алған 17 Желтоқсан жемқорлық әрекеті, Ергенеконға қатысы барлардың түрмеден босауы, өзіне жабылған жала, 30 Наурыздағы аймақтық сайлауларға дейін елдің қызығушылынын тудырған оқиғаларға байланысты сауалдарға шынайы жауап берді. 5 күнге созылған сұқбатымызда Гүленнің Түркияның осындай қиын жағдайда бастан өткеріп отырған оқиғаларына деген ой-пікірімен танысасыз.

Сұқбат алу үшін жанына барғанымызда көңілі жабырқау еді, тұнжырап отырды. Алайда еңсесін бұрынғыдай тік ұстады. Өзіне қардай боратылған сөздерді жүрегіне ауыр қабылдағаны байқалды, алайда ол жағдайлар оны зәредей де үмітсіздікке салмапты. Қайта қою қараңғылықтан кейін жарқырап шығатын күн үшін дұға ететін. Уақыт өте келе айналаның шуақты сәулеге бөленетініне деген сенімі толық. «Жалаға душар болу, айла-шарғыға тап болу қашанда осы жолдағылардың маңдайына жазылған тағдыры болған әрі болуын жалғастыра береді де. Уақыт өте келе парасаттылық пен көрегендік барлық нәрсені ысырып тастаған. Көрегендіктің алдында ешбір айла-шарғы, жалаға орын жоқ» деді де мынаны қосты: «Шіркін, осындай айла мен секемдерге бой шалдырғандар, өздері жүрген жолды Құран мен сүннеттің аясында қайтадан бір қараса ғой...»

Барлық таласты мәселелерді Жамағатқа (Гүлен жамағатына – ауд.) арта салатынына ренжулі еді. Қоғамға түсіндірме жасай алмаған барлық мәселені Жамағатқа арта салу әрі өзін судан таза, сүттен ақ көрсетуге тырысу секілді әдеттің белең алып бара жатқанына назар аудартты. «Әскерге қастандық» ұғымын біреулердің жасап отырған ойынына ұқсатты. Қандай жағдайда да заң мен жалпы адамдық құндылықтарды жақтаудың маңызына тоқталды.

Соңғы уақыттарда жеке басыңызға өтірік аралас небір жала жабылды. Ауыр сөздер айтылды. Бұндай жалалар кезінде жақ ашпадыңыз, неге жауап қатпадыңыз?

Әрине, қатты ренжідім, күйіндім. Қолдарындағы қандай құжаттарға сүйеніп осындай нәрселерді айтты, әлі түсіне алар емеспін. Ол сөздерді, күнәлі, ауыр сөздерді айтқым да келмейді, ондай сөздерді тарих бойы кәпірлер мүминдерге айтқан емес. Соны айтқандарға ол сөздер жараспады. Өтірік айтты демеймін. Бірақ көп жайтты бұрмалап елді шатастырғаны анық. Өз-өзімді былай деп жұбаттым: әр кезеңде, өте-мөте бүлік белең алған уақыттарда адамдарға жала жабылған, мүминдердің беделіне нұқсан келген, осындай кездері кейбір кісілер мәселенің байыбына бармастан біле тұра я білместен солардың шашбауын көтеріп күнәға ортақтасқан. Біз кімбіз?... Бақытты ғасырда Айша анамызға жала жапқандар болды. Одан да сорақысы атеистер Аллаһқа да жала жапты. Құранның қаншама тұсында осындай жалалар туралы айтылады. Мәселен, «Аллаһтың баласы бар», «Періштелер Құдайдың қыздары» деді. Жаратушы иеге қарсы айтылған осындай ойсыз, өресіз сөздерге үнемі қынжыламын. Осындай жаланы Аллаһқа, пайғамбарларға, әулие құлдарға да жапқан. Қазіргі уақытта кейбір мүминдер мен секілді Қытмирға да жасапты. «Сол да сөз болып па?» деп өз-өзімді жұбатамын...

Әркім өзінің тәрбиесін аңдатады. Бойында зұлымдық барлар жәбір көрсетеді. Сендердің өмірлік ұстанымдарыңда тістейтін тістер болмағандықтан тістей алмайсыздар. Осылай болғаны анағұрлым жақсы. Солар-ақ жәбір көрсетсін, жәбір көрсетуін доғармасын. Біз сақ әрі сергек жандарға Жасаған иенің рақымы мен кешірімін тілейік. Қате жолға бармай оларды құтқаруын өтінейік. Жалаға душар болу, айла-шарғыға кезігу қай кезде де осы жолдың жолаушыларының маңдайына жазылған, солай бола береді де. Уақыт өте келе көрегендік пен парасат барлық нәрсені жуып-шайып жоқ қылған. Көрегендіктің алдында ешқандай айла-шарғы, жала қарсы келе алмайды. Шіркін, осындай айла-шарғы мен секемге бой алдырғандар өздері жүрген жолды Құран мен сүннетке қаншалықты сай келетінін тағы бір рет қарағанда ғой...

Өзіңіз жиі айтатын Фузулидың мына өлең жолдары қазіргі жағдайларды түсіндіруге жеткілікті ме? «Доста опа, әлемде мейірім жоқ, Дерт көп, дәрмен жоқ, дұшпан күшті».

Достарымыздың бәріне жуығы достық пейілін, опасын білдірді. Тіпті сонша өсек-аяңға қарамастан достарымыздың арасында бір-бірінен суып кету болмады деуге болады. Көңіл әркім өз қадіріне сай әрекет еткенін қалайды. Кейде бұл толықтай жүзеге аспайды.

Кейбір сыралғы, талай жылғы достарымыздың ақиқат үшін суырылып алға шығып, әлдене деуін күтуге құқымыз бар ма білмеймін. Алайда жоқ дегенде мынаны айтумен шектелейін: Тек жақсы күнде ғана дос болуды кей кісілерге жарастыра алмадым.

Мен пақыр үшін жанын беруге даяр екенін айтатын бір кісі бар еді. 12 Наурыздан кейін (1980 ж.) түрмеден шықтық. Бозяка жатақханасын жаңа салып жатқанбыз, соны бітірсек дедім. «Ұстаз, Құдай үшін мені араластырмай-ақ қойыңызшы» деді. Осындай күрделі кезеңдерде морт кетпеу өте маңызды. Әркім өзінің адамдығына қарай адам. Ешкімге ренжімеу керек, кімнің басын төмен салбыратып, жер болатыны онсыз да ақыретте белгілі болады. Біз ақырет үшін осылардың барлығына да шыдаймыз. Өйткені мәңгілікті қалаймыз. Аңсарыңыз мәңгілікке ауған болса, бұл жалған дүние соншалықты көңіл бөлуге тұрмайды.

Біз өзімізге жасалған барлық жамандықтарды кешірдік. Әлем естісін. Алайда дінге залал келіп, киелі жәдігерліктерге тіл тиген болса, оның есебін міндетті түрде иесі сұрар. Еш күтпеген жерден залал келтірушінің аяғын аспаннан келтірер. Анығында ондай болғанын қаламаймыз, өйткені адамның көңілі гүл секілді болуы керек. Сөзі де гүл секілді болуы керек, сонда жүріп өткен жерлерінде әтірдің жұпар иісі аңқиды.

Төңкерістерде көргендерімізден он есе артық жәбір-жапа бар

28 Ақпанда ең көп жәбір шеккендердің бірісіз. Тарихта еш болмаған БАҚ жарияланымдарынан кейін сотта істі болып, сотыңыз сегіз жыл бойы жалғасты. Барын сізге қарсы бағыттап отырған бір топ 28 Ақпан оқиғасына сіз қолдау білдірдіңіз дегенді алға тартып, беделіңізді түсіруге қайта жол іздеуде. Бүгін де дәл сол оқиғаларды бастан кешіп жатқандай әсерде емессіз бе?

Бұндай қысымға талай рет тап болдық. 12 Наурыз Меморандумында «Мемлекеттік органдарға астыртын өтуге әрекет» жасады деген кінәмен 6 жарым ай түрме... 163 бап сол күндері марқұм Өзал алып тастағанға дейін жаналғыш тәрізді мұсылмандардың басынан кетпейтін. 12 Қыркүйекте (1980) 6 жыл бойы дәл бір қылмыскер тәрізді іздеуде жүрдім. Үйге баса-көктеп кіру, тінтулер жүрді. Достарымызға күш көрсетілді. Бір жағынан қарағанда төңкеріс пен бақылауда өмір сүру салтымызға айналды. Қазір өзіміз көріп отырған жағдай әскери төңкеріс кездерінде көргендерімізден 10 есе артық...

Осының бәріне қарамастан тағдырыма налымаймын. Бұл жолы әскери емес азаматтық негізде бір құбылаға жүз бұрамыз деп ойлайтын адамдар тарапынан ұқсас жағдайға тап болудамыз. Бұның жығылған үстіне жұдырық екенін айтпау өтірік болар. «Е, бұл да өтер» деп сабыр етуден басқа қолымыздан ештеңе келер емес.

28 Ақпанда одан да үлкен антидемократиялық оқиғалардың орын алмауы үшін барынша әрекет жасадым

Сіздің 28 Ақпан кезеңінің үкімет басшысы Нежмеддин Ербакан мен үкіметтің аралық басқаруына қатысты сындарыныз сөз болуда. Сондай-ақ төңкеріске қолдау білдіргеніңізді алға тартуда...

Рефах партиясының сайлауда озып шығуымен қатар Түрік Қарулы күштері ішінде бір қозғалыстың орын алғаны елдің бәріне мәлім. Бұлттар жинала бастағанмен әлі дауылға айналмаған кез. Анкарадағы марқұм Явуз Гөкмен мен Фехми (Koру) мырза есімде. Фатих (Чекирге) мырза да бар еді. Сол жолдастармен де осы сезімдерім мен ойларымды бөлістім. Мейлінше әділетсіз әрі дөрекі қарсылықтарға тап болдым. Анығында сол қауіпті көріп тұрған басқалар да бар еді. Сусурлук шуымен бірге орын алған қоғамдық қарсылықты өз пайдасына жаратқандар төңкерісті іске асырғанда іс ушығып кетті. Сусурлуққа қатысты Ұлттық Қауіпсіздік қызметі дайындаған баяндамада соңғы сәтте мен пақырдың атын қосқан. Бұны кімдер жасағанын кейіннен естісем де мүминдерді әшкерелемедім, жүрегіме жасырдым. Кейін 28 Ақпан оқиғасы орын алды. Әлгі белгілі мәлімдеменің екінші бабы мектептердің Тевхиди тедрисат (Білім жүйесін бірыңғайлау) шеңберінде мемлекетке өткізуді талап етуде еді. Мәселе барынша ушығып бара жатқан сол кезеңде ұлтымыз үшін мейлінше аз залалмен құтылудың жолдарын іздегенде, көптеген адамдар секілді оның бір шарасы ретінде сайлауды ерте өткізген жөн деген ойға келдім. Жаңа бір сайлау заңымен сайлауды ерте өткізу керектігін айта бастадым. Бұны мен пақыр ғана айтпадым. Коркут Өзалдан бастап, көптеген адамдар осы пікірді жақтады. Тіпті сол күндері үкіметті қолдаушылардың да арасында осылай ойлайтын әрі бұны газеттердің алдыңғы бетіне бергендер болды. Архивтерді ақтарып қарар болса, кімнің не айтқаны, жазғаны көрінеді.

Мына мәселе де болды. Елде қалыптасқан төңкеріс ауанын сол кездегі Еңбек министрі марқұм Нежати Челик мырзаға да айттым. Куәгерлерім де жоқ емес. Аладдин Кая мырза мен Мелих Нұрал мырза сол кездесуден хабардар. «Үкіметті құлатуды жоспарлауда...» дедім. Антидемократиялық оқиға орын алмаса екен деп барынша әрекет жасадым. Нежати мырза алаңдаушылығымды тебірене тыңдады, тұрып кетті. Марқұм Ербакан мырзаға барып жағдайды баяндапты. Алайда ол жерден «оқиғаның алдын алайық» дегендей әрекет жасалмады.

Тансу (Чиллер) ханымға да төніп келе жатқан қауіпті жеткізіп айтуға тырыстым. Болып жатқан керітарпа әрекеттерді жеткіздім. Тансу ханым «Ұстаз, әлімізден аспайық» дегенде, іштей қапаландым. Егжей тегжейіне бармадым. Ешкімге еш нәрсе айтпағанымды байқағанда, өзімізге жақын аймақта орын алған оқиғаларға ұқсас жайттардың алдын алу үшін бір нәрсе айту керектігін сезіндім.

«Ерте сайлау» ойындарды бұзуы мүмкін еді

Біреуге «соны орындай алмадың» деп кінә артатындай мен кіммін?! Бәріне, әсіресе, ұлтты басқарып отырғандарға қандай құрметпен қарайтыным баршаға мәлім. Сол күні хазірет Әбу Бәкір мен Омар ибн Абдулазиз секілді ірі тұлғалардан мысалдар бере отырып, басшылықтан бас тартудың қуғындалу еместігін түсіндіруге тырыстым. Егер халықтың таңдауына қалдыру үлкен келеңсіздіктердің алдын алатын болса, бұны 27 Maй мен 12 Қыркүйек үшін де айтуға болады, соны таңдау керек. Өйткені 27 Сәуір меморандумынан кейін Әділет және Даму партиясы үкіметі бір апта ішінде ерте сайлау өткізіп, осы келеңсіздікті болдырмады. 28 Ақпанға ұқсас әдістермен төңкерілуі мақсат етілген билік халықтың таңдауына арқа сүйеп, сайлау жәшіктерін ортаға қою арқылы ойынды бұзған еді. Менің де айтқаным осы еді: «Сайлау заңын өзгертіп, халыққа сайлауды ерте өткізіңдер».

Мынаны айта кеткен жөн деп ойлаймын. Сол күнгі Сусурлук баяндамасы мен 28 Ақпан Мәлімдемесіне жақсы қаралса, әскердің әуелгі көздегендерінің бірі осы Қозғалыс (Гүлен қозғалысы ауд.) болғандығы байқалады. Кейін көргендеріміз, сол пиғылдың жүзеге асуы болатын. Бұған кері нәрсе айту ынсапқа да, ақиқатқа да қайшы.

Түсіндіру қиынға соғатын барлық нәрсені Жамағатқа сілтей салатын әдет пайда болды

Бұрынғы жүздесулерімізде «Жамағат Фенербахчені қолға түсірмек...» деген алып қашпа сөзге тосын қарағаныңызды, бұны түсінуде қиналғаныңызды айтып едіңіз. Қазіргі жаңа мәліметтер аясында бұған алып қосарыңыз бар ма?

Иә. Фенербахче тамаша спорт клубымыз. Байқай алғанымша, басқаруы, көрермендері және жанкүйерлері жағынан бір-бірімен тонның ішкі бауындай. Бұл кісі қызығарлық жағдай. Бұл кімге жайсыз тимек? Мен Галатасарай Европада жеңіске жеткенде, қатты қуана мақтаныш етіп едім. Бешикташ, Трабзонспор және басқа да командаларымыздың бәрі де жеңістен жеңіске жеткенін қалар едік. Әлемде көзге түссін. Фенербахченің билігін өзіне қаратып алу, Галатасарайды ықпалына түсіру секілді жағдайларды саясаттан тыс мақсаттармен қалай түсіндірмексіз? Қоғамға түсіндіру қиын әр мәселені Жамағатқа арта салу, өзін судан таза, сүттен ақ көрсету әдеті дағдыға айналып барады. Қазіргі уақытта жаңа мәліметтер негізінде бұның да жала екендігі анықталды.

«Қастандық» сөзі ойын ғана

Ергенекон сотынан бастап қоғам тарапынан жіті қадағаланған соттарда кең түрде түрмеден босатылу үрдісі белең алды. Бұған көзқарасыңыз?

Заңдық жүйе, құқық нені талап етсе, соны жақтаймыз. «Айла» сөзі ойын ғана. Өздерінің істегендерін Жамағатқа жаба салғылары келді. Бір кісіге бола Мәжілісті шақырып, заң шығарды. Дәл сондай жағдайды осы кісілер үшін де жасауы мүмкін елі. Босату басқа, соттау мерзімі басқа. Сотталулары жалғасуда. Заң шешімін құрметпен қабылдау керек. Біз ылғи да заңды және жалпыадамдық құндылықтарды жақтап келдік. Бұдан кейін де осы үрдісімізден таймаймыз. Ең қиын жағдайда шабуылға тап болсақ та, заңды құрметтеуден қылаудай қия баспау керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.