МЫҢ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ


Түрк тілдес халықтардың, бүкіл түрік дүниесінің тарихи Отаны – Орта Азия, соның ішінде Қазақстан. Бәріміздің түбіміз бір, атамыз бір, анамыз бір, тарихымыз бір, дәстүріміз бір, салтымыз бір. Ұзақ тарихтың шеңберінде әр түрлі аумалы-төкпелі заманды, тағдырды басымыздан әрқалай кешкен елміз. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ер түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па», – деген. Иә, қазақ – сол қара шаңырақты ұстап қалған халық.

Бабаларымыздың біразы бір замандары қасиетті Атажұрттан шығып, сонау Батыс пен Шығысты тоғыстырып, сан алуан мәдениеттердің кіндігіне айналған Анадолыға жетті. Әртүрлі саясаттың кесірінен бір анадан тараған бауырлардың арасында мың жылдай қарым-қатынас болмады. Бір-бірімізбен жолыға алмадық, табыса алмадық. Заманымыз, тағдырымыз солай болды. Біздер мың жылдан кейін ғана қайта табыстық, тіпті, жылап көрістік деуге болады. 1991 жылы тәуелсіздігімізді жариялаған кезде 19 минуттан кейін Қазақстанның тәуелсіздігін танып мойындаған Түркия мемлекеті еді. Қуанышы қойнына сыймай, бізді тәуелсіздігімізбен құттықтаған алғашқы мемлекет. Ататүрік өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында көрегендікпен: «Кеңес Одағымен жақсы доспыз біз. Бұдан былай да достығымыз жалғаса береді. Бірақ Кеңес Одағының тағдыры қалай болады? Оны біз білмейміз. Ал олай-бұлай болып кетсе, оның қарамағында түрк тектес бауырларымыздың бар екенін ұмытпайық. Түркия ең алдымен соларға қол созуы керек!» – деген екен. Не деген данышпандық, қалай сезген деймін мен бұл күнде таңғалып!

Сол кездегі Түркия мемлекетінің басшысы Тұрғыт Өзалмен үш рет кездестім. Байсалды, сабырлы, ақылман, кемеңгер жан еді. Ататүріктен кейінгі бүкіл көк түріктің, түрк дүниесінің ақылман ағаларының бүкіл түрік халқын жанындай сүйетұғын, түрік халықтарының тағдырына жаны аши-тұғын кісі еді. Түркия мемлекетінің басшысы тәуелсіз Қазақстанға алғаш ресми сапармен келгенде, мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер-министрінің орынбасары едім. Елімізге келген сапарында жанында жүрдім.

Ол кісі Елбасымызбен оңаша отырып сөйлесті. Алматыдағы резиденцияда таңертеңгі шайды ішіп отырғанымызда, Тұрғыт Өзал бір әңгіменің тиегін ағытты:

– Нұрсұлтан бауырым, – деп бастады сөзін. – Біз бұл жолдан өткен елміз. Сіздер, бұл жолға енді ғана түскен жас мемлекетсіздер! Басымыздан кешкенімізді айтайын. Бәлкім, тәжірибеміздің кейбірі сіздерге қажет болуы мүмкін. Біріншіден, стратегиялық объектілерді мемлекеттің қолынан шығармау керек, оны мемлекет барынша өзі ұстап тұрғаны абзал. Екіншіден, тұрмыс қажетін өтейтін салалардың бәрін жекеменшікке беру керек. Оны мемлекеттің мойнына мінгізудің қажеті жоқ. Үшінші айтатыным, байланысты тез орнату керек. Өйткені, байланыс болмаса, байлар келмейді. Олар барған жерінде қолма-қол өз елімен тікелей байланысқа шығып, мәселені тез шешетіндей болу керек. Ал байлардың келуі үшін жақсы мейманханалар, қонақ үйлер керек. Мейманхана, қонақ үй салуға, байланыс жүйесін жақсартуға көмекті біз береміз. Біздің елде айдалада отырған үйлердің бәрінде байланыс жүйесі орнатылған. Жер жүзімен қолма-қол байланысқа шығады.

Кейін осыған көзім жетті. 1992 жылы Түркия мемлекетіне тұңғыш рет қазақ мәдениеті күндерін өткізіп, ең мықты өнерпаздардан құралған делегацияны басқарып бардым. Сол жерде ұйымдастырылған пресс-конференцияда, қазақ мәдениеті күндерінің өтетінінен халықты құлақтандырып үлгерген Түркия бұқаралық ақпарат құралдары алдында: «Осы күнді біздер ана жақта, сіздер мына жақта мың жыл күтіп, аңсадық!» – дедім.

Осы ресми сапарымызда қазақ мәдениеті мен өнеріне Анкара, Ыстамбұл жұртшылығы куә болып, Түркияның зиялы ақсақалдары тәнті болып отырды. Олар туысқандық сезіммен: «Біздің аңсайтын әндеріміз осы екен ғой, ең жақсы әндеріміз тарихи отанымызда қалған екен ғой», – деп толқып еді. Сол күндердің бәрінде бізге дастарқан жайып, қонақжайлық танытқан түрік ағайындарымыз өз кезегінде ән салып, көңілімізді өсіріп еді.  Маған түріктің халық әндері қатты әсер қалдырды. Сол әндерде ғажап саз, үлкен арман, қайғы мен қуаныш, таусылмайтын сағыныш, тарихи отанына деген сағыныш бар еді... Сай-сүйегің сырқырап, ет жүрегің елжірейді... Есімде қалғаны – әншілер Белкыз Аққале, Гүлсім Севиндилердің орындауындағы әндер. Сөйтіп, осы сапардан кейін Түркияның көп министрлерімен жолығып, Түркияның университеттерінде қазақ студенттерін оқытамыз деп шешім қабылдап, келесі жылы екі мың студент жібердік. Міне, осылайша екі ел арасындағы қарым-қатынасымыз басталды да кетті. Сол кезде Тұрғыт Өзалмен, Түркияны ілгергі мемлекеттердің қатарына қосқан, бұл күнде кейбірінің көзі жоқ, Сабанжы, Коч деген асыл ағаларымызбен жолықтық. Олардың біздерді ізгі ниетпен жақсы қарсы алып, қолдарынан келер көмектерін аямайтынын, Қазақстанға келіп, бауырларымызға қол ұшымызды береміз деген сөздері әлі есімде. Одан кейін де Қазақ-түрік Іскерлер Кеңесін құрдық. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кеңесті Қазақстан жағынан мен басқардым. Сол кездері Түркияның іскер адамдары Қазақстанға көптеп келді.

Түркияға барған кезекті сапарымда ТРТ арнасына берген сұхбатымда бауырлас екі елдің арасындағы қарым-қатынасты күшейту керек дедім. Сол жолы мен «Zaman» газетінің басшысы Ильхан Ишбиленмен кездесіп, оның өтініші бойынша келгеннен кейін Қазақстанда екі тілде жарық көретін «Zaman-Қазақстан» газетін аштық.
Құдайға шүкір, қазір екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсарды. Түрк тілдес мемлекеттері басшыларының алғашқы, сосын былтыр өткен тоғызыншы саммитіне қатыстым. Бұнда Президентіміз бірнеше мәселелелерді алға қойды. Ынтымақтастықтың нәтижесінде түрк тілдес мемлекеттердің кеңесі, олардың сыртқы істер министрліктерінің кеңесі, сосын Түрк дүниесі ақсақалдар кеңесі құрылды. Қазақстан тарапынан Түрк дүниесі ақсақалдар кеңесіне мүше болдым. Түрк дүниесі академиясын құрамыз деген шешім қабылданды. Өздеріңіз куә болғандай, үстіміздегі жылдың 25 мамырында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Түркия Президенті Абдуллаһ Гүлмен бірге ашты.

Өзім басқарып отырған мәдени орталықта Түрк дүниесі орталығын аштым. Мұндағы негізгі мақсатым – түрк дүниесінің мәдениетін, тарихын жастар үйреніп біле берсін, туыстас ел арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етсін деген ниетімізді жүзеге асыру.

Қазір тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде білім беріп жатқан, түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүлен идеясымен ашылған түрік лицейлері мыңдаған шәкірт тәрбиелеуде. Тәрбие мен білім беруге көп көңіл бөліп жатқан түрік халқы оларға қолдау көрсетіп отыр. Дұрыс-ақ, бізде де неше түрлі мектептер бар, олардың жақсы білім беріп жатқанына күмәнім бар. Бұл күнде Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерінің саны 28-ге жетіп отыр. Оны бітірген түлектер жақсы тәлім-тәрбие мен білім алып шығып жатыр. Қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерін біліп, көп пәндер оқиды. Соңғы жылдардағы конкурстардан байқағанымыздай, қазақ-түрік лицей-лерінің оқушылары бүкіләлемдік білім сайысынан жеңістермен оралуда.

Қазір әлемде ынтымақтасу, интеграциялау заманы басталды. Мәселен, байырғы заманда бір-біріне жау болған, құлап қираған Еуропа мемлекеттері қазір достасып, Еуроодақ құрғаны күні кеше ғана. Президентіміз Н.Назарбаев Еуразия Қауымдастығын құрды. Иә, кеше ғана түрік дүниесіне ықпалы зор болған Ататүрік бар, одан кейін Түркияны алға сүйреген Тұрғыт Өзал бар, түрік халқынан шыққан ұлылар аз емес. Қазір бүкіл түрк дүниесінің көш басында Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев келе жатыр. Бүкіл түрк елінің кіндігінен туғандардың жалғасы деп ойлаймын. Екі елдің арасындағы туыстықтың, ынтымақтастықтың, достықтың белгісі ретінде Есілдің жағасында Елба-сының қатысуымен Ататүрікке ескерткіш қойылды. Қазақта «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген мақал бар. Осы туыстық қарым-қатынасымызды нығайтып, бір кісінің баласындай болып, тіршілік етуіміз, өмір сүруіміз керек. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмауымыз керек. Дұшпанды азайтып, досты көбейтуіміз керек. Күлтегін бабамыздың басына қойған таста жазу бар, ол жазуды бүкіл түрк баласы ұмытпауы керек. «Көкте тәңірі, төменде қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстінде менің бабам Бумын, Істемі қағандар отырған. Олар дүниенің төрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған. Олар осындай ұлы, білікті қағандар еді...
Ей, Түрктің бектері, халқы!

Сендер алауыз­сыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданған-дығыңнан қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрк халқы, өкін!» деп жазады.

Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді, басынан кешкендерін мәңгі өшпестей етіп, жүрегінің қанымен, көзінің жасымен бабаларымыз тасқа осылай, қашап жазып кеткен. Халқымыздың бірлігіне нұқсан келмей, жарасты ынтымақтастықта болайық! Бәрімізге Алла амандық, тірлігімізге береке берсін! Түрк дүниесі өркендей берсін!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.