Ізгілік пен бақыт

Халықтың бақытқа бөленуін көздегендер әуелі оның бойына ізгілік дарытқаны абзал. Уызға жарымаған қозыдай ізгілікке мейірі қанбаған адамның бақытты болуы мүмкін емес. Ой-өресі жоғары, парасатты жандар әрқашан да ізгілік пен бақытты тел емген егіз ұғымдар ретінде қарастырған. Өйткені, ізгілік деп – ең жоғары адамгершілік құндылықтармен жасанып, тұтас тіршілікке сүйіспеншілікпен назар салуды айтамыз. Сүйген жүрек барша жаратылыспен «бірге жусап, бірге өреді». Мұндай жан кез келген оқиғаның өрбуі мен барысын көктемнің бояуы қанық, шуақты күндерінің жанға жайлы самалы тәрізді сезінеді. Сырт көзге суық оқиғалар мен құбылыстардың мәніне құлаш ұрып, терең бойлағандықтан, кез келген құбылыстың астарынан ақиқатқа апарар ишарат көріп, көңілі жай тауып, шаттанады. Таң атып, күн батса, жарық жоғалып, айналасын қараңғылық тұмшаласа да, бәрібір тағдырдың қымтаулы құпиясына көңілі құмартып тұрады. Сырдың суы сирағынан келмейтін оның патша көңілі ешқашан құла түзде қалғандай құлазымайды. Көңілі құлазымақ түгілі, бірін-бірі толқындай шайып, ғайыптың пердесін түрген оқиғалар мен құбылыстардың тағылымды тамшыларынан бақыттың бал татыған ләззатын сезінумен, ет жүрегі елжіреп, езілумен болады.

Ізгі адам болуды дүниеден баз кешіп, адам табиғатының ерекшеліктеріне көз жұма қарау, әсіре тақуалыққа салыну деп түсінбеу керек. Мұндай «ізгілікке» бой алдырған адам ақыр аяғында қоршаған ортасынан мүлдем қол үзіп, ұшар басын үсік шалған үмітсіздік пен құс қонбайтын пессимизмнің құса қаптыратын құрығына ілігеді. Генрик Ибсен[1]  мұны: «келмеске кеткен бақыт» деп атаған. Адамгершілік құндылықтарды біржақты, пессимистік тұрғыдан пайымдайтын сыңарезу әсіре түсінік адам табиғатын тек эгоистік бастамалармен ғана шектеп, мәрттік, жанкештілік секілді асыл қасиеттерін аспаннан іздеп, елеусіз қалдырады. Осының нәтижесінде адамгершілік құндылықтар мүлдем қате пайымдалып, «ізгілік жаршысы болу», «өзгелер үшін жанын пида ету» секілді адам табиғатының тереңінде тұнып жатқан асыл қасиеттер тұмшаланып, көзден таса, көңілден жырақ қалады.

Ізгілікті материалдық-рухани тұрғыдан бақытқа кенелу деп түсіну қате. Ізгі адамның ауру, жоқ-жітік, жәбір-жападан көз ашпаған, опасыздықтан ойыны осылған, қуғын-сүргін көрген, бар өмірі тұтқында өткен, тақым жаздырмаған тақсыретті тағдыры болуы әбден мүмкін. Иса Мәсіх тасбауыр қатігездіктің құрбаны болды. Ал, Сократ пен Эпиктет опасыздық пен қиянаттан көз ашпаған. Алайда, осыған қарамастан олардың барлығы өздерін бақыттымыз деп санаған. Ендеше, бақыт дегеніміз – жүректе иман арқылы салтанат құрып, жаннаттан ескен жайлы самалдай адам көңіліне шуақ шашатын аяулы сезім. Мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, «иман – адам көңіліне егілген жаннаттың, ал имансыздық – жаһаннамның рухани дәні» деуге әбден болады.

Ғаламның қиял жетпес шексіз-шетсіздігін тама-шалаған жан мұның жанында өз болмысының түкке тұрғысыздығын, қолының қысқалығын, бетегеден биік, жусаннан аласа кішілігін түйсініп, мойындауы, міне, бұл нағыз ізгілік. Әйтпесе, көп жағдайда басқа түскен барша нәубеттен тауы шағылып, тауаны қайтады. Әрбір оқиға адамдық абыройы мен қадір-қасиетін сең соққандай сенделетіп, тәннің тойымсыздығы мен тоғышарлығының кесірінен әр отқа бір шарпылып, жанын жегідей жеп жатқан шын жемірді тап басып тани алмай, бақытсыздық құрсауынан құтыла алмасы анық.

Ізгі адам – өз таңдауының оң-терісін ар безбеніне тартып, таразылай алатын парасат иесі. Мұндай жан басқа нәубет төнсе, сары уайымды сапырып, салы суға кетпейді, керісінше, ықтияры жетсе ағысқа қарсы жүзіп, оқиғалардың жалына жармасып, тізгіндеп бағады. Ал бірақ ықтиярынан тыс, тағдырдың тауқыметі төнсе, басқа салғанға көніп, «сабыр кемесіне» мінеді. Мұндай жан басына бақ қонғанда ырықтан шығып, құрық әкететін әулекілікке де салынбайды. Адам баласының көпшілігі асатпай жатып, арбап тынатын өзімшілдік, атақ-абырой, дүние-мүлік, шен-шекпен секілді бұл дүниенің әр бұрыштан тілін жылтыңдатқан ырду-дырдуына да бой алдырмайды.

Иә, ізгі адам тағдырға налып, басқа түскен тауқымет пен бақытсыздық атаулыны зар қылып, кең дүниесін тарылтпайды. Өйткені, ол мұның бәріне әу бастан іштей тастүйін дайын, болар іске бекем бейілмен тағдырға дән риза. Оның сана-сезімі заманақыр жер тақыр боп, күллі әлем күңіреніп кетсе де, қуаныш, сүйіспеншілік, махаббат, мейірімділік, бауырластық, достық секілді адамдық қасиеттердің аялы құшағында тербетіледі.

Ізгі адам – әрдайым әділдіктің ақ туын желбіретіп, опасыздықты ойына да жолатпайды. Кекшілдік, ызақорлық, дұшпандық, қызғаншақтық секілді рухани өмірді құрттай кемірген нашар әдеттерден бойын да, ойын да аулақ ұстағаны үшін көбіне айналасында құрмет пен сүйіспеншілікке бөленіп, көкірегі нұрға, көңілі жырға толып, шексіз қуаныш пен бақыт тынысын сезінеді. Отбасынан бастап, отанына, ұлтына тіптен тұтас тіршілікке деген жүрегіндегі тасқа тіл бітіретін терең сүйіспеншілік пен мейірім шуағымен бейне бір шексіз-шетсіз махаббат дариясына желкен ашқан қайықтай қалықтап, жан сарайы ғажайып сезімдердің құшағында талықсып, жаннатқа кірмей тұрып-ақ мәуілжіген ләззатының дәмін татады. Мұндай ғажайып ләззатқа бастайтын жол: өзгенің бақыты үшін өзін ұмыту, өзгенің бақытын өз бақытынан артық көру, өзгелердің қайғы-қасіретін арқалап, оларды бақытқа жетелеу, осы үшін жанын шүберекке түйген ізгілік жаршысы болу, ізгі адам болу!

Ізгі адам талмаусыраған өткенді, құлақ түбінен тыныс алған қазіргіні және елең-алаң болашақты өзі ерттеп мінген танымының айналып келгенде бір алақанда жазылып-бүгілетін бір тұғырынан қарайды. Өткен дәуір мен болашақ заманның ізгі тұлғаларымен рухани сабақтастық құрып, көңілінде олардың алғысы мен ризашылығын сезінеді. Осылайша, ата-бабалары және келешек ұрпақпен біртұтас кеңістікте бас қосып, ізгіліктің шыңында салтанат құрады. Мұндай жан осы дүниенің өзінде мәңгілік бақыт тынысын анық сезінеді, өйткені қоршаған ортасы қонышынан келмей ғаламның тылсым шұғыласына шарпылып, таным аясы кеңейеді. Нәтижеде, өмірдің алдамшы құбылыстарына арбалып тынбай, кемелдіктің заңғар биіктеріне қарай қанаттанады.

Ізгілік пен шынайы бақыт арасындағы осынау жарқабақтай тік, шыңыраудай терең байланысты біздерге адамзаттың ең абыройлы алып тұлғалары үйретті. Ендеше, жүректің оты мен ойдың уытын терең қабыстырған, жүрек пен ақылды қатар қанағаттандыратын шынайы бақыт осы болса керек. Өйткені, мұның негіздері қарапайымдылық, түсіністік, кемшілік атаулыға көз жұму, қастық пен жаулыққа бармау секілді ізгілік қағидаларымен қалыптасқан.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шынайы бақыт – жүрек пен рухтың жай табуы. Мұндай бақытқа басқа ешбір бақыттың, әсіресе, материалдық, нәпсілік құштарлықтарға қол жеткізуден келетін бақыр басты бақыттың тең келуі мүмкін емес. Өйткені, жүрек пен рухтағы бақыттың күре тамыры қу тірліктің қасаң тоң қабатынан әрі тереңге бойлап, таза адамдық болмыспен біте қайнасқан.

Рухын иманмен нәрлендіріп, жүрегін ізгілікке бөлегендер қандай бақытты!


[1] Генрик Ибсен (1828-1906) – Норвегиялық жазушы, ойшыл, әдебиетте сыни реализмнің көрнекті өкілі.


Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.