Ана

Ана – адам баласының ең ардақ тұтар дара тұлғасы. Адамның миы – біртұтас ағзаның орталығы болса, қасиетті қағба – тұтас ғаламның қазығы. Ал ардақты шаһар – Мекке барлық мекен атаулының пірі. Міне, дәл осылар тәрізді ана да жанұяның жүрегі. Ана – Жаратушы Құдіреттің шеберлігін паш ететін ең басты айна. Отбасында не нәрсе болса да ананың маңайында өрбіп, ананың шуағымен гүлдей жайнайды. Өйткені ана бейне бір темірқазық жұлдызындай қашанда тіршіліктің мәйегі болып қала бермек. Аналардың басқан ізі ғарыштың тереңіне бойлаған бір өзгеше киелі жол десе де болғандай.

Ананың осы өмірде көретін қызық-шыжығы мойнына жүктелген ауыр міндеті мен маңдайына жазылған тауқыметінің жанында түкке тұрмайды. Сондықтан аналар – пәни жалғанда ақыретті еске салып, арғы дүниені паш етіп тұратын аяулы жандар. Осынау айдай ақиқатты айғақтап жатудың еш қажеті де жоқ, себебі ананың тар жол, тайғақ кешулі өмір жолына қарасақ, көрген бейнеті мен зейнетінің арасында таудай айырмашылық бар екенін аңғарамыз.
 
Ананың мейірім шашқан жүзінен жаннаттағы қор қыздарының тылсым шұғыласын, жанарынан періштедей пәктікті тамашалауға болады. Аналар – ауасы мен суы, тасы мен құмы арғы дүниеден жеткізілген, киелі топыраққа біткен ғажап гүлдер тәрізді тартымды. Бойына даналық дарыған. Мұқият зер салған жан ана болмысындағы жанын шүберекке түйген жанкештілікті, кемелдікті айқын аңғарып, осынау тылсым құпиясына құмарта түседі.

Көңіл көкжиегі кең, ізденімпаз жандар аналардың мейірімді әлемінен қашан да фирдаус жаннатының ұшқынындай ғажап сезімдердің тебіренген толқынын сезе алады. Аналардың жан сарайын ұғынған са-йын олардың күндізі мен түнін шуаққа бөлеген, жаныңды елжіретер мейіріміне қайран қаласың. Осыны ойласаң болды, көңіл шіркін періштелердің нұрына көмкерілгендей күй кешеді. Иә, аналардың түн қараңғылығын жарыққа бөлейтін нұрлы жүздерінен тіршіліктің өзегінен тамшылаған руханияттың мөлдір бастауын тамашалап, уақыт пен мекен ұғымының үстінен терең бір мағынаның жүрекке құйыла түскенін ұғынасың. Мәңгілік бақыттың алтын арқауы болатын шексіз рақымға бөлену ананың ризашылығынан бастау алатынын түйсінген сайын бойды кернеген сиқырлы сезімнің жетегінде ананың мейірім құшағына қойып кетуді кім армандамайды?! Көңіл құлазып, жігеріміз жаншылған талай сәтте ананың бойындағы сарқылмас қуаттан нәр алып, қанаттанған кездеріміз қаншама?! Мұндайда бойға қуат, ойға шуақ толып, ананың пейіштің лебіндей ыстық құшағында бір ғажап сезімге бөленіп жатамыз. 

Табиғатына тән айрықша қасиетпен баласы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін мейірбан анада қандай да бір есеп-мүдде болмақ емес. Сонысымен де ананың ақ пейілі жаратылыстағы ең адал әрі пәк сезімге баланады. Мұндайда адам ананың ақ-адал пейілінен ерекше жылылық пен жанашырлық сезініп, керемет күш алады. Мұншалықты шынайы сезімдерден нәр алған жанның бойында өмірдегі бар қиындықты еңсеріп тастайтындай сенімділік орнығады. Тіптен барша тіршілікке дабылдатып ұран салатындай бойын асқақтаған рух кернейтіні және бар.

Аналық сезім – көк жүзіндей тұңғиық, терең дүние. Оның ішкі әлеміне үңілген жан, лапылдап атқылаған жанартау яки лавалар тәрізді буырқанып шығып жатқан жұмбақ сезімдерді тамашалап, ынтыға түседі. Иә, аналар маңдайына жазылған тағдырға дән риза, өмірдің ащысы мен тұщысын татуға әбден бейіл. Бауыр еті балалары үшін ойланбай-толғанбай бар асылын құрбан етуге әзір. Өйткені, табиғатына мейірім мен адалдық секілді иләһи қасиет дарыған. Басқа түскен барша қиындыққа төзе білетіндей қажыр-қайратты. Бір қызығы – баларынан қайыр көрмесе де, жүрісінен жаңылмаған жорғадай аналық мейірімін төгуден бір жалықпайды.

Балалық шақта жүрекке үрей салатын бір аңыз естігенім бар. Анасын бауыздаған қанішер жігіт қолындағы қанжарымен байқамай өз денесін жаралап алған сәтте «ана» деп еріксіз айғай салған екен-мыс. Сонда жерде жатқан ана жүрегінен «балам» деген лебіз естіліпті. Міне, осы аңызды еске алған сайын ана жүрегіндегі мейірімнің тереңдігін сезіне түскендей боламын. Ал енді ана жүрегі иманға, мәңгілік ақырет өміріне деген сенімге толы болса, рухани тұрғыдан кемелденген мұндай аналардың жөні тіптен бөлек болмақ. Мұндай аналар өз табиғатына тән аналық асыл қасиеттерін рухани дүниелермен ұштастыра білгендіктен, жүректеріндегі балаға деген мейірімнің тұңғиық тереңіне бойлау мүмкін емес. Өкінішке қарай, иманның кереметін, иман келтірудегі айрықша ләз-затты сезбейтіндер мұның парқына барып, түсіне алмайды.

Иә, ананың бойындағы шынайылықты, ыстық ықыласты, жүрегінің сүйіспеншілікпен лүпіл қағуын, жанарындағы жанашырлықты, пәни өмірдің қайнаған ортасында жүргеніне қарамастан, жүрегінің ақыретке деген сенімге тұнып тұратынын тілмен айтып жеткізу тіптен қиын.
 
Ананың мойнындағы ауыртпалықты ойша елестетіп көрейікші? Бала дүниеге келгенге дейінгі көретін бейнеті, талай қысылтаяңды бастан өткеруі, тосын жайлардан тартатын тауқыметі қаншама? Талай рет көңілін үміт кернеп, қаншама рет салы суға кетіп, мұңға батты екен? Қайғы-қасіреттен қабырғасы қанша рет қайысты, мұны сезіндік пе? Толғақ қысып, шыбын жаны аузына келген сәттерін ойладық па? Қайран ана, қаншама рет түн ұйқыңды төрт бөліп балаңды жұбаттың екен? Қаншама рет бауыр еті баласына мейірімін төгіп, өзінің де мейірімге зәру қалған кездері болды екен? Талай рет балаңды жұбатып отырып, өзің де қосыла жылаған боларсың... Бойыңдағы бар асылыңды балаңа бердің. Балаң үшін мұншама қажыр-қайрат жұмсап, мұның қарымын күтпеу неткен ғажап десеңші!

Иә, адам болып аяққа тұрғанша өмірдің барлық кезеңінде анамыз қашан да жанымыздан табылды. Маңдайымызға шаң жуытпай айналып-толғанып, мәпелеп өсірді. Қамықсақ, бірге қайғырды. Кимегенін баласына кигізіп, жемегенін баласының аузына тосты. «Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады» демекші, жүрегі баласы үшін лүпіл қағып, баласының бақыты жолында ештеңеден аянбады. Баласының дені сау, мықты болуы үшін жан сала тер төкті. Ой-өрісіміздің кеңейіп, көңілде иман дәнінің бүршік атуына дәнекер болған алғашқы ұстазымыз да аналар. Баласы үшін от пен суға түсіп, мұншама бейнет көргеніне қарамастан, мұның қарымын аламын деген ішкі есебі, жымысқы пиғылы да болмайтын. Әрине, мұншалықты шынайылық тек аналарда ғана байқалады.

 Адам өмірінің ең ғажап кезеңдері ананың мейірім-шапағатының аясында өтеді. Бұл кезеңнің қызық-шыжығы өз алдына бір төбе десе болғандай. Өйткені, өміріміздің жадыраған жайма-шуақ күндері әдетте осы кезеңге тән. Адам бұл кезеңде алынбайтын қорғанды паналағандай өзін барынша алаңсыз сезініп, көкірегін қашанда шаттық кернейді. Сондықтан болар, басымызға қиын іс түссе, яки қысылтаяңға тап болсақ, қашанда анадан пана тауып жататынымыз және бар. Талай жан басына түскен қиындықты еңсеруде анасынан рухани қуат алатыны тегін болмаса керек. Ал аналар қашанда балаларына сүйеніш болудан бір жалықпайды. Баласы қиналғанда қандай ана оны жалғыз қалдырмақ? Мұндайда барлық ана баласына жігер беретіні анық. Осындай сәттерде ананың мейірбан жүзі, күлімдеген қарасы, әр қимылы бейне бір жүрекке мейірім шуағын төгіп жатқандай айрықша сезімге бөленесің. Ананың жанында өткен күндер қашанда көкейде арман, жүректе сағыныш боп жатталып қалады. Сондықтан мұндайда адам еріксіз «нағыз бақытты кездерім сол сәттер екен ғой» деп, көзіне жас тұнып, қимастықпен еске алады.

Ана – тіршіліктегі ұрпақ жалғастығының басты арқауы, адам нәсілінің құтты әрі берекелі бәйтерегі. Сондықтан да, олардың алдында бас иіп, тағзым ету – азаматтық борышымыз. Оларға құрмет-қошеметпен бас иген сайын азаматтық абыройымыз да асқақтай түсетінін ұмытпаған жөн. 

Ана болмысының асыл бұлағы періштелермен көмкерілген жаннат кәусарынан бастау алғандай тұп-тұнық және мөлдір. Сондықтан да болар, ана табиғатының нұрлы шуағы тылсым тартымдылықпен өзіне баурап алады. Оның шынайы сәулесін айтпағанда, жай шағылының өзі жүректе от боп жанып, көңілді қорғасындай балқытады. Расында, адам жүрегі қарайған, дүние қараң қалған кей сәттерде ана болмысының шуағы көңілде шам-шырақ боп жағылып, жарыққа бөлейтінін сезіндім. 

Ана рухы – ерлік пен нәзіктік секілді қарама-қайшы екі қасиеттің қатар өрілген қазыналы қойнауы іспетті. Оның бойында жібектей есілген мейірім, нәзіктікпен қоса балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қорғаныш боларлық арыстандай айбат та бар.
 
Жаратылыста ешбір нәрсе ананың абзал болмысына жете алмайды. Өйткені, жаннатқа апаратын жол аналардың табанына төселген. Аллаһ тағаланың анаға абырой мен салтанатты артығымен бергені соншалықты – жер бетінің барша салтанаты ананың Аллаһ берген абыройының жанында елеусіз қалады. Ендеше, шын салтанат аналардың аяғының астында жатқанын ұмытпаған жөн.
 
Аяулы ана! Сенің періштедей пәк, көк аспандай тұңғиық ұлы болмысыңа бүкіл ғалам бас иіп, сені жырға қосуда. Сенің лебізіңнің назды әуені періштелер әлемінен естілуі қандай ғажап! Өмір дастаның жаннат әлемінде ән болып шырқалуда. Болмысыңа терең бойлаған кез келген жан ең аяулы сезімдер мен діндегі ең асыл жауһарларды сенің бойыңнан табады. Барша жан саған борыштар. Мейірімің, адалдығың, шынайылығың арқылы тіршіліктің темірқазығындай абзал болмысыңмен барша ғаламның сұлтаны болу саған ғана жараспақ! Жаратылыстың рухы да, жауһары да өзіңсің, аяулы ана![1]




[1] Анасының дүниеден өтіп, ақырет әлеміне қадам басуына орай жазған автордың толғанысы.(Ауд).


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.